Қызылордада жоғалғандардың саны көп
Қызылордада жоғалғандардың саны көп
295
оқылды

Бұрын қой-қозымыз өрістен қайтпай қалса ауыл-ауылды аралап, жоғалған малды іздейтін едік. Бұл күнделікті ауыл тіршілігінде кездесетін жағдай. Ал бүгінде малға емес, адамға іздеу салған хабарландырулар көбейді. Мұн­дай жайсыз хабарға құлақ үйрен­гені сондай, тіпті селт етпейтін жағ­дайға жеттік.

Статистиканы сөйлетсек, ел аман, жұрт тыныш уақытта елімізде жыл сайын із-түзсіз жоғалатындар саны 1 000-нан 1 500-ге дейін жетеді. Мәселен, 2020 жыл­дағы 12 айдың көрсеткіші бойынша еліміз­де  із-түзсіз жоғалып, тіркеуде тұрғандар саны – 3 202 адам. Оның ішінде 975 әйел бар. Кәмелеттік жасқа толмағандар саны – 286. Ал құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қызылор­да облысы бойынша басқармасының дерегі бойынша 2016 жылы – 95, 2017 жылы – 66, 2018 жылы – 61, 2019 жылы – 70, 2020 жылы 64 адам хабар-ошарсыз кеткен. – Статистикаға сәйкес жоғалған адам­дар­дың арасында кәмелет жасқа толма­ған­дар да бар. Бас прокурордың 2017 жыл­ғы 4 тамыздағы №78 бұйрығының талап­тарына сәйкес хабар-ошарсыз жо­ғал­ған адамның орналасқан жерін анықтау, сот арқылы оны өлді деп тану, мәйіттің табылуы немесе тұлғаның өлімі туралы фак­тісін анықтау, жоғалған күннен бастап он жыл ескіру мерзімінің өтуі (қылмыстық іздес­тіру ісінен басқасы), осы тұлғаға қатысты істі басқа іздестіру ісімен біріктіру көзделген. Хабар-ошарсыз кеткен тұлға­ның жоғалған күннен бастап он жыл өт­кен­нен кейін басталған іздестірудің ескіру мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап үш жылды құрайды, – дейді Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу жөнін­дегі комитеттің Қызылорда облысы бо­йын­ша басқармасының бастығы Т.Нұрұн­бетов. Жоғалған адамдардың уақыт өте келе өліп қалғаны, мәйітінің табылуы жиі кездеседі. Мысалы, былтыр жұмысқа шығып, үйіне қайта оралмаған Медетбай Орынбаевтың денесі араға 15 күн салып, қала ішінен табылды. – Бауырымның өліміне кінәлілер қа­мау­ға алынды. Тергеу алдымен Қызылорда қалалық Полиция департаментінде қаралды, одан кейін облыстық Полиция бас­қар­масында өтті. Өйткені бұл қылмыс Қы­зыл­орда облысын шулатты. Облысы­мыз­да адамдардың жоғалып кетуі күннен-күнге артып келе жатқаны өтірік емес. Табылмай жатқандары қаншама? Менің бауырым Медетбай Орынбаевтың мәйіті қылмыс жасалғаннан кейін 15 күн өткен соң табылды. Өкініштісі, денесі ыстық күннің астында біршама уақыт жатып қалған. Тек сүйегін қара жерге тапсырдық. Бауырымды 2020 жылы 2 мамыр күні тал­түсте өлтірген. Мәйіті қаланың қақ орта­сында жатып, жарты ай өткен соң табылды. Оны өлтірген қылмыскер інімнің телефо­нын алып пайдаланып жүрген. Қаланың ішінде  күндіз болған қылмысты ешкім көрмеген. Сонда ол жердің учаскелік поли­циялары қайда қарап жүрді? Тергеу­ші­лер қалай мұндай қылмысты аша алма­ды?  Осындай сұрақтар мені жиі мазалайды. Қаланың сыртында болса айыптамас едім. Бауырым қайтып келмейді. Осы қайғыдан есеңгіреп отырғанымызда артынша Мұрат Орынбаев 2020 жылдың шілдесінде із-түссіз жоғалып кетті. Содан бері іздес­тірудеміз. Мұрат бауырымды көрген, біл­ген жандар болса, Алланың разылығы үшін хабар беріңіздерші. Ет жақын бауырымызды коронавирустың өршіген кезінде жоғалтып отырмыз. Полицияға бірнеше мәрте арыздандым, іздеу жария­ланды, бірақ, әлі күнге хабар жоқ, – дейді екі бауырынан айырылып қалған  қызыл­ордалық Айкүміс Орынбаева. Ағайынды Медетбай мен Мұратты танып-білетіндер олардың оғаш қылығы болмағанын айтады. Марқұм Медетбайдың ұсталық өнері де болған. Ағаш ойып, темірден түйін түйген ол әркез адал еңбек­пен нәпақа тауып жүріп, қаскөйлердің қолынан қаза болды. Ал марқұмның қаза­сынан кейін інісі де хат-хабарсыз кеткен. Әзірге Мұратты көрдім-білдім деген нақты ақпарат жоқ. Жоғалған жандар туралы іздестіруге берілген ақпарат әрқилы. Бірі жұмысынан үйіне қайта оралмаса, ал енді бірі іс сапардан ізім-қайым жоқ болған. Тіпті, жай серуендеуге шыққан жандар да үйіне кері қайтпаған. Былтыр 15 ақпан күні әдеттегідей таңертең жүгіріп, дене шынық­тыруға шыққан Тынымбай есімді кәсіпкер де әлі күнге табылған жоқ. Сол сәттен бастап ішкі істер қызметкерлері жедел іздестіруге кіріскен. Тіпті, ерікті жастар да қаланың әр түкпірін тінтіп шықты. Бірақ жетпісті алқымдаған азамат табылған жоқ. Оқиға қала ішінде болса да, жүгіруге шыққан адам бірде-бір бейнебақылау камерасына түспеген. Сонда Қызылордада жоғалған адамдарды жер жұтып жатыр ма? Осылай деп ашынған жақындары іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын жеткізді. – Полиция қызметкерлері азаматтар­дың жоғалғаны туралы түскен әрбір арыз бен хабарлама бойынша дереу анықтау шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, іздестіру кезінде жоғалған адамның жоғалу мән-жайлары, өмір сүру салты, туыстық және өзге де байланыстары, оның түр-әл­пе­тінің белгілері, жоғалған адамның соңғы болған орны туралы мәлімет жинайды. Сонымен қатар жоғалған адамдарды іздеу кезінде аурухана, мәйітхана мен басқа да арнайы мекемелер тексеріледі, – дейді полицейлер. Хабар-ошарсыз кеткендердi жылдар бойы үздіксіз іздей беруге мүмкіндік те бола бермейтіні рас. Жоғалған азамат­тардың арасында 5-6 жылдан бері ізі та­былмай келе жатқандары да кездеседі. Азаматтық кодекстің 28-бабына сәйкес хабар-ошарсыз кетті деп тану үшін заң бойынша бір жыл уақыт керек екен. Егер осы уақыт ішінде адам табылмаса, хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі. Ал үш жылдан кейін, жақындарының өтінішімен сот шешімі шығарылады. Егер сот қайтыс болды деп таныған адам табылып жатса, сот шешiмi қайта бұзылады. Хабар-ошарсыз кеткен адамдардың ішінде әйелдерден гөрі ерлер көп болатын көрінеді. Құқық қорғаушылар мұны ер адамдардың қызметтік іссапарға, уақытша, маусымдық жұмыстарға, автокөлік не жүк тасымалына байланысты алыс жолға жиі аттануымен байланыстырады. Ал балалар­дың жоғалу дерегі бойынша Қызылорда облысында (18 жасқа дейінгі балалар) 2016 жылы 22, 2017 жылы 12, 2018 жылы 10, 2019 жылы 12, 2020 жылы 4 кәмелет жасқа толмағандар хабар-ошарсыз кетті деп танылған. Ал жоғалғандар арасында аман-есен табылғандары санаулы ғана.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы