Автобусты алты жыл күтсе де, әзірге келер түрі жоқ
Автобусты алты жыл күтсе де, әзірге келер түрі жоқ
296
оқылды

Көкшетауда Сарыарқа деген шағынаудан бар. Қаланың шет жағынан орын тепкен. Соңғы кездері жауыннан кейінгі саңырау­құлақтай тұрғын үйлердің қарасы көбейген. Баспананың бәрі «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұр­ғын үй кезегінде ондаған жыл  бойы тұрған арнайы санаттағы адамдарға беріледі. Бірақ тұрғын үйлер салынса да, сапасыздығы жаңадан қоныстанған баспана иелерінің өмірін әуре-сарсаңға салған жайы бар.

Жақында ғана пайдалануға берілгені­мен қабырғалары қақырап, іргелері сөгіліп жатқандары да жоқ емес. Тіпті, жертөлелері суға толып, тартылуға тиіс газы тартыл­май, лифтісі үй салынып біткен соң-ақ іс­те­мей жатқандарын жиі айтамыз. Бас­пана жайы осындай болғандықтан тұр­ғындар жер­гілік­ті билік өкілдеріне талай мәрте наз айтқан. Бірақ өкінішке қарай аталған мәселелер әлі күнге шешімін таппай келеді. Тұрғын­дарды алаңдататын жағдай мұнымен де бітпепті. Өйткені шағынаудан­да салын­ған  жаңа тұрғын үйлердің мәселе­лерінен бөлек, сапасы сын көтермейтін  инфра­құрылымның «жыры» тағы бар. Жүретін жолдары қысы-жазы ми батпақ пен көлкіген көлшіктерден бір арылмайды. Сондықтан тұрғындардың жұмысына яки оқуына жетуі қиямет-қайымға ай­нал­ған. Өйткені автобус аялдамасына жету үшін ғана тұрғындар кемінде 20-25 минут жүруі керек. Оның өзінде жаңағы көлшіктердің ара-арасымен секіріп, қалың омбы қардан малтығып жүруге тура келеді.

Алты жылдан бері автобус сұрап жүрміз

Тұрғындар Сарыарқа шағынауданын­да баспаналарын алғаннан бері майы шыққан жолдың машақатын тартып ке­леді. Әсіресе, көлігі жоқ адамдар үшін ав­то­бус аялдамасына жетудің өзі бір ма­шақат. Бұл туралы жергілікті жұрт әлеу­меттік желілерде жазып,  қала мен облыс әкімдігіне талай мәрте шағым­данған. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып, өзгерген ештеңе болмады. «Біз алты жылдан бері автобус сұрап келеміз. Автобус қатынасы мүлде жолға қойыл­маған. Біз үйден автобус аялдама­сына жеткенше 20-25 минут өте шығады. Ал өзің баламен немесе қолыңда жүгің болса онда аялдамаға жеткенше жарты сағаттан астам уақытың өтеді. Ол аздай жүретін жолымыз қашанда батпақ болып жатады. Тіпті, тротуар болмаған­дықтан ағып өтіп жатқан көліктерден су шашырап, киім бүліне ме деп немесе қа­ғып кете ме деп те қорқасың. Аяққа пакет байлап шықпасаң мүлде жүре алмайсың. Әсіресе, шағынаудандағы 9/1, 9/3, 9/4 тұрғын үйлерде тұратын халық үшін аялдама өте алыс. Ал алты ай қыста, омбы қарды кешіп жүріп  автобус аял­дама­сына баламен бару немесе базардан азық-түлік алып қайту қиямет-қайым», – дейді Көкшетау қаласы «Сарыарқа» шағынауданының тұрғыны Ризабек Кен­жибаев. Қала тұрғындары автобус аялдамасын сұрап, қала әкімдігіне талай барған. Бірақ инфрақұрылымдарды жолға қойып, жол салу үшін әлі талай уақыт кететін сияқты.

Күтіңдер, күтіңдер, күтіңдер...

«Менің зейнет жасына жетіп қалған әпкем осы Сарыарқа ауданында тұрады. Қыста мүлдем үйінен шықпайды. Өйткені автобус аялдамасы үйден бір шақырымнан астам қашықта орналасқан. Жету қиын. Ал көктемде қариялар батпақ кешіп қалай жүре алады? Билік өкілдеріне айтсақ,  «күтіңіздер, сәл шыдаңыздар» деумен келеді. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай жөндеу жүрмеді. Тіпті болмаса, автобус аялдама­сын жақындатып орналастырып берсе болатын еді ғой. «Ауызсуымыз нашар» деп едік, «күтіңдер» дейді. «Жолымыз жоқ» десек, тағы «күтіңдер», дейді, «газымыз жоқ, ыстық суымыз жоқ, автобусымыз жоқ» десек, тағы «шыда­ңыздар» дейді. Шы­дай-шыдай шыдамның да шегі тау­сылады ғой», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Сәния Омарова.

Күтіңіздер, ұзындығы үш шақырымдық жол салынады...

Аталған мәселе бойынша Көкшетау қаласы әкімдігінен түсініктеме беруін сұрадық. Әкімдік болса шықпа жаным шықпашылаған тұрғындардың әлі де күту қажет екенін алға тартты. «Қазір Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Сарыарқа шағынауданында ұзындығы үш шақырымға созылатын жол құрылысының жобасын жасап жа­тыр. Аталған жоба жасалғаннан кейін ол мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жүзеге асырылмақ. Бұл жол Ғабдуллин көшесі, Назарбаев даңғылы және Петропавловск трассасы арасындағы көше­лер­ді байла­ныс­тыратын болады. Осыдан кейін авто­бус қатынасындағы маршруттық желі де өзгертіледі. Тұрғын­дарды шыдамдылық танытып, күтуге шақырамыз», – деді Көк­шетау қаласы­ның әкімдігінен. P.S.

Сонымен, әзірге Сарыарқа шағын­ауданында жол және автобус аялдама­сының мәселесі жуық арада шешіле қоймайтыны белгілі болды. Дегенмен шаһар әкімдігі автобусты алты жыл күткен тұрғындарға жол  салынатынына уәде бер­ді. Оның қашан орындалатынын алдағы уақыт көрсете жатар.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы