Тоқаев Атырау облысына қатысты кеңес өткізді
Тоқаев Атырау облысына қатысты кеңес өткізді
195
оқылды
Онлайн форматта өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырау облысының орны ерекше екенін, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылғанын, ол жобалар еліміздің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалағанын айтты. Мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атап өтті.
«Жалпы өңір қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10 пайыздан асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30 пайызға жуығы осы аймаққа тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20 пайызға жетті», – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыста түйіні шешілмеген мәселелердің де бар екенін еске салды. Мысалы, былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен. Мемлекет басшысы Атырау облысының жағдайы туралы барлық баяндамаларды тыңдап шыққаннан кейін, аймақты дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атады. Ең алдымен, мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет.
«Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуы тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды.  Сондай-ақ, Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде, жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аймақтағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының жұмысына қатысты біраз мәселе бар екенін айтты. Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы аталған нысанды дамытуға 162 миллиард теңге бөлінген. Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспаған. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық табылмаған. Президент осы олқылықтарды тез реттеп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысы басымдық берген тағы бір мәселе – автожолдарды дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев облыста жол апатының жиілеп кетуі елді алаңдатып отырғанын айтты. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болған. Әсіресе «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн.
«Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруі тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл ел бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек», – деді Президент.
Орайы келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарының да әлі күнге аяқталмағанын айтты. Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырды. Бұл жұмыс Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы қажет екенін ескертті. Президент Үкіметке еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек қала ішіндегі жолдарды тиімді пайдалану, көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да сөз болды. Президент көтерген мәселенің бірі – жұмыспен қамту. Бүгінде Атырау облысындағы тұрмыс деңгейі еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда жоғары. Орташа жалақы 358 мың теңге, бұл – жалпы республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары. Дегенмен өңірде жүзеге асырылып жатқан Болашақта кеңею жобасы жақында аяқталады. Алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайды. Облыс әкімі оның 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін атап өтіп, Үкіметке тиісті шара қабылдау керектігін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп,  індеттің алдын алуды және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырды.
«Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты.  Ал емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал- жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Білікті мамандардың тапшылығы да  жағдайды ушықтырып отыр.  Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент облыс басшылығына емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз ету, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтау, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеді. Өңірдің табысты дамуы үшін аймақты энергиямен тұрақты түрде қамтамасыз ету керек. Дегенмен бұл бағытта да әлі пысықтайтын жұмыстар бар. Сондықтан Үкімет бұл тарапта кешенді шаралар қабылдауы қажет. Өзекті дүниенің бірі –  өңірді сумен қамтамасыз ету. Жайық өзені қатты тартылып, оның экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлап барады. Бұл мәселе онсыз да ауыз суға мұқтаж болып отырған жергілікті тұрғындарды толғандырып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де үлкен қиындықтарға тап болды.
«Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Өңір халқының бір бөлігі мен мұнай өндіретін компаниялар «Астрахань–Маңғышлақ» су құбырынан ауызсу алып отыр. Бүгінде бұл су құбырының тозығы жеткен. Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Әлі күнге дейін ауылдарды таза ауыз сумен қамту толық аяқталмаған. Облыс бойынша 30 ауылға ауыз су жетпеген. Президент Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді. Азаматтардың өмір сүру сапасы мен денсаулығы экологиялық ахуалға тікелей байланысты екені белгілі. Бұл тарапта Атырау облысы мақтанарлық жағдайда емес. Былтырдың өзінде өңірде ауаны ластаған 160 жағдай тіркеліпті.
«Біз озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек. Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алсын», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы қастерлі әрі тарихи  орындардың бірі ежелгі Сарайшық қаласы жайында айта келіп, оның маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет екенін айтты. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ әлі келісім алмапты. Президент Үкіметке бұл мәселені дереу шешуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалды. Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Бұл үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін толық шешеді. Бұдан бөлек 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 25 мың атыраулық отбасы баспаналы болады. Жалпы кешенді жоспардың жүзеге асырылуы өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға, энергетика және экология саласындағы аймақта қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
«Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады. Мәселе – бөлінген қаражатты тиімді жұмсауда. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктің басты жұмыстарының бірі», – деді Президент.
Үкіметке бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекіту тапсырылды. Кеңесте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.