Қазақстанда аралас тілді білім ордаларының саны артуда, олардағы оқушының көбі мемлекеттік тілді білмейді.
Бұл мәселе «Nur Otan» жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бірінші отырысында талқыланды.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын тиімді жүзеге асыру аясында «Nur Otan» жанынан консультативтік-кеңесші орган ретінде Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес құрылды.
Алғашқы жиында Сенат депутаты, республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі Динар Нөкетаева бүгінде қоғамда 800 жаңа мектептің салынатыны қызу талқыланып жатқанына назар аудартты.
«2020 жылғы мамырда Сенаттың бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда аралас мектептерден туындаған мәселелер көтерілді. Сондай-ақ алда жаңадан бой көтеретін 800 мектептің жайы қызықтырады. Мысалы, 1991 жылмен салыстырғанда, кейінгі жылдары елімізде аралас мектептердің саны 3 пайызға өскен. Егер 1991 жылы аралас мектептердің үлесі 50 пайызды құраса, яғни тепе-тең болса, соңғы 5 жылда оның үлесі артып барады. Статистикаға жүгінсек, 2016 жылы оларда 1 миллион 203 оқушы бала оқыса, қазіргі кезде 1 миллион 399 мың 727 бала аралас мектептерде білім алуда. Демек, өсу қарқын алуда», – деді ол.
Сенатор аралас мектептердегі ұстаздардың да, оқушылардың да қазақ тілін білмеуі елді толғандыратынын жеткізді.
«Осындай түйткілдердің туындауының негізгі себебі – аралас оқытатын мектептердің көбеюі. Тағы бір ойландыратын мәселе – аралас білім ордаларының халықаралық тәжірибеде жоқтығы. Оның үстіне еліміздегі қолданыстағы заңнамада қазақ, орыс немесе аралас тілді мектеп деп жіктелмеген. Бізге Үкімет басшысы Асқар Мамин жауап жолдады: «Аралас мектептердің санын қысқарту жөніндегі жұмыс жаңа мектептерді салу және қазақ тілінде оқитын балаларды қамтуды кеңейту жолымен жалғастырылады» деді Премьер-министр. Осы орайда, биылдан бастап тұрғызылатын 800 жаңа мектептің мазмұны қалай болады? Аралас мектептерге қатысты БҒМ көзқарасы қандай? Оқушыларды қазақ тілінде оқытумен қамтуды кеңейту қандай жолмен жүзеге асады?» – деп сұрады Д.Нөкетаева.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова бұл мәселені «өте маңызды» деп атады.
«Негізі, біздің алдымызда үш ауысымды және апатты мектептерді азайту жөнінде белгіленген нақты критерий бар. Ал жаңа мектептердің мазмұны мен оқыту тілін әр өңірде жергілікті атқарушы органдар өздері анықтайды. Сенаттан түскен депутаттық сауалда айтылған ұсыным-рекомендацияны министрлікте қосымша зерделейміз. Соның негізінде және қоғамда көтеріліп жатқан мәселелерге байланысты, әрине, біз жергілікті әкімдіктерге кеңес береміз», – деп уәде етті министрдің орынбасары.
Ол жақында БҒМ саланың үш жылғы бюджетін нақтылау үшін Парламентке келетінін хабарлады.
«Сонда бұл мәселені бірге отырып, қосымша әрі егжей-тегжейлі талқыға салатын боламыз. Талдау және мониторинг жүргіземіз. Бұл мақсаттарды өңірлерге дейін жеткіземіз. Сонда жаңа мектептерді іске қосу барысында олар ескерілетін болады», – деді Бибігүл Асылова.
Жалпы, 2020 жылы елімізде күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің саны 6 мың 973, ал олардағы оқушылар саны 3 миллион 250 мың 9 баланы құраған. Соның ішінде қазақ тілінде оқытатын 3 мың 726 мектеп, орыс тілінде оқытатын 1 мың 181 мектеп, аралас тілде оқытатын 2 мың 43 мектеп бар.