Ж.Мамайдың сыны көшбасшы партия беделіне еш нұқсан келтіре алмады, «Nur Otan» еш алаңсыз, сайлауалды уәделерін белсенді жүзеге асыруда.
Белгілі саясаттанушы, саясаттану ғылымдардың докторы Ермұхамет Ертісбаев «Yertysbayev Live» YouTube арнасындағы сұхбатында «Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары мен қоғамдық белсенді арасындағы пікірталасқа бағасын берді.
Оның байламынша, билікке наразы күштер қисынсыз қиғылыққа басып отыр.
«Менің ойымша, билеуші партия беделіне Ж.Мамай ешқандай нұқсан келтіре алмайды. Сайлау өтті, Парламент Мәжілісінде және жергілікті мәслихаттарда «Nur Otan» толығымен басымдыққа ие. Көшбасшы партия сайлауда берген уәделерін орындауда, сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда. Партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл істі бақылауда ұстап отыр», – деді саясаткер.
Оның байламынша, Жанболат Мамайдың Б.Байбекке нысаналы шабуыл жасап, ел мен Елбасы алдында оның абыройын төгу ниеті іске аспай қалды. Бұл ретте Бауыржан Байбектің ақпарат құралдарын пайдаланып, оппозиционерге дәйекті жауап бергені дұрыс болды.
«Көптеген шенеуніктерден, биліктегі біраз тұлғадан айырмашығы сол, Б.Байбек ашық саясатты жақсы көреді. Ол ақпараттық кеңістікте бой көрсетуден қорықпайды. Мұны өзі бірнеше рет дәлелдеді. Оның үстіне билеуші партия Төрағасының бірінші орынбасары болудың өзі үнемі жұртшылық алдында жүруді талап етеді. Мен оның сұхбатын көрдім: ол блогер Тәңірберген Бердіоңғаровтың өткір сұрақтарына емін-еркін, көсіле жауап беріп отырды. Байбек өзіне жасалған ақпараттық шабуылдың негізсіз, орынсыз екенін сенімді түрде, нақты фактілермен, көрнекті көрсеткіштермен дәлелдеп, дәйектеп шықты. Тіпті, заң мен Конституция баптарына, нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасады. Сөзі шешен әрі мінсіз болды», – деп бағалады Ермұхамет Қабиденұлы.
Әрине, көптеген саясаткерлер мен шенеуніктер өз атына айтылған сын тасқынына жауап бермей, үнсіз қалуды жөн санайды. Себебі, қазіргі ақпараттық заманда мұндай қарсы қадам жағдайды ары қарай ушықтырып жіберуі мүмкін. Мысалға, егер сынға ұшыраған адам ашық жауап қатса, сынаушының не айтқанынан таныс емес оқырман бұл жауапты оқи сала, толыққанды көріністі көре алу үшін интернеттегі іздеу желілерінен сынау сөзді іздей бастайды. Сөйтіп, бастапқы сын ары қарай жаңа аудиторияларға тарайды.
Дегенмен, Е.Ертісбаев көшбасшы партия Төрағасының бірінші орынбасарының сынға ашық жауап қатқанын қолдады. Ал оппозиция ісінің қисынсыз екеніне, бос қиғылыққа басатынына назар аудартты.
«Егер ол жауап бермесе не болады? Оппозиция: «билік жабық, сыни пікірге құлақ аспайды, халық алдына шықпайды, түсіндірмейді» деп ұдайы айыптайды. Сондықтан ол жұртшылық алдына шығып отыр. Сонысы үшін енді оны «ақталып жатыр» деп айыптаушылар табылды. Қисын қайда? Қалай болғанда, бұл – қажетті іс. Б.Байбек мұндай сайысқа өте жақсы дайындалған. Бұқара алдына шығатын саясаткерден талап етілетін барлық қасиет-қабілет оның бойында бар. Мысалы, маған Б.Байбектің өзінің базалық білімін жақсы қырынан ұсына алғаны қатты ұнады, сүйсіндім десе болады. Оның негізгі мамандығы музыкант қой. Ол болса, музыкалық білім адамның бойындағы барлық дарынды ұштауға, тұлға ретінде жан-жақты дамуға қуатты серпін беретінін айтты. Ал бұл – қоғамдық-саяси қызмет үшін өте қажет», – деп түйді Ермұхамет Ертісбаев.
Сөз соңында ол билеуші партияға сынға қыңбай, сенімді ілгері басып, сайлауалды бағдарламаны қарқынды жүзеге асыра беруге кеңес берді. Сонда 5 жылдың өтуін күтпей, сайлаудан кейінгі бірінші жылда-ақ партия бағдарламасының үлкен бөлігінің орындалғанын мақтаныш сезіммен жария етуге мүмкіндік туады. Бұл партия беделін көтеріп, ел сенімін арттырады.
https://www.youtube.com/watch?v=ENJbGj6QRmA