Таразда оқушыларға оқ атқан кім?
Таразда оқушыларға оқ атқан кім?
193
оқылды

Тараз қаласында бір-біріне оқ атқан оқушылардың қыл­мысы әлі құпия сақталуда. Шөлдала иінін шулатқан жағдайға байланысты құқық қорғау органдары мардымды ақпарат бер­мей отыр. Ал ауруханаға түскен үш жасөспірімнің жағ­дайы қалыпты екеніне медицина мамандары сендіруде. Алайда өрімдей жастардың өлімнен қорықпай, атыс қаруын қолдануына не түрткі болған?

Жалпы, аталған оқиға 15 сәуір күні болған. Бытыра тиген үш жасөспірім ауруханаға түнгі сағат  03.30 шамасында түскен. Бірақ бұл жағдайды жергілікті билік пен тәртіп сақшылары төрт күн бойы жасырып келген. Тек 19 сәуір күні облыстық Полиция департаменті аз-кем ақпарат берді. «Тараз қаласының Полиция басқармасына кәмелетке толма­ған үш баланың  оқ-дәрі (бытыра) жарақатымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені тура­лы хабарлама келіп түсті. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмысты жасаған күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кәмелетке толмағандардың денсаулық жағдайы тұрақты, өмірі­не ешқандай қауіп жоқ. Қылмыстық істің толық мән-жайы Қылмыстық-процес­суалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне бай­ланысты жария­лануға жатпайды» делінген ресми ақпаратта. Ресми мәлімет осылай сөйле­генімен, ел арасында әртүрлі әңгіме желдей кезіп кетті. Бір аны­ғы, бір-біріне қару кезенген жас­тар 2003-2004 жылы туған  жас­өспірімдер. Арасында мектеп оқушыларынан бөлек колледж студенті де бар. Болжам бойынша жанжал Амангелді ауылынан бас­тау алып, Шөлдала иінінде жал­ғасын тапқан. Ауыл бала­ларымен ерегісіп қалған мектеп оқушысы мен оның достарына  Шөлдала иіні «Сұлукөл» көшесі­нің бойындағы көпір маңында үш автокөлік мінген жастар оқ жау­дырған. Осылайша, жас­өспірім­дер бір-бірінен есе қай­тарған секілді. Ал мылтықтан атылған оқ балалар­дың  аяғы және мойын тұсына тиген. Абыр­ой болғанда, жаралылар ауру­хана­ға дер кезінде жеткізіліп, жаны аман қалып отыр. – Балалардың жағдайы қа­лып­ты. Ауруханаға алғаш түскен­де денесіне тиген бытыраның саны көп болды. Сол себепті ота жасауымыз­ға тура келді. Қазір барлығы палатада жатыр.  Осы аптада үйлеріне шығады, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауру­хана­сының бас дәрігері Азат Сатжанов. Ал Тараз қалалық Білім бө­лімі­нің басшылығы жаралан­ған балалар толық отбасынан шық­қанын айтады. Сабақ үлгері­мі де жақсы көрінеді. Осы таңға дейін бұзақылық қылықтары бай­қалмапты. Ұсталған күдіктілерге қатыс­ты құқық қорғау органдары жұм­ған аузын ашпай отыр. Біле алға­ны­мыз, ұсталған  азаматтар­дың бірінің ата-анасы жапа шеккен жастардың үйіне барып кешірім сұрапты. Ал оқ тиген ба­ла­лар арызданбайтынын ай­тып отыр. Десе де, бұл оқиғадан кейін мек­теп директоры мен оның орын­басарына қатаң сөгіс түрін­дегі жаза берілген. Бірақ балалар қай мектептің оқушылары екені де құпия сақталып отыр. Алайда бала­ларын түн мезгілінде қарау­сыз жіберген ата-аналардың тәр­тіп­тік  мәселесі қаралуда. Бұл бағытта арнайы комиссия жұмы­сын бастап кетті. Әрине, жасөспірімдерге қа­тыс­ты мәселеде жан-жақты тек­серіс қажет. Бірақ бұл оқиғаны ба­рын­ша жасыруға  жергілікті би­лік жан салып  жатқаны түсі­нік­сіз. Естеріңізде болса, дәл осы Шөлдала иінінде өткен жылы 4 жасөспірімді  16 бала жабылып ұрып, бірін пышақтап өлтіріп қойған болатын. Ауруханада жантәсілім еткен  бала  №59 мектептің оқушысы еді.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы