Индустрия министрлігі аудит жүргізуі тиіс – Nur Otan жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі
Индустрия министрлігі аудит жүргізуі тиіс – Nur Otan жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі
274
оқылды

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін айтарлықтай қаражат бөлінгеніне қарамастан, жекелеген елді мекендерде адамдар әлі күнге дейін суды тасып ішуге мәжбүр. Дәл осы жағдай «Nur Otan» партиясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сенсек, өткен жылы еліміз бойынша халықтың 93,1%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізген. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша 319 жобаны іске асыруға 125 млрд. теңге бөлініп, 793 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, партияның қоғамдық қабылдаулары мен БАҚ арқылы халық көтерген резонанстық мәселелерді талдаған кезде, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Мысалы, Сәтбаев және Жезқазған қалаларын сумен қамтамасыз ету үшін Есқұла су тартқыш құбырының құрылысы 10 жыл бойы жүргізіліп келеді. Аталған су таратқыш трассасы топырақтың құлау аймағы арқылы өткені, ал жобада қарастырылған суды залалсыздандыру жабдығының еш жерде шығарылмайтыны анықталды. Бұл, әрине, жұмыстың тоқтап қалуына және жобаны түзету қажеттілігіне, сондай-ақ құрылыс құнының қымбаттауына әкеп соққаны сөзсіз. Жобаны іске асыруға 6,32 млрд. теңге жұмсалды. Мұндағы жұмыстарды жүргізудің нормативтік мерзімі бұзылуына және жабдықтардың тұрып қалуына байланысты қазірдің өзінде қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Ол үшін бюджеттен қосымша 463 млн. теңге сұралып отыр. «Инфрақұрылымды жоспарлау кезеңінде-ақ көптеген проблемалар болған, су айдау елді мекеннен алыс орналасқан және магистраль салу үшін қосымша қаражат пен уақыт қажет болады. Ал ірі елді мекендерден су айдау үшін ол жерлерде қуат жеткіліксіз. Жалпы, орталық және жергілікті органдардың жоспарлау кезінде жіберген осындай немқұрайдылығы халықтың мемлекетке деген сенімсіздігін тудырады», - деді Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Юрий Жулин. Тұтастай алғанда, материалдарға жүргізілген талдау мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бөлінетін бюджет қаражатын жұмсау саласындағы заңбұзушылықтар оларды іске асырудың барлық дерлік кезеңдерін қамтитынын көрсетті. «Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде айтарлықтай көп олқылықтар, кемшіліктер, ведомстволардың бірлесіп жұмыс істей алмауы, жауапкершілікті бір-біріне ысыра салуы және мәселені ашық көтермей, бейқамдық таныту орын алып отыр. Жобаның орындалуына және оның тиімділігіне уәкілетті органдар тарапынан бақылаудың болмауы, аяқталмаған, жұмыс істемейтін нысандардың қараусыз қалуына және пайдалануға қабылдауға әкеп соқтыруда. Осыдан соң  жобада қойылатын сапа, қуат, өнімділік өлшемдеріне жауап бермейтін нысандар пайдалануға беріледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аудит жүргізіп, оны жұртшылыққа ұсынуы тиіс деп санаймыз», – деді Ерлан Саиров. Сондай-ақ, отырыс барысында Батыс Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының тиімділігі мәселесі қаралды. Кеңес жұмыс тобының мүшелері өңірдегі қылмыстардың көпшілігін жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері жасайтынын атап өтті. Олар лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде және орындалған жұмыс актілеріне қол қою, жұмысқа орналастыру, жалақы есептеу кезінде заңсыздықтарға жол береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия тиімділігінің төмендігі атап өтілді. Бұл ретте әртүрлі облыстық басқармалардың жартысынан көбі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы есеп бере алмады. «Өңірде аса маңызды мәселелерді шешуде қоғамдық бақылауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Көптеген шешімдер жүрдім-бардым қабылданады және бұл аспект азаматтардың көңілін қалдырады. Жоғары деңгейдегі шенеуніктердің әрбір қадамы, іс-әрекеті, ниеті  жұртқа ашық та, түсінікті болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты міндет – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен құқықтық сананы қалыптастыру», - деп атап өтті Ерлан Саиров.