«Әрең демалады»: Нұр-Сұлтан дәрігерлері коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы туралы айтты
«Әрең демалады»: Нұр-Сұлтан дәрігерлері коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы туралы айтты
175
оқылды
Шәкизада Жүсіпова жақында ковидтік стационар ретінде қайта бейінделген №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында аға медбике болып жұмыс істейді. Бұл аурухана қазір балаларды қабылдамайды, бірақ «жедел жәрдем» қызметі КВИ жұқтырған жағдайы ауыр және өте ауыр науқастарды жиі жеткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Жұрт індеттен құтылдық деп ойлайды. Бірақ толық құтылған жоқпыз. Күн сайын пациенттердің жағдайы қаншалықты ауыр екенін, олардың қиналып жатқанын көреміз. ИВЛ аппаратымен әрең демалып жатқанын көрудің өзі ауыр. Халыққа енді қалай түсіндіру керек екенін білмейміз. Күнделікті көргенімізді жұртқа жеткізу оңай емес», - дейді медбике мұңайып.
Бұл ауруханада КВИ-мен ауыратын 270 адам ем қабылдап жатыр. Жансақтау бөлімдеріне жағдайы өте мүшкіл науқастар жатқызылады.
«Пациенттердің ауырғанын жан-тәнімізбен сезінеміз. Себебі, ең алдымен, өзгелердің сауығып кетуін тілейтін адамбыз. Дәрігерлердің басты мақсаты – пациентті аяққа тұрғызып, отбасына сау күйде оралуына жәрдем ету. Ауруханадан емделіп шыққанда олардың жүздеріне қаншалықты қуана қарайтынымызды білесіз бе?!» - дейді Шәкизада Жүсіпова.
Бірақ, медбикенің айтуынша, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. Себебі емделіп шыққан адамның орнына өзге науқас жатқызылады.
«Егер әрбір адам медицина қызметкерлерінің жұмысын көрсе, жағдайдан хабардар болар еді. Мәселе мынада, жұрт дәрігерлердің айтқанын құлағына ілмейді, қарапайым ғана алдын алу талаптарын орындамайды. Санитарлық нормаларды сақтаса, пациент өзін де, өзгелерді де қорғар еді», - дейді ол.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 1 255 пациент КВИ ауруханаларында жатыр. Оның ішінде 104 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл реанимациялық төсек жүктемесінің 53%-ын құрайды. ИВЛ аппараттарында 24 адам жатыр. Елордада коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге 15 стационар жұмылдырылды. Науқастар арасында 60 жастан асқандар көп (77%). Айта кету керек, ауыр жағдайдағы науқастардың арасында 104 адамның бірнеше ауруы бар. Пациенттердің 70%-ы емдеуге жатқызылғаннан кейін үш тәулік ішінде реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайды тұрақтандыру және COVID-19-ды жеңу үшін қала тұрғындарын жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша вакцинация пункттерінің саны үш есеге артып, 100-ге дейін жетті. АМСК ұйымдарында егу пункттерінің жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 00:00-ге дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, вакцинация пункттері «Mega Silk Way», «Khan Shatyr» СОО-да ашылған. Жақын арада олар «Keruen», «Abu-Dabi Plaza» СОО-да ашылады. Сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.