Абхаздың «темір тұлпарына» неге қызықтық?
Абхаздың «темір тұлпарына» неге қызықтық?
248
оқылды

Қазақстандағы көлемі жө­нінен әлем­де теңдесі жоқ, аса қымбат ути­­­­­лизациялық алым мен салық тө­лемдері аза­маттарды арзан авто­кө­лік­­ті сырттан іздеуге және оны заң­ға қайшы жолдармен пай­да­лануға итер­мелеуде. Сал­дарынан елімізде Қырғыз Рес­публикасында, Моңғо­лия­­да, Ресейде, Арменияда тір­кел­ген, алым-салығы да сол жақ­та тө­ле­­­нетін, бірақ то­лығымен  қа­­­­­­­зақ­­­­­стандық­тар­ға қызмет ететін кө­­­лік­тер қап­тап кетті. Енді оған аб­хаз­­дық және оңтүстікосетиялық ав­томобильдер қосылып жа­тыр.

Жаттың көлігі елге қалай кірген?

Қазақстан тұрғындары Арме­ния кө­лік­теріне балама тапқанға ұқсайды. Қа­зіргі кезде Абхазиядан және Оңтүстік Осе­тиядан әкелін­ген көліктер еліміздің жол­дарында жүйткіп жүр. Бұл кейбір аза­мат­тарды қайран қалдырды. Себебі Қа­зақстан бұл екі автономияның тәуел­сіз­дігін ресми мойындамады: 2008 жылғы орыс-грузин соғысы нәтижесінде Абхазия мен Оңтүс­тік Осетия Ресейдің қолдауы­мен Грузиядан іргесін аулақ салғаны мәлім. Бірақ бұл екеуі Ресей Фе­дера­ция­сы­ның құрамына кіруден бас тартты. Оның үстіне бұл екеуі де, сондай-ақ Гру­зия да Еуразия­лық одаққа мүше емес. Сон­да Қазақстанға қалай енген? Бұл мәселеге былтыр алғаш болып, Ро­ман Құрманбаев назар аудартты. Сыртқы істер министр­лігіне жүгінген ол Аб­хазияның тір­кеу нөмірлерін таққан ав­томо­бильдердің Қазақстан жолдарын­да қа­лайша еркін зулап жүргеніне таңд­а­нысын жасырмады. «Таяуда Нұр-Сұлтан қаласы­ның кө­шесінде қозғалып келе жатып, қарсы жо­лақтағы күміс түсті Toyota седанына көзім түс­ті. Қайран қалдым: оған Абхазияның тір­кеу нөмірі бекітіліпті. Бұл елді жақсы білемін, онда болғанмын. Сұрақ туады: егер Қазақстан Абхазия Республикасының дербес мемлекет ретіндегі тәуелсіздігін мойын­дамаса, онда неге және қан­дай не­гіз­де бұл ресми мойын­дал­маған мем­ле­кеттің көліктері біздің елдің шекарасын ер­кін ке­сіп өте алған? Мемлекеттік ше­ка­ра мен кедендегі белгіленген рәсімдерден қа­лай өткен? Біздің елде олар не мақ­сат­пен жүр?» – деп сауал тастады СІМ-ге өті­­ні­шінде Р.Құрманбаев. Ол осы мәселені бекер көтер­мегенін жет­кізді: «Мен бұл сұ­рақты еріккеннен қойып отырған жоқпын. Біз мойын­да­маған рес­пуб­ликалардың көліктері біздің жерімізге қалай және не мақсат­пен еніп кеткен? «Қарулы қақты­ғыс ошақтары­ның» әлемге қандай зияны барын білетін запастағы офицер ретінде осының жауа­бын білгім келеді. Мұның біздің еліміз үшін де салдары болуы мүмкін еке­нін елеу­сіз қалдыруға бол­майды». Өз кезегінде Сыртқы істер ми­нистрлігі Қазақ­станның сыртқы саясатта Гру­зия­ның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, ше­караларының бұзылмауы қағи­датын жақ­тайтынын және соған беріктігін мә­лімдеді. «Қазақстанның Абхазия мен Оңтүстік Осе­тия мәселесі бойын­ша ұстанымы өзге­ріссіз қалады. Қазақстан БҰҰ Жарғы­сына және жалпы таныған халықаралық құ­қық нормаларына сәйкес Грузия­ның еге­мендігі мен территория­лық тұтастығы­на құрметпен қа­райды», – деді СІМ.

Қазақстан заңын айналып өту жолы бар

СІМ Қазақстанның Еуразия­лық одақ­қа мүше екенін еске салды. «Осыған байланысты ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің көлік құралдары Қазақ­станның кеден­дік шекарасын тиісті алым тө­леусіз, еш кедергісіз кесіп өте ала­ды. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шарттың 25-ба­бына сәйкес, Қазақстан – Ресей мем­ле­кеттік шекарасында тек шекара­лық ба­қылау ғана жүзеге асыры­лады. Ал тауар­лар бұл шекарадан кедендік дек­ларациялаусыз, сон­дай-ақ көліктік, са­нитарлық, ве­теринарлық-санитарлық мемле­кет­тік бақылаусыз өтуі, еркін қоз­ғалуы тиіс. Егер Абхазияның тір­кеу нөмірі бар көліктердің Қа­зақстанда жүру фак­тісін растай­тын фотосурет және оның нақ­ты қай жерде тұрғаны туралы мәлімет түссе, еліміздің тиісті органдары қарай­тын болады», – деп түйді сыртқы саясат ведомствосы. Абхазия мен Оңтүстік Осетия ЕАЭО-ға мүше болмағанымен, одақ­тың қатысу­шысы Ресей олар­дың тәуелсіздігін мойын­­даған. Салдарынан бұл респу­б­ли­ка­лар­дағы автокөліктер Ресейге емін-ер­кін кіре береді. Ол жақтан Қа­зақстанға өтіп кете алады екен. Абхаз көлігі Ел Үкіметі былтыр Армения­дан көлік тасуға тосқауыл қойып тастағаннан кейін қазақстан­дық­тар арзан көлікті өзге ел­дерден әкелу жолдарын іздей бастады. Бұған ешқандай мүмкіндік қал­мағандай көрінген. Себебі, не іргедегі Қытайдан, не Қырғыз Рес­публикасынан, не Өзбекстан­нан, тіпті Моңғолиядан бағасы төмен «те­мір тұлпар» тасуға тыйым салынған. Бірақ 2020 жылы Абхазияның құзыр­лы органдарына және сала мамандарына осы елден қалай арзан көлік сатып алып, Қазақ­станға енгізуге болатынын түсін­діру­ді сұраған өтініштер түсе бастайды. «Шын мәнінде, Қазақстан азаматтары үшін Абхазияда авто­мобиль сатып алу біршама күр­делі. Қазіргі кезде тек Ресей аза­маттары ғана ЕАЭО аумағына уақытша енгізе алады. Бұл рәсім тек солар үшін қол­жетімді. Бұған қоса, коронавирус пан­демиясына байланысты Абхазия мен Оң­түстік Осетия аумағына тек Ресей аза­мат­тары кіре алады. Әйткенмен Қазақстан азаматтары үшін де абхаз нөмірлі авто­көліктерді сатып алып, пайдаланудың нұс­қа-схемасы бар. Оны білу, ақыл-ке­ңес және қызмет алу үшін клиент тікелей біздің мамандарға жү­гінгені жөн», – дейді осы жұмысты ұйымдастырушылардың бірі, «Абхаз­ские проекты» серіктес­ті­гі­нің үй­лестірушісі Кирилл Базилевский.

Абхазиялық көліктер тәркіленеді

Қаржы министрлігінің салық пен ке­ден саласына жауапты құ­рылымы – мем­кірістер органы мұның бәрі заңсыз екенін мә­лім­деді. «Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кіріс­тер комитеті Абхазия Республикасы мен Оңтүстік Осетия Республикасының тіркеу нөмірлік белгілері бар көліктердің Қазақстан аумағына заңсыз енгізу және пайдалану фактілерінің өс­кенін байқауда. Аталған маши­налар ЕАЭО-ның кедендік аума­ғына Ресейдің өткізу пункттері ар­қылы уақытша әкелінеді. Бұлар мәртебесі бойынша шетелдік тауар болып есептеледі және ЕАЭО тауары болып саналмайды. Сәйкесінше, олар кедендік ба­қылауда бо­лады», – деп түсіндірді Маңғыстау об­лысы бойынша  мемлекеттік Кірістер де­парта­менті.

Меморганның мәліметінше, Абхазия мен Оңтүстік Осетияда тіркелген көлік­тер­ді Қазақстанға негізінен Абхазия аза­маттары және кейбір Ресей азаматтары әке­ліп жатыр. Олардың қолынан осындай көліктерді сатып алған қазақстан­дықтар алданады.      Се­бебі, бұл көлік­терді елде тір­кеу­сіз тұ­рақты пайда­лануға рұқсат етіл­мейді. Олар тек уақытша әке­лінг­ен.

Мемкірістер комитеті Абхазия мен Ре­сей азаматтарының алдау схемасын да анықтапты: олар Абхазия мен Оңтүстік Осе­тияның көлік құралдарын қазақ­стан­дық­тарға сенімхатпен сатады: бұл құ­жат кө­лікті уақытша иелену, билік ету немесе сату құқығын береді. Салдарынан әлгі­лер­ден жатжұрт­тық осы көліктерді арзан­дау сатып алып, ізінше өзге қазақ­стан­дық­­тарға қайта өткізген дел­дал-алып­­сатарлар қаптай бастады. Соның кесірінен ақырғы са­тып алушы зар­дап шегеді: ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-ба­бы­ның 2-тармағына сәйкес, уақыт­ша әке­лінген көліктер тек декларант­тың, яғни шетелден әкелуді жүзеге асырған тұлғаның иелігінде және пайдалануында қалуы тиіс. Ендеше кейін сатып алғандар оны өз атына көшіріп, елде тіркеуге қоя алмауы мүмкін. Ал машина­сын мемлекет тәркілейді. «Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгі­лері бар көлік құрал­дарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан азаматтарына сатуды жүзеге асырған тұлғалардың, сон­дай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қа­рай кедендік төлемдерді төлемей және бас­тап­қы мемлекеттік есепке қоймай, Қа­зақстан аумағында заңсыз пайдалану мақ­сатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттерінде Қыл­­мыс­тық кодексте көзделген қыл­мыс­тық құрам, не Әкімшілік кодексіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық құрамы болады. Екі құрам да жазалауды және кө­лік құралын тәркілеуді көздейді!» – деп қатаң ескертті Мемкірістер ко­митеті. Сол себепті ведомство қазақ­стан­дық­тарға әлгі екі елде тіркеу есебінде тұрған және іс жүзінде бізге тек уақытша әкелін­ген авто­мобильдерді сатып алмауға ша­қыр­ды. Егер сатып алса, кедендік ресім­деу мен бастапқы есепке қоюдың тиісті рәсімдерінсіз оларды Қазақстан аума­ғында пайдаланбауға кеңес берді. Жасыратыны жоқ, азамат­тарды осы жол­ға мемлекеттің өзі итермелейді. Өзге­ден алшақтық сақтауды талап ететін, қо­ғамдық көліктер жүрісі үнемі шектелетін пандемия заманында азаматтарға жүріп-тұру, нәпақа табу үшін көлік керек. Кәсіпорындарда машина – өндірісті өркендету үшін қажетті құрал. Алайда мил­лиондаған теңге утилизациялық алым жаңа көлікті заңды түрде сатып алуға және тіркеуге мүм­кіндік бермейді. Ашық дереккөздерден алын­ған мәлі­мет­ке жүгінсек, утилиза­циялық алым Ұлы­британияда – 50-80 фунт, Германияда – 100 еуро, Нидерландта – 113 еуро, Жа­понияда – 100-200 доллар, Бельгияда – жылына 84 208 еуро, Норвегияда – 350 еуро (2000 крона), Ресей мен Беларусьте 20-150 мың рубль, Украинада 5,5-11 мың гри­вен екен. Ал Қазақстанда утили­за­ция­лық алым 437 мың теңгеден (элект­ромо­биль) бастап, 13,1 миллион теңгеге (ко­м­байн­дар) дейін барады. Мысалы, қа­­­зақстандық 2 001–3 000 текше сан­тиметр ауқымындағы қара­пайым жеңіл көлікті сатып алса, сол үшін 1 миллион 458 мың 500 теңге утилизациялық алым төлеу­ге мәжбүр болады. Егер 3 мың см3-тен асатын, жол талғамайтын көлікті ие­ленсе, бұл алым сомасы шарықтап, 3 мил­лион 354,5 мың теңгеге жетеді. Оның үстіне елімізде құрас­тырылған кө­ліктердің де бағасы удай қымбат. Мә­се­лен, осы сау­даны ұйым­дастыру­шылар S-Класстағы, қолданыста болған Mercedes-Benz, Nissan Pathfinder жол тал­ғамайтын көліктерін Абхазияда 900 мың рубльге сатып алуға болатынын айтады. Бұл 5,1 миллион теңгеге тең. Осы қара­жат­қа Қазақстанда ең төмен сы­ныптағы седанды ғана ала аласыз.

Осы ауыртпалықтардан еңсесі езілген аза­маттар заңды айналып өтетін соқ­пақтарды іздеуге мәж­бүр. Салықшылар болса, ол соқ­пақтарға «қақпан» құрады. Ел Үкіметі темір тұлпарға құмар аза­мат­тарды ашындырмаудың эконо­микалық жол­дарын іздесе, утили­за­циялық алымды азайтса, оңды болар еді.

 

Елдос СЕНБАЙ.