Қайта айналып келген коронавирус
Қайта айналып келген коронавирус
248
оқылды

Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам саны 300 мыңнан асты. Соның ішінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында күн өткен сайын көбейіп жатыр. Карантин шараларын да коро­на­вирустың таралуына қарай әр аймақ күшейтіп, шаралар қабыл­данып жатқанын естіп, көріп, біліп отырмыз. Оның үстіне елі­мізде коронавируспен екінші қайтара ауырып жатқандар да бар. Олардың саны бүгінде шамамен 800-ге жуықтаған. Ал 23 сәуірдегі дерек бойынша, 823 498 адамға вакцина салынған. Қайтадан жұқтырғандар бұл жолы жеңіл өткере ме? Екпе сал­дыру бұл жағдайды қалыпқа келтіруге көмектесе ала ма?

Оксфорд ғалымдары адамдарды әдейі жұқтырмақ па?

800-ге тарта адамның бұрын коронавируспен ауырса да, қайта жұқтырғаны туралы деректі Сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау комитеті төрағасының орын­басары Зәуре Ахметова мәлім­деген. «Пан­демия бүкіл әлемде екінші жылға жал­ғасты және әлем әлдерінде коро­навирустың қайта жұғуын зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұ­мыстар біздің елде де жүргізіліп жатыр. Қазір зерттел­ген материалдар мен статистика­лық мәліметтерді ескерсек, ша­мамен 800 адам корона­вирусты қайта жұқ­тырғандар ретінде тіркелген. Бірақ бұл жағдайдың бәрі қайтадан жеке зерттеледі. Ол жұ­мыстарға эпи­де­миологтер, дәрі­гер­лер қаты­сып, консилиум­дар өтеді. Осыдан кейін қоры­тын­ды ақпарат хабар­ла­нады» деп қысқа қайырған. Екінші рет жұқтырудың әсерін, оны емдеу жолдарын әлем ғалымдары қарастырып жатыр. Мәселен, Оксфорд университетінің ғалымдары коронавирустан жазылған еріктілерді жинап, қайта жұқтырып көрмек. Ондағы басты мақсат — ең мықты вакцина жасап шығару. «Осы зерттеу үшін ғалымдар 18-30 жас аралығындағы, бұрын ауырған 64 ерікті науқас іздеп жатыр. Еріктілерге Қытайдағы Уханьның оригинал штамы жұқтырылады. Сөйтіп, бір жыл бойы бақылауда болады» делінген хабарламада. Яғни, осы зерттеу аясында Британ университетінің ғалымдары иммун жүйесінің қандай типі адамдарға COVID-19 жұқтырудың алдын алатынын зерттейді. Сонымен бірге вирусқа иммун жүйесі екінші рет қандай реакция танытатынын, бұрын ауырған адамды қайта жұқтыру үшін қанша вирус керегін анықтамақ. Зерттеу екі кезеңде жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Алғашқы фазасы сәуірде, екіншісі жазда басталады деседі. Бірінші кезең шеңберінде қатысушылардың өкпесіне компьютерлік томография, жүрегіне МРТ жасалады. Осыдан соң еріктілер дәрігердің бақылауында кемінде 17 күндей болады. Егер вирус таратушы емес екені, инфекция жұқтырмайтыны расталған жағдайда ғана үйіне жіберіледі. Ал енді қатысушыларда COVID-19 белгілері байқалып, ауырса, оларды Regeneron Pharmaceuticals Inc өндірген, антиденелер негізінде жасалған препаратпен емдейді екен.

Екінші рет ауырудың себебі неде?

     Бастапқыда бір рет ауырғандар енді алаңсыз жүре берсе болады деп ойлағанымыз рас. Дегенмен екінші толқын кезінде бірлі-жарым фактілер тіркелгенде ел дүрліге бастаған. Ал қазір қайтадан жұқтыру дерегі тіпті көбейіп жатыр. Бұған қатысты маман пікірін білмек болып, биолог Әсел Бейсенбекқызына сауалдарымызды қойдық. Оның айтуынша, екінші рет жұқтырғанның бәрі жеңіл өткереді деу қате. «Екінші рет жұқтыру дерегі жаздан бастап тіркелді. Бірақ ол кезде өте сирек болған. Ал қазір үшінші толқында көбейіп жатыр. Соған қарағанда жаңа нұсқалары пайда болған секілді. Өйткені Е484К деп аталатын бір мутация бар. Ол вирустың «қашқақтауына» жауап береді. Осылайша, сол мутация қайта жұқтыру мүмкіндігін арттырады. Дегенмен қайталап жұқтырса, ауырлау өтеді дейтіндей дәлел жоқ. Яғни, аурудың қаншалықты ауыр не жеңіл өтуі нешінші рет жұқтырғанына байланысты болмайды. Ендеше не нәрсеге байланысты? Біріншіден, инфекциялаушы доза қандай болғанына қарай. Айталық, бетперде тағып жүріп жұқтырдыңыз. Ондай жағдайда дозасы аз болғандықтан, жеңілдеу өткізесіз. Ал жақын сөйлесіп, көп дозасын жұқтырсаңыз, ауырлау дегендей. Екінші фактор – ағзаның ауырған кездегі халі. Яғни, маусымдық аллергия болса, бірнеше күн ұйықтай алмай күйзеліске түссеңіз, не ОРВИ жұқтырсаңыз, ауырлау өтеді. Екпе салдыруда ұсынып жатқан себебіміз де – осы. Вакцинация жос­парла түрде өтеді. Яғни, жағдайыңыз жақсы, әбден жазылған кезде барып салдырасыз. Екпені жыл сайын салдыру керек бола ма, жоқ, әлде әдеттегі ОРВИ секілді болып кете ме – әзірге белгісіз. Жалпы алғанда, анти­денелердің жоқ болып кетуіне немесе қайта­дан жұқтыруға аса таңғалу қажет емес», – дейді биолог, PhD Әсел Мұсабекова. коронавирус Көпшілік коронавирус сынамасының нә­ти­жесіне қатысты да екіойлы пікірде. Осы рет­те антиденелер санын санап, оның жоға­лып кетуіне байланысты уайымдау керек пе, жоқ па деген сауалдың туындайтыны белгілі. Бұл жайлы Әсел Бейсенбекқызы антиденелер титрін өлшеудің пайдасы жоғын айтып отыр. «Иммун жады деген бар. Оның екі түрі бар: B және T-жасушалы. Алғашқысы  – біршама уақыт бойы сақталатын біздің антиденелер. SARS-CoV2 инфекциясына келсек, шамамен бір жылдай антиденелер сақталған жағдайлар болды. Антиденелер жасушаға вирус кірмейтіндей етіп «байланады». Ал енгеннен кейін вирус жұқтырған жасушаны Т-жасу­шылар жояды. Осы Т-жасушалы жадты да, антиденелерді де иммунитетіміз есте сақтай­ды. Сол үшін жады деп аталады. Әзірге біз анти­денелер титрін өлшеудің пайдасы жоқ деп жатырмыз. Оның бірінші себебі – стан­дартты тест жоқ. Яғни, тесттің түрі көп. Содан халық шатасып жатады. Былайша айтқанда, антиденелер анықталса, демек сіздің ауырып шыққаныңызды ғана білдіреді. Ол қашан ауырғаныңыз өзіңізге мәлім. Сондықтан екпе салуға келгенде антиденелер санына қатысты нақты стандарт болмайды. Ауырғаннан кейін төрт ай өткен соң сала беруге болады. Ал иммун жадының ұзақтығына келсек, ауырлау өткізген адамдарда ұзақтау болатынын байқап отырмыз», – дейді маман.

Вакцинация: қарқын қалай?

Қазір Қазақстанда 800 мыңнан астам адам­ға коронавирус вакцинасы егілді деп Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі ақпарат таратқан. 23 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 823 498 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін салдырды. Екінші компонентті салдырғандар саны – 132 603. Ал енді ұжым­дық иммунитет қалыптасуы үшін бізге керек шама қанша? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық фтизио­пульмонология ғылыми орталығының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөнін­дегі директорының орынбасары, профессор Ләззат Ералиева бұған қатысты былай деген: «Меніңше, ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін 18-19 млн тұрғыны бар ел үшін шамамен 10-11 млн адамдай вакцина салдыруы керек». Ал енді екпе салмайтын адамның саны қан­ша? Бұл сауалға «Санитарлық-эпидеми­ологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл жауап берді. «Қазір балалар мен жүкті әйелдерге вакцина салынбайды. Бізде 19 мил­лион­дай халық бар. Оның ішінде 6 миллионы – кәмелет жасына толмаған балалар. Ал енді жүктілермен қосқанда, саны шамамен 6,5 млн болатын шығар. Демек, қалатыны  – 13 млн. Денсаулық сақтау министрлігі биыл 10 млн адамға екпе саламыз деп жоспарлап отырғанын білесіздер. Бұл дегеніміз вакцина салынатын контингенттің 80 пайызына тең. Егер осы көлемде екпе салынатын болса, қалыпты өмірімізге қайта оралар едік», – дейді Манар Смағұл.

Айша ЕРСҰЛТАН