Қай елдер өлім жазасына кесуден көш бастап тұр: Қазақстанда жағдай қалай?

Қай елдер өлім жазасына кесуден көш бастап тұр: Қазақстанда жағдай қалай?

2020 жылы дүние жүзінде өлімге кесу үкімі азайды. Бұл туралы Amnesty International құқық қорғау ұйымы хабарлады. Ұйымның дерегінше, былтыр 18 елде 483 адам өлім жазасына кесілген. 2019 жылмен салыстырғанда 26%-ға азайған. 2019 жылы 20 елде 657 адамға осындай үкім шығарылған. Бұл 2007 жылдан бергі ең аз көрсеткіш. Айта кетейік, мұндай дерек 2007 жылдан бастап есептеледі. Amnesty International ұйымының дерегінше, өлім жазасының көбі Қытайда, Иранда, Египетте, Иракта және Сауд Арабиясында тіркелген. Әлемде мұндай жаза бойынша жетекші орында тұрған ел - Қытай. Ұйымның мәліметінше, бұл елде өлім жазасы үкімінің ауқымы әлі де нақты белгісіз. Себебі онда мұндай мәлімет мемлекеттік құпия саналады. Әлемдік дерек бойынша, былтыр 483 адам өлім жазасына кесілсе, Қытайда тіркелген мыңдаған дерек жоққа шығарылған. Онда көбіне табысын жасырғандар, жалған ақша жаса­ғандар, браконьерлер, 460 мың доллардан артық ақша жым­қырған жемқорлар қылмысын өмірімен өтейді. Қытайдан кейін Иранда өлім жазасы көп қолданылады. Мұнда өлім жазасы кісі өлтіру, зорлау, қарулы тонау, адасу, қорлау, есірткі саудасы, жезөк­шелік, неке опасыздығы, сат­қын­дық және тыңшылық, порно­графияны таратқаны үшін қолда­нылады. Былтыр бұл елде кәмелетке толмаған 3 адам өлім жазасына кесілген. 2019 жылы өлім жазасының көптігі бойын­ша рейтингте Сауд Арабиясы үшінші орында болған. Жазаны орын­даудың негізгі тәсілі – шариғатқа сәйкес бас алу. Кейде «тасборан» әдісі қолданылады. Сауд Ара­бия­сында қасақана кісі өлтіру, гомо­сексуализм, тонау, зорлау, есірткі саудалау немесе сақтау, сиқыр­шылық, тіпті атеизм үшін өлім жазасына кеседі. Бірақ аман қалу­дың жалғыз мүмкіндігі бар: зардап шеккен тарапқа (егер ол келіссе) «қан ақысы» деп аталатын өтем төлеу қажет. Бұл елде 2020 жылы өлім жазасы 85%-ға, 184-тен 27-ге дейін азайған. 2020 жылы тіркелген өлім жазасы дерегінің 88%-ы төрт елде болған. Олар: Иран, Египет, Ирак және Сауд Арабиясы. Amnesty International 2020 жылы өлім жазасына кесілген 483 адамның ішінде 16 әйелдің (3%) тоғызы Иранда, төртеуі Египетте, екеуі Сауд Арабиясында, біреуі Оманда тіркелгенін анықтады. Египетте өлім жазасының саны 32-ден 107-ге дейін, үш есе артты. Ал Иракта, керісінше, мұндай жазаға тартылғандар саны екі есе азайды (2019 жылы 100 болса, 2020 жылы 45). Үндістанда, Оманда, Катарда және Тайваньда өлім жазасы қайта енгізілген. Беларусьте, Пәкістанда, Суданда, Бахрейнде, Сингапурде және Жапонияда бірде-бір өлім жазасы тағайындалмаған. Бұл елдерде мұндай жаза 2019-2018 жылдары енгізілген. 2020 жылдың соңындағы дерек бойынша, 108 ел барлық қылмыс үшін тағайындалатын өлім жазасын алып тастады, ал 144 ел заң бойынша өлім жазасынан бас тартты. Қазақстан, Ресей және Тәжікстан өлім жазасына мораторийді сақтауды жалғастырды. Amnesty International 33 елде өлім жазасы жеңілдегенін немесе кешірілгенін анықтады: Ауғанстан, Бангладеш, Барбадос, Гана, Гайана, Үндістан, Индонезия, Кения, Йемен, Конго Демократиялық Республикасы, Кения, Кувейт, Лесото, Малайзия, Марокко/Батыс Сахара, Мьянма, Нигерия, Нигерия, Оман, Пәкістан, Сингапур, Сьерра-Леоне, Оңтүстік Корея, Судан, Сирия, Танзания, Таиланд, Тринидад және Тобаго, АҚШ, Шри-Леоне және Жапония. 2020 жылы өлім жазасы мынадай әдістермен орындалды: басын кесу, электр тоғымен соғу, асу, өліммен инъекциялау және ату.

Қазақстан

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мының штаб-пәтерінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халық­аралық пактіге тіркелген екінші факультативтік хаттамаға қол қойды. Сол арқылы еліміз бұл жазаны қолда­майтын сыңай танытты. Өлім жазасын тоқтату мәселесі елімізде 20 жылға жуық уақыттан бері тал­қыланып келеді. 2003 жыл­ы Нұрсұлтан Назарбаев өлім жаза­сына қатысты мораторий жария­лады. Дегенмен ол мора­­торий судьяларға адамды өлім жазасына кесуге кедергі келтірмеді. Қыл­мыстық кодекс бойынша, судья сотталушыны өлім жазасына кесе алады. Алайда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ал өмір бойына бас бостандығынан айы­рылғандар Қостанай облы­сындағы «Қара бүркіт» түрмесінде жазасын өтейді. Қылмыстық кодексте көрсетілген өлім жазасы құрамында 17 қылмыс түрі болған. Оның қатарында «мемлекетке опасыздық жасау», «террористік қылмыстар», «соғыс уақытында жасалған қыл­мыстар» бар. Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілгенге дейін 536 адамға өлім жазасы кесілген. Ал мораторий енгізілгеннен кейін 5 адамға өлім жазасы тағайындалған. Бірақ олар бұл жазаның орнына өмір бойы түрмеге қа­малды. Қазақстанда өлім жазасына соңғы рет 2016 жылы кескен. 4 жыл бұрын Алматыда по­лиция бөлімі мен ҰҚК департа­ментіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан 10 адам қаза тапқан еді. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған Руслан Күлекбаев ұс­талған болатын. Кейін Алматы соты оны «теракт жасады» деп танып, өлім жазасына кесті.