Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аудандық полиция ғимараты маңында жүргізушілермен сөзге келіп қалған Жаркент қаласының әкімі Болат Омаровтың сөзі жарияланған видеоға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды.
"Осы факті бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өңір әкімі аппараты басшысының атына қызметтік тергеу жүргізу туралы хат жібереді. Оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады", - делінген ведомствоның ақпаратында.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жаркент әкімі Болат Омаровтың жүргізушілермен сөзге келіп қалғаны туралы видео жарияланған болатын. Видеода бір топ адам полиция ғимаратының алдына жиналған.
Шенеуніктің жүргізушілерге айтқан сөзі қазақстандықтарға ұнамай қалған. Әкім жүргізушілердің біріне "Сен мені сайлаған жоқсың" дейді.