Ультрамарафоншы, Қарулы Күштердің әскери қызметшісі Заңғар Әлкенов Қазақстанның рекордтар кітабына кірді.
З.Әлкенов 2020 жылдың қыркүйек айында 1,5 тәулік бойы тоқтамастан жүгіріп, 200 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Жаңаарқа» бағытын 35 сағат 12 минутта бағындырды. «Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің анықтау және іздестіру бөлімшесінің офицері, капитан Заңғар Әлкенов Қарулы Күштердің әскери қызметшілері арасында алғашқы болып Қазақстанның рекордтар кітабына кіріп отыр» деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі. Мұнымен тоқтамай, Әлкенов тағы бір ультрамарафонға дайындалып жатыр. Алда 320 шақырымды еңсермек. Әскери қызметші қатысатын марафонды GPS-навигатор арқылы онлайн бақылауға болады. Егер 7 мамырда өтетін ультрамарафон сәтті аяқталса, ол келесі жылы Қарағанды – Алматы бағытында 1 000 шақырым жүгіреді.Айбике ЖАНАСЫЛ