Қазір ештеңеге таңғалмайтын болдық! Шенеуніктер шеттерінен жей салады, таңғалмаймыз, шенеуніктер ұялмай-қызармай пара алады, таңғалмаймыз. Пара алу деген бұл өзі ұлттық «дәстүріміз» сияқтанып кетті. Яғни, мутацияланғандай. Кім бастық, сол алақан жаяды, көз қысысады. Қарап отырмайды әйтеуір. Бұл пандемиядан да жылдам таралатын вирус болып шықты.
Пара деген пәлекет ықылым заманнанқыр соңымыздан қалмай келеді, оны несіне жасырып, дым білмегендей, ыржиып отыра береміз? Сол парамен, жемқорлармен күресетін жап-жас жігіттердің өзі парақор десем, сенбесеңіздер, мұрнымды кесіп беріп, пұшық болып отырайын! Істі жабу үшін, миллиондар табу үшін қолдарын былғайды. Ал, енді мына Жамбыл облысындағы шенеунікке не жоқ десеңізші? Бала-шағасының қасында, қара су ішсе де, тыныш қана отыра бермей ме, желкесін қасып. Жоқ, алақаны қыши береді. Қышыған алақан, парақор алақан. Облыстық кіріс департаментінің бұрынғы бастығы Арман Сүлейменов (Аты-жөні өзгертілді) салықтан жалтаратындарды жасыру үшін ештеңеден тайынбайды.
– Сөйтеміз ғой?
– Сөйтсек, жақсы болар еді.
– Сөйтсем, сөйте бересің ғой?
– Ия, сөйтсеңіз, біз де сөйтеміз ғой.
– Сөйтсек, сөйтейік.
– Қанша сөйтейін?
– Жұмбақтап сөйле ойбай! Жүз мың долларды сөйте ғой.
– Тексерісті кедергісіз сөйтеді ғой?
– Сөйтеді, сөйтеді.
– Коммерциялық кәсіпорным кедергісіз сөйтеді ия?
Осылай жұмбақтап сөйлеген Жамбыл облыстық Кірістер департаментінің бастығы әп-сәтте жүз мың долларды қағып алды. Бірақ, өзі де сөйтіп, сөйтіп жатқанда, сөйтіп қалды.
Аматыда Ерлан Әділов деген парақор бар. Оның да, қолы қыши береді. Қасып қойса да, қышып кетеді. Емдетпеген жері жоқ. Алматы қалалық мобильдік басқармасының басшысы болғанына да көп уақыт бола қойған жоқ еді. Құдай ұрды деген осы да.
Қазір ештеңеге таңғалмаймыз. Таңғалудан да қалдық.
– Пәленше ұсталыпты! – дегенді естісек, «Құтты болсын! дейміз де қоямыз.
–Түгенше қамақта жатыр!
– Ее, ақша беріп, шығып кетеді!
– Он жылға сотталыпты!
– Төрт жылын өтеп, қайтып келеді!
Халықтың айтар сөздері осындай. Сот, прокуратураға сенімсіздікпен қарайды. «Қазақстан темір жолы» компаниясының Павлодардағы филиал басшысына не жорық? Ол үнемі тамсанады да жүреді екен. Үнемі жұтынып жүреді екен. Пара, сыйақы алғанды жанындай жақсы көрсе керек. Жақында ол қарамағындағылардан көп мөлшерде сыйақы алдыдеген семіз күдікке ілінді. Ол орынбасарымен әмпей-жәмпей болып, төрт жыл бойы жүзден астам қызметкерлер мен жұмысшылардан тұрақты түрде сыйақы алып келген. Сыйға – сый, сыраға бал дегендердің жұмыстан шығып қалмауына ықпал еткен. Ал, бермегендерге былай... былай көздерін алартып қараған. Мәселесін май шаммен қарап, сыйақы бруге мәжбүрлеген көрінеді. Осы темір жол саласы кеңес дәуірінен былыққа белшесінен батып келеді. Нағыз «нанхана». Бір станцияның бастығы болып шыға келсеңіз, асығыңыз алшысынан тұра қалады. Ой, құрысын, сізге айтарым, темір жол саласының бастығы болмай-ақ қойыңызшы? Қайыршылырсияқты екі қолыңызды жайып, қызметкерлеріңізден сыйақы дәметіп жүрерсіз!