Соңғы бес жылдың ішінде елімізде іздеуде жүрген адамның 518-і басқа елдерге жіберілді. Олардың 346-сы елге қайтарылды. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Нұрлан Бекназаров мәлімдеді.
Сенат депутаты өз баяндамасында экстрадициялау саясаты бойынша еліміз ең көп ынтымақтастық орнатқан елдерді де атады. – Экстрадициялау мәселелері бойынша ең көп ынтымақтастық жүзеге асырылған мемлекеттер – Өзбекстан, Ресей, Қырғыз Республикасы. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, еліміздің құқық қорғау органдарымен іздестіруде 2 341 адам бар, оның ішінде мемлекетаралық іздестіруде – 750, халықаралық іздестіруде – 1 591 адам, – деді Нұрлан Бекназаров. Жалпы, Қазақстан бүгінде 27 мемлекетпен Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттар жасасқан. «Қазір Португалия, Кипр, Доминикан және Аргентина елдерімен қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр басқа мемлекеттерге 163 сұрату бойынша құқықтық көмек көрсеттік. Біздің 185 өтінішімізді шетел органдары орындады» деп нақтылады Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов. Жоғарғы палатаның отырысында қосымша баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сұлтанбек Мәкежанов бүгінде шетелде қанша қазақстандық азамат жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді. «1 сәуірде берілген статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, бүгінде сотталған 922 қазақстандық шетелде жазасын өтеуде. Керісінше, сотталған 970 шетелдік азамат біздің елде жазасын өтеп жатыр», – деді Сенат депутаты.Ділдә МАДИЯР