Қазақстанда балалар үйінен асырап алынатын балалардың шамамен 20%-ы қайтарылады. Оның көбіне негізгі себеп - мінезінің үйлеспеуі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
"Жыл сайын мыңға жуық бала асырап алуға, қорғаншылыққа, қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге және қабылдаушы отбасыларға беріледі. Орта есеппен жыл сайын олардың 20%-ға жуығы балалар үйіне қайтарылады. Оған негізгі себептер – асырап алушылар мен баланың мінез-құлқының сәйкес келмеуі, отбасының бұзылуы, сонымен бірге бала асырап алушылардың дайын еместігі", - делінген Білім және ғылым министрлігінің Zakon.kz-ке берген ресми жауабында.
Zakon.kz мәліметінше, қазір Қазақстанда 18 балалар үйі бар. Олар Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкентте орналасқан. Ең көп балалар үйі Қарағанды облысында.Бұл балалар үйлерінде барлығы 4254 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 80%-ы жетім емес. Жылына бір балаға мемлекеттік бюджеттен шамамен 2,5 млн теңге жұмсалады. Демек айына бір балаға шамамен 200 мыңнан астам теңге қаржы бөлінеді.Қазақстанда барлығы 23 410 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың барлығы бірдей балалар үйінде емес. Кейбірі интернаттарда және өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарында өсіп жатыр. 2017-2020 жылдар аралығында осы ұйымдардағы тәрбиеленушілерінің саны 7236-дан 4254 адамға дейін қысқарған. Кейінгі үш жылда жетім балаларға арналған ұйымдар саны 140-тан 98-ге дейін қысқарды.
Айта кетейік, былтыр қазанда Алматыдағы соңғы балалар үйі жабылғанын хабарлаған едік. Сонда «2006 жылы «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасын бастаған кезде елдегі балалар үйлерінде 19 800 тәрбиеленуші болған. 15 жылға жуық уақытта ол 5 есе қысқарып, мұндай мекемеде 4 мыңдай ғана бала қалды. Алматы бұл жағынан өзгелерге үлгі болып келеді», – деген еді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.