Ranking.kz-тің мәліметінше, биыл мектепке дейінгі мекемелердің айлық бағасы – 22 мың теңге. Бұл – балабақшалардың орташа бағасы. Ал ірі қалалар мен мегаполистерде одан да қымбат. Мысалы, Алматыда айына 33 мың теңге төленеді екен. Бұл дегеніміз – еліміздегі орташа бағадан 50 пайызға көп.
Жалпы, мектепке дейінгі мекемелерде белгіленген баға жоқ. Әр мекеме өзінше есептейді. Бірі баланың тамағын есептесе, енді бірі оның күтіміне жұмсалатын шығынды қосады. Тіпті, мемлекеттік балабақша да осындай есепті жүргізеді. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің былтырғы қаулысына сәйкес, бір баланы ұстауға кететін шығын 28 350 теңге деп көрсетілген. Ал ата-аналардың балабақшаға төлейтіні – 18 900 теңге. Қалған сома – 9 450 теңге, оқу шығындарына жұмсалатын қаржыны мемлекет есебінен жауып отыр. Олардың арзан болып тұрғаны да сондықтан шығар...
Екінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы, ай сайынғы төлем құны – 29 900 теңге. Мысалы, жекеменшік «Затейники» мектепке дейінгі мекемесі балаларды 3 жастан бастап қабылдайды. Онда да түстен кейінгі уақытта: 14.00-ден 18.00-ге дейін. Күнделікті бес түрлі бағытта сабақ өткізеді. Жазу-сызудан бөлек, ағылшын мен қазақ тілін үйретеді. Арасында би, шахмат үйірмелері бар. Тек бала жейтін тамағын өзімен бірге ала келуі тиіс. Бұл – 5 жастағы балаға арналған бағдарлама. Айына – 42 мың теңге.
Қымбатшылық жағынан Ақтау қаласы үшінші орында. Онда мектепке дейінгі мекемелерге айына төленетін баға – 23 мың 900 теңге. Ал еліміздегі ең арзан балабақша - Түркістанда. Ай сайынғы төлем 8900 теңгені құрайды.