Отандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді
Отандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді
171
оқылды
Жамбыл облысы Қордай ауданы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында коронавирус індетіне қарсы шығарылған отандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді. Ел тарихындағы  айтулы оқиғаға  Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
«Қазақстандық вакцинаның жасалуы біздің еліміздің коронавирус инфекциясына қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына енуіне мүмкіндік берді. Бұл тек халықтың денсаулығына ғана қатысты мәселе емес, сондай-ақ отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды іс жүзінде қолданудың, мемлекеттің беделінің дәлелі», — деді Ералы Тоғжанов шарада.
Ғылыми-зерттеу орталығы «QazVac» вакцинасының алғашқы 50 мың дозасын әзірлеп,  «СҚ-Фармация» мекемесі арқылы еліміздегі барлық медицина нысандарына жеткізбек. Ал қазақстандықтарға «QazVac» екпесін егу 26 сәуірден басталады.  Мамыр айында тағы  50 мың доза вакцина шығару жоспарлануда.  Одан кейін вакцина өндірісі айына 500-600 мың дозаны құрайды деп күтілуде. Қордай ауданында шығарылған  отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Оның толық қауіпсіздігі мен   коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыра алатындығы дәлелденіп отыр.  Инактивтендірілген бұл екпенің  ерекшелігі - ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан бөлек  «QazVac» вакцинасын жеткізу  күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді. +2-8 градус температурада тасымалдана береді. Тағы бір жағымды жаңалық - Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы биофармацевтика зауытының құрылысы да аяқталып отыр. Наурыз айында  зерттеудің GMP стандарттарына сәйкестігі туралы оң қорытынды алынған. Енді ​​​валидацияны жүзеге асыру және GMP халықаралық стандартының сертификатын алу  қалып отыр. Осы мақсатқа  «Атабай» түрік компаниясы тартылған.

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы