Жылы киім сұраймын деп жұмыссыз қалды
Жылы киім сұраймын деп жұмыссыз қалды
5,181
оқылды

Алты баланың әкесі Ербол Емілжанов тиісті құзыретті органдардан әділдік орнатуды сұрайды. Оның айтуынша, облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасары қарамағындағыларды балағаттайды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Қарағанды облысының тұрғыны Ербол Емілжанов, Майқұдық ауданындағы жедел жәрдем бекетінде 8 жыл көлік жүргізген. 6 баланың әкесі қазір жұмыссыз жүр. Пандемия кезінде облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталған ол, киім үшін жұмыссыз қаламын деп ойламаған. Облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасарынан «арнайы жылы киім» сұрағаным үшін басым бәлеге қалды деп отыр.

Жедел жәрдем көлігінің бұрынғы жүргізушісі Ербол Емілжанов: «Бізге күздік киімді қашан бересіздер? Бүкіл подстанциялардың бәрі алды. Жаздық форманың ішінен жылы шалбар киіп жүрміз», - деп айттым. Дұрысын айтып тұр едім, ол кісі менімен сөзге келіп қалды да, боқтап жіберді. Артымыздан директор келді де, ол да боқтады. «Мен сені уволю» деп айтты», – дейді.

Ол осыдан соң директор ізіме түсті дейді. Басқа бекетке ауыстырам дегеніне келіспеген соң, жұмыстан мүлдем шығарып жібергеніне ашулы. Оның айтуынша, Қарағандыда соңғы бірнеше айда 50-ден астам жедел көмек көлігінің жүргізушісі жұмыстан кеткен. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған мекеме басшыларына қатысты ешқандай шағым түспегенін айтты. Ал Ербол Емілжановты басқа бекетке ауыстыру қаншалықты заңды екенін білу үшін бүгін еңбек инспекциясына сауал жолдады.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Бибігүл Төлегенова: «Қызметкердің басқа бекетке ауыстырылуы қаншалықты дұрыс екенін анықтау үшін денсаулық басқармасы еңбек инспекциясына сауал жолдады. Алайда негізі жүргізуші басқа қалаға емес, қала ішінде ғана басқа бекетке ауыстырылған, ол негізі ережеге қайшы емес. Бірақ басшыларының этикасына қатысты шағымдарын бізге жазса, арнайы қызметтік тексеру жүргіземіз», – деді.

Жылы киім сұраймын деп жұмысынан айырылған жүргізуші, өз жұмысына қайтып оралғысы келеді. Енді еңбек инспекциясының жауабын күтуден басқа амалы жоқ.