Ақтөбе облысында карантиндік шектеу шаралары кейбір бизнес субьектісіне жеңілдетіліп, біріне қайта күшейтілді. Енді жабық базарлар сенбі, жексенді күні жұмыс істемейді. Ал монша мен сұлулық салондары ішкі ережемен қызмет көрсетеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысында кәсіпкерлер қазір «Ashyq» пилоттық жобасын қолданысқа енгізіп жатыр. Мобильдік қосымша кейбір нысанның еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Мәселен, фитнес орталықтары, сауна, бассейн, компьютерлік клубтар мен боулинг, кинотеатр, концерт залдары осы қатарда. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, балаларды сауықтыру лагерлері мен мектептердегі асханалардың жұмысына, сабақтан тыс уақытта оқушыларды жеке оқытуға, ауызашар беруге рұқсат жоқ.
Сондай-ақ қала саябақтарында, жағалауларында және скверлерінде балалар мен ересектерге арналған электромобильдер, самокат, картинг қызметін қолдануға болмайды. Ал спорттық жаттығуға рұқсат берілген. Тек 30 адамнан артық жиналуға болмайды.
«Көшеде тамақ сататын арнайы орындардың жұмысына рұқсат бар. Олар: тез дайындалатын тамақ өнімдерін, пончик, балмұздақ, көкөніс сату қызметі. Сондай-ақ қоғамдық көлікте, такси, әуежай, теміржол вокзалдары мен автовокзалдарда, азық-түлік және азық-түлік емес базарларда, аялдамада, үйлердің кіреберісінде санитариялық және дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу күшейтілуі тиіс.
Арнайы, мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар жабық режимде жұмыс істеуін жалғастырады. Жоғары оқу орындарының I курс студенттері оффлайн, колледждердің I курс студенттері қашықтан оқыту форматына көшеді.
Ашық базарлар (азық-түлік, мал, азық-түлік емес), cауна, СПА-орталық, бассейн, жабық базарлар (азық-түлік және азық-түлік емес), жабық спорт объектілері (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары) және спорттық-сауықтыру орталықтары, фитнес клубтар, соның ішінде йога орталықтары, сауда, ойын-сауық үйлері, сауда желілері сенбі-жексенбі күндері жұмысын тоқтатуы тиіс», - деп жазылған қаулыда.