Экологиялық мәселелерді шешу – маңызды жұмыс
Экологиялық мәселелерді шешу – маңызды жұмыс
239
оқылды

«Nur Otan» партиясы ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін арқалап, еліміздің гүлденуіне және әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыс істеп келеді.

экология

Осы мақсатты көздеген партия алдағы 5 жылда елді дамытудың тың жоспарын жасап, оны жүзеге асыру бойынша Жол картасын бекітті. Енді міне, жол картасын жүзеге асыруды бақылау мақсатында қоғамдық кеңестер құруда. Біз өз кезегімізде кеңес жұмысына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап алу мақсатында Ақтөбе өңірлік экологиялық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Евгений Лазарчукты әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Евгений Геннадьевич, Ақтөбе өңірлік экологиялық қоғамдық кеңесінің төрағасы болу сізге қандай міндеттер жүктейді? Бұл маңызды жұмысты атқару қиын емес пе? – Партияның Ақтөбе облыстық Саяси кеңес Бюросының шешімімен облыстағы экологиялық кеңестің төрағасы болып бекітілгеніме қуаныштымын. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл орайда «Nur Otan» партиясының мақсаты – атмосфераға ластаушы заттардың эмиссиясын төмендету және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану болып отыр. Партия алдағы 5 жылда облыстағы кәсіпорындарды жаңғырту арқылы шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 5 пайызға азайтып, 9 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу есебінен экологияны жақсартуды көздейді. Қазірдің өзінде Жол картасының бұл маңызды бағыты жүзеге аса бастады. Мәселен, Байғанин, Мәртөк, Қобда аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынуда. Ауа атмосферасына ластаушы заттардың шығарындыларын азайту бойынша Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 1 және 2 балқыту цехтарына жаңғырту бойынша жұмыс жобасын жасауға мердігер анықталып, жұмыстар басталды. Экологиялық кеңес төрағасының жұмысы мен үшін маңызды. Өйткені экология жанашыры ретінде қоршаған ортаға зиянды іс-әрекеттер мен көзқарасты жиі кездестіріп жүрмін. Енді белсенді тұрғындармен өзіміздің экологиялық мәселелерді зерделеп, талқылап, шешімін табуға жұмыстанамыз. Біз табиғатты және туған жерді қорғауымыз керек! Отанды сүю, табиғатты қорғау – басты міндеттердің бірі. Бұл бірінші кезекте үлкен жауапкершілік. Үлкен үміт артылды. Экологиялық мәселелерді шешу – маңызды жұмыс. Жаңа платформа мәселелерді шешуде көбірек мүмкіндіктер мен нәтижелер береді деп сенемін. Экологиялық проблемалармен жұмыс істеу және оларды анықтау бойынша бірнеше жыл бойына жинақталған тәжірибемді жаңа қызметте қолданатын боламын. Эко-елші ретінде Экология департаментімен, Министрлікпен және Экология комитетімен тікелей ынтымақтастық бар. Бұл жауапты органға проблемаларды тезірек жеткізуге мүмкіндік береді. – Қазір Ақтөбе облысында Жол картасының экологиялық бағыты қалай жүзеге асып жатыр? – Партия алдағы 5 жылда облыстағы кәсіпорындарды жаңғырту арқылы шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 5 пайызға азайтып, 9 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу есебінен экологияны жақсартуды көздейді. Қазірдің өзінде Жол картасының бұл маңызды бағыты жүзеге аса бастады. Мәселен, Байғанин, Мәртөк, Қобда ауданы орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысы басталды. Бадамша және Шұбарқұдық елді мекендеріндегі полигондарға құжаттар дайындалды. Ойыл, Ырғыз, Комсомол, Қарабұтақ ауылдарында ТЭН әзірлеу жоспарланған. 3 жыл ішінде барлық аудан орталықтары полигондармен қамтамасыз етіледі. Ауа атмосферасына ластаушы заттардың шығарындыларын азайту бойынша Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 1 және 2 балқыту цехтарына жаңғырту бойынша жұмыс жобасын жасауға мердігер анықталып, жұмыстар басталды. Бірқатар кәсіпорындарда санитарлық қорғау аймақтарында және ластаушы көздеріне ауаның жай-күйін бақылау бекеттерін орнату бойынша да жұмыстар басталды. Сонымен қатар Agtobesu-energygroup АҚ өз қаражаты есебінен кәріз сорғы стансаларының желдету жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын бастады, оларға көмір сүзгілер орнатылуда, жалпы құны 826,3 млн. теңгені құрайтын «Ақтөбе қаласының канализациялық тазарту кешенінің сарқынды суларының тұнбасын кәдеге жарату» жобасын жүзеге асыру өткен жылдың қазан айында басталды. – Сіз Ақтөбе өңіріндегі жас депутаттың бірісіз, праймериз кезеңінде халық арасында көп шықтыңыз. Тұрғындар экология мәселесін көтере ме? Бұл мәселені жол картасына енгізу, қоғамдық кеңес құру қаншалықты маңызды? – Бұл бағдарлама халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау нәтижесінде қалыптасты. Тек праймериз барысында ғана тұрғындардан 1,1 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Бұдан бөлек үгіт-насихат кездесулері кезеңінде тағы да қосымша аманаттар түсті. Олардың 82 пайыздан астамы аймақтық сайлауалды бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді. Облыстық Жол картасындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы 10 пунт те осы халықтың тілегінен, ұсынысынан туындаған. Жалпы айта кетейін, Жол картасының ерекшелігі сол облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Мұнда көрсетілген басым бағыттар аясында алдағы 5 жылда өңірдің экономикасы дамып, өркендеп, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалады. Мәселен, алдағы уақытта облысымызда қоршаған ортаға қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін «ЭкоТехПрогресс» зауыты салынады. Сондықтан да экологиялық жағдайды жақсарту өте маңызды. Жол картасын бақылау үшін қоғамдық кеңес құрылғаны өте тиімді деп есептеймін.

Сұхбаттасқан Әбілмансұр ЖАСАН