Жақсы жаңалықтан бастайық. Қазақстан бай адамдардың саны көбейген әлем елдерінің ондығына еніп, 7-орынға табан тіреді. Еліміздің халықаралық рейтингтерде мұндай алдыңғы орындарға жайғасқанына қалайша қуанбаймыз? Осыған қарап бізді әлем бай ел деп тануы да мүмкін. Бірақ бір «әттеген-ай» бар. Оны айтпасқа тағы амал жоқ. 2020 жылдың тағы бір қорытындысы бойынша, бізде кедейшілік деңгейі артып келе жатқаны анықталды.
Есіңізде болса, 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, қазақстандықтар шығынының 58,3 пайызын тұрмыстық тауарларға жұмсайтыны туралы ақпарат шыққан еді. Соның ішінде азық-түлік алуға табысының 54,8 пайызын шығындайды екен. Осыдан барып, тұрмысының нашарлауының себебі түсінікті бола бастайды. «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры Қазақстанның барлық аймағындағы тұрғындарына сауалнама жүргізген болатын. Халықтың наразылық деңгейін анықтау мақсатында жасалған зерттеудің нәтижесінде әлеуметтік ахуалдың өзгергені анық байқалыпты. Нақты айтар болсақ, 2021 жылдың басында халықтың жағдайы нашарлай бастаған. Мәселен, «Әлеуметтік жағдайыңызға қандай баға берер едіңіз?» деген сауалға азаматтардың басым бөлігі «Азық-түлікке ақша жетпейді», «Тұрмыстық техника ала алмай отырмыз», «Тұрмыстық техника алсақ та, үй не көлік алуға ақшамыз жоқ» деген сыңайда жауап берген екен. Зерттеу жұмысы бұған дейінгі жылдары да жүргізілген. Ол уақыттағы ахуал қазіргіден біршама жақсырақ болған. Өйткені аталған сауалдарға берілген жауап басқаша-етін. 2017 жылы жүргізілген зерттеуде сауалнама қатысушыларының 80 пайызы ақшасының бәрін бірден жұмсап тастайтынын, жинауға мүмкіндігі жоғын айтқан. Сол уақытта-ақ әлеуметтанушылар халықтың әлеуметтік ахуалы нашарлағандықтан наразылық та көбейетінін, әлеуметтік пессимизм белең алатынын ескерткен. Дегенмен оған құлақ асқан ешкім болмағанын биылғы сауалнама нәтижесі көрсетіп отырған сыңайлы. Ол аз десеңіз, жағдайдың нашарлағанын Ұлттық банк жариялаған қаржы-несиелік саясат жөніндегі баяндама көрсеткіші тағы бір мәрте дәлелдеді. Яғни, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, азық-түлік шығыны 6 пайызға өскен. Жеміс-жидек, көкөніс алу деңгейі төмендеп, ет алатындар көбейген. Бұған қарасақ, жұрттың ең маңызды деген тауарларды алумен шектелетінін көреміз. Денсаулыққа пайдалы болатын түрлі жеміс-жидекті алуға ақшасы жетпейді деген сөз. Былайша айтқанда, өмір сүру деңгейі нашарлаған.Кедейшілік белең алды
Ел дамуының бір көрсеткіші ретінде азық-түлікке кететін шығын үлесін қарастырады. Әлемдік статистиканың өзінде елдерді жіктегенде аталған шығындардың табыстың үштен бірін, жартысынан аз бөлігін, не жартысынан көбін, не табысын түгел алатын мемлекеттер деп бөледі. Ал бізде жалақысының жартысынан көп бөлігін тұрмыстық тауарларға жұмсауға мәжбүр тұрғын аз емес. Демек, кедейшілік белең алып келе жатыр дегенге сенуден өзге амал жоқ. Республикамызда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табатын 140,6 мың отбасы бар екен. Ал бұл отбасыларда 858 мыңнан астам адам тұрады. Одан бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 2020 жылы 20,1 пайызға көбейген. Өйткені 2019 жылғы төртінші тоқсанда елде 125,5 мың отбасының табысы төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін. Бірақ жалпы соңғы жылдардағы статистикаға қарасақ, бұл көрсеткіш тек өсіп келе жатыр. Сонымен бірге азық-түлік себетінің құнынан да аз табыс табатын отбасы саны артқан. Қазақстандағы мұндай отбасы саны бір жылда бірден 49,5 пайызға көбейіп, 4,5 мыңға жеткен. Аталған отбасыларда шамамен 28 мыңнан астам адам тұрады десек, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 84,2 пайызға өскенін көреміз. Әсіресе, Түркістан облысы, Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысында мұндай отбасы саны көп. Атап айтқанда, Түркістан облысында ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табатындар үлесі – 19,9 пайыз, кедейлер – 10,3 пайыз. Ал жалпы республика бойынша кедейлер үлесі 4,6 пайызды құрайды. Кедей отбасыларда көбіне бес не одан да көп адам тұрады. Яғни, көпбалалы, үлкен шаңырақ деген сөз. 2020 жылдың төртінші тоқсанында 769 мыңға жуық қазақстандық бес не одан да көп адамдық отбасында тұратыны анықталған. Осы сынды жағымсыз көрсеткіштердің өсуі халықтың әлеуметтік оптимизміне әсер етпей қоймайды. Мәселен, «Стратегияның» «Бір жылдан кейін отбасыңыздың жағдайы жақсара ма, нашарлай ма?» деген сұрағына 12 пайызы «қазіргіден гөрі нашарлайды» деп жауап берген. Ал 30 пайызы келесі жылды тіпті елестете алмайтынын білдірсе, 34 пайызы «жақсарады деп үміттенемін» депті. Экономист Әсет Наурызбаевтың пікірінше, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тәсіліне өзгеріс керек. «Қазіргі қажеттіліктердің кейбірі қосылмаған. Айталық, «мәдениетке арналған» шығын түрі болуы керек. Жалпы алғанда, ең төменгі күнкөріс деңгейі жап-жақсы өмір сүруді қамтуға тиіс. Қазіргідей деңгей болмауы қажет», – дейді. Қарап отырсақ, біздегі орташа жалақы сияқты көрсеткіштер тым аспандап кеткен. Бірақ ол нақты сандардың нәтижесінде алынған. Яғни, аспаннан алып белгілене салмайды. Ұлттық статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың наурызындағы көрсеткіш – 224 715 теңге.Байлар саны бойынша ондықтамыз
Бұл статистиканың барлық табыс табатын адамдардың жалақысын қосып, жұмысшы санына бөлінетінін білеміз. Бұл нақты көрсеткіш бола алмайды. Яғни, мысал ретінде айтсақ, Айжанның жалақысы – 500 мың теңге, ал Әнуар 100 мың теңге алады. Сонда екеуінің орташа жалақысы – 300 мың теңге. Аталған көрсеткіштің қалай анықталатынын қарапайым тілмен түсіндірсе, осылай. Ал енді осы ретте табысы көп, тіпті өте бай адамдардың бізде көп болғаны кедей адамдарды көлеңкелеп, жағдайын жасырып тұрғандай. Олай дейтініміз, жоғарыда сүйіншілеткен хабарға байланысты. Statista.com жүргізген әлемдік рейтинг бойынша байларының саны артқан он елдің ішінде жүрміз. Пандемияға қарамастан, бүкіл әлемде байлардың саны көбейген. Мысалы, әлемде 2020 жылы қалтасындағы қаражаты 30 млн доллар не одан да көп азамат саны 2,4 пайызға өскен. 2025 жылға дейін олардың саны 27 пайызға өсе береді деген болжам бар. Ал нақты біздің елде шіріген байлардың саны қазіргіден 33 пайызға артады деседі. Осыған қарап біздегі әлеуметтік теңсіздіктің шынайы бет-бейнесін көруге болады. Кедейлердің сіңірі шыға берсе, байлар байығанның үстіне байып жатыр. Тіпті, коронакризис жағдайында да қалтасы қалыңдаған олигарх саны еселенгенін көріп отырмыз. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалақы және өзге де табыстарға қатысты жеке табыс салығының прогрессив шкаласын енгізуге тапсырма берген еді. «Әлеуметтік әділдік орнату үшін осы мәселені көтеретін кез келді» деген еді Мемлекет басшысы. Яғни, прогрессив шкала бойынша табысы аз адамдар – аз, көп табатындар тиісінше көп төлейді. Дегенмен бұл тапсырманың іске асырылуы туралы нақты ақпарат жоқ. Бірлі-жарым талқыланған тақырыптың расында көтерілетін уақыты келген сыңайлы.