Атырауда үш баласы бар әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті
Атырауда үш баласы бар әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті
5,205
оқылды
Атырауда үш баласы бар әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Басы жарылған, денесінде сау тамтық жоқ. Оны осындай күйге түсірген - 37 жастағы қала тұрғыны деп хабарлады Астана телеарнасы. Екеуі бір ай бұрын танысқан жігіт келіншектің қыр-соңынан қалмай, бірге тұруға ұсыныс жасаған. Бірақ келіншек оған қарсылық танытқандықтан, бірнеше күн бойы ұрып-соғып, қинаған, соңында ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл оқиғаға келіншектің үш баласы куә болған. Қанды оқиға қаланың орталық көшелерінің біріндегі мынау- көпқабатты үйде болған. Әйелдің жанұшырған даусын көршілері естиді. Бірақ дауыстың қай пәтерден шыққанын бірден аңғара алмаған.
-Мен сыртқа шығып, көлігімді қыздырып тұрғанмын.  Қатты шыңғырған дауыс шықты. Жай дауыс емес, жантүршігерлік дауыс. Мен қайдан шығып жатыр деп балконға қарадым.  Дауыс басылып қалды. Бес минуттан соң полиция келді.  Тағы екі минуттан соң жедел жәрдем келді. Әйелді алып бара жатқанын да көрдім, - дейді куәгер Василий Голувых.
Ер адамның бұған дейін жасаған әрекетіне құқық қорғау органдары мән бермеген. Ауыр қылмыс екенін біле тұра, немқұрайлық танытқан" дейді "НЕ молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлова. Өйткені жәбірленуші бұған дейін бір ай бойы зәбір көрген. Полицияға да бірнеше рет шағымданған. Құқық қорғаушылар күдіктіні  тек   әкімшілік жауапкершілікке ғана тартыпты. Бірақ екі күн қамаудан шыққан соң күдікті үйдің балконын сындырып кіріп, әйелдің басынан белгісіз затпен ұрып, өзі асылып қалған.  
-Бірнеше құқық бұзушылық жасаса да, неге жауапқа тартпаған?  Екі тәулікке қамау. Бұл не деген масқара?!  19-ы күні қамаудан шығып, 20-сы күні әйелге шабуыл жасайды. Қолында қаруы бар. Бұл балға ма, балта ма, әзірге белгісіз.  Полиция әзірге ресми түрдае жауап бермей отыр. Қазір әйелдің жағдайы ауыр. Полиция бұған қалай жеткізді? Менің ойымша, осы жерде жедел топ іске қосылуы тиіс еді.  Және өте ауыр қылмыс ретінде тіркеуі тиіс еді, - дейді "Не молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлова.
Келіншектің 4, 11 және 13 жастағы балалары оқиға болған кезде пәтерде ұйықтап жатқандарын психологқа айтқан. Қазір олармен арнайы мамандар жұмыс істеуде.  
-Психологтың қорытындысына сәйкес, балалардың мінезінен күйзеліс байқалмаған. Жағдайлары жақсы.  Балалар психологтың бақылауында. Ал басынан соққы алған келіншектің жағдайы ауыр. Қазір дәрігерлердің жіті бақылауында, - дейді Атырау облысы Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Бердібек Тайышев. -Тексеру барысында ашық ми жарақаты, бас сүйектерінің сынуы, мидың ауыр дәрежеде соғылуы диагнозы қойылды, қазіргі кезде әйел нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр.  Операция жасаудың қажеті жоқ. Есін біледі. Оқиға болған кезде есінен танып қалған. Қоғамдық резонанс тудырған шулы оқиғаға байланысты  екі   қылмыстық іс қозғалды.  Оның бірі - қызметіне салғырт қараған полиция қызметкерлеріне қатысты болады, - дейді Атырау облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еркін Ербөлеков. - Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық Кодекстің 371-бабы салғырттық бойынша жүргізілуде, - дейді Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова.
Әзірге қанша полицейдің жауапқа тартылатыны белгісіз. Ал қоғам белсендісі Дина Смайлова   «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық» заңын қайта қарап, мұндай қылмыстардың жазасын қатаңдату керектігін тағы айтты.