Быж-тыж, бытбырық
Быж-тыж, бытбырық
223
оқылды
Қазір жастар кино түсіргіш бо­лып кетті. Шеттерінен «Голли­вуд жұлдыздары!» Шетерінен актер, актрисалар! Шеттерінен шекілдеуік шағып, жан-жағына маңғаздана қарайды, Киноларға түскендер ғой. – Әке, мен киноға түстім! –Қандай? – «Киллер» деген. – Онда қандай рөл ойнадың, балам? – Шетінен снайпермен сұлата беремін, сұлата беремін, бастары сық етіп, өліп қала береді, өліп қала береді. Міне, қазіргі киноның сиқы. Бір құрбым«Ютубтан» «Братан сержан» деген киноны көруімді айтты. Шәй ішіп болып рахат­танып көрейін дегенмін ғой. Шо­шып кеттім... Кино 90- жылдар­дағы рекетерлікоқиғаларды жақсы түсірген. Бірақ іші толған былапыт сөздер. Жәй ғана былапыт сөздер болса мейлі ғой, бұзақылар, әдепсіздер айтатын анайы сөздер. Мысалы, екі топ ерегісіп қалғанада,жігіттер бір-біріне сын көтермейтін боқтық сөздерді ашық айта салады. Өмірде солай ғой деп көздеріңді жұмасың. Көздеріңді ашасың да, ұяттан өртеніп кетесің. Өйткені, бұл фильмсымақты сенің балаң, немерең көріп отыр. Ал, ұятыңыз өртенсе, ешқандай өрт сөндіру­шілер сізді көбікпен атқыламайды.Одан әрі орысша айтқанда «шок» болдым, дірілдеген ток болдым. Неге дейсіздер ме? Бес-алты жігіт аулада арақ ішіп, шуласып отыр­ады. Бір кезде екінші қабаттағы бал­коннан бір әйел: –«Қой­саңдаршы, шуламасаңдаршы?» – дейді. Сол екен, жігіттердің бірі «Мен сені зорлаймынның» тым анайы сөзін беті шімірікпестен айта салды. Ұятын-ай. Бір қарасам, өртеніп барамын. Лапылдап, жанып кеттім десемде болады. Жарайды, өмірді шынайы көрсетуді мақсат тұтқан шығар? Бірақ, кино деген тәрбие құралы емес пе? Оны көрген жастардың тағдыры туралып, қиялдары қиқымдалып, ойлары омпай-томпай болып кетпейді ме? Бүйтіп кино түсірмей-ақ, тыныш жүре бергендері дұрыс еді! Мұндай киноға түспей-ақ, тыныш жүре берген артық па еді? Сұмдық енді! Кино цензура болмаған соң, бәрі ойларына келген нәрсені түсіріп, бытпырық сөздермен суарып жатыр! «Ютубтан» ұят болды! Тағы да бұл сериялсымақтарды көргендер саны жиырма, отыз мыңнан асып жығылады. Бәрі жастар. Жастарға не керек? Жастарға осындай оспадар кинолар керек! Бейәдеп сөздермен «әрленген» киноларды жақсы көреді. Шымкентте алдымен «Әпке», соңын ала «Жездюха» деген сериялсымақ жалғасып жатыр. Жастар өліп-талып көреді екен.Олар да өмірді «шынайы» көрсетіп әлек. Ауыздарына келгенін айта салады. Әкең, шешең деген сөздер сериял кейіпкерлері үшін қалып­ты жағдай.Рахаттанып қаласың. "Еркек болғанымда, менің де осы әке-шешеден жібергім келіп тұрады!» дейді бір танысым. Кинодан үйренген тәрбиесі ғой. – Сен «Жездюханы» көрдің бе? – Жоқ. – Өлә, көрсей? – Қызық па не? – Приколдары күшті. – Қойшы? – Шын айтам, күлкіден өлесің, қайғыны көмесің. Мына сөзден кейін қалай көрмейсің? «Ютубты» аралайын.Көрдім. Ұяттан өлдім!Сөйтсем, бір кейіпкері жуынып жатыр. Екінші кейіпкер: «Ақырын сіңбірсеңші, миың қосыла ағып кетеді ғой?» – дейді. Осыған күлген танысыма таңғалдым. Қай жері күлкі? Анайыәрі жиіркенішті ғой. Бұл да бір өмірдің шынайы «көрінісі» деп ойласа керек. Сосын жастар «вайн» дегенге құмар. Қысқа әзіл көріністер. Бірақ, көбі сын көтермейді. Тағы да, былапыт сөздер! Тағы да, жиір­кенішті көріністер. Айна­лайын­дар-ау, қолымда смартфон бар екен деп, есектің артын түсіре бер­месеңдерші? Әлеуметтік желілерден әбден шаршадым. Әншілер киноға жиі түспесе де, жеке өмірін жариялап, халықты жалықтырып бітті. «Мен туайын деп жатырмын!»,«Енді туа­мын!»,«Тудым, урра!», «Кү­йеуімді ауыстырып жатырмын!», «Бақыттан басым айналды!» сияқты тақырыптарды сайт біткен менмұндалатып жариялайды. Әншілерге таң-ғаламын, сенің төсегің біздер үшін қызық па? Әлде, туатын әйел сен ғана ма едің? Әнші Алтынай Жорабаева да, бұрынғы күйеуі Сәбит те жеке төсектерін жариялап мезі етті. Керек еді сенің төсегің? Жастар сендерден үлгі алмай-ақ қой­сын!Ерке Есмахан деген әнші ұялмайды, болашақ екінші күйеуі туралы айтпағансөзі жоқ. Бақыттан мас болып жүр екен. Керек еді, сендердің серіліктерің. Махаббат деген неғұрлым жасырын болса, соғұрлым баянды болмай ма?Қысқасы, әншілердің төсектері мен өсектері туралы да кино түсіру керек шығар...

Ақмарал АБДРАМАНОВА.