Соңғы уақытта Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға еңбек көші-қоны тақырыбы қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарында айтарлықтай резонанс тудырып келеді. Әдетте үстірт бағаланып, артық пікірлер айтылып қалады. Осыған байланысты мәселенің негізгі аспектілерін айқындау қажет болып көрінеді.
Халықаралық көші-қон әртүрлі себептері бар жаһандық құбылыс. Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) «Әлемдегі көші-қон туралы 2020 баяндамасында» атап өтілгендей, қазіргі уақытта халықаралық мигранттардың саны бүкіл әлемде 272 миллионға жуық адамға жетеді, олардың үштен екісі еңбек мигранттары болып табылады. Халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына және көлік-коммуникациялық мүмкіндіктерді оңайлатылуына қарай әлемдегі көші-қон ағындары ұлғаятын болады. Дамыған елдерді қоса алғанда, көптеген мемлекеттер көші-қон ағындарының донорлары да, реципиенттері (қабылдаушы) де болып табылады. Қазақстан, көрші мемлекеттерден еңбек мигранттарын қабылдайды. Сонымен қатар еліміздің азаматтары жоғары ақы төленетін жұмыс іздеп басқа елдерге барады. Корея Республикасының өзі туралы да сондайды айтуға болады, оның көптеген азаматтары АҚШ-та, Жапонияда, Канадада мекендегеніне қарамастан, тұру ыхтиярхатын иеленбеген. Көріп отырғаныңыздай, еңбек көші-қонының себебі-жақсы жағдайлар мен жоғары жалақы іздеу. 2014 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы визасыз режим туралы Келісім күшіне енді. Осы Келісімге сәйкес Қазақстан азаматтары туристік, жеке, іскерлік, мәдени және медициналық мақсаттардағы сапарларға 30 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан босатылады. Ал жұмысқа орналасу, оқу, тұрақты тұру үшін тиісті санаттағы виза талап етіледі. 2014–2019 жылдар аралығында Корея Республикасына келетін қазақстандықтардың саны екі еседен астамға (жылына 20 мыңнан 44 мың адамға дейін) ұлғайды . Еліміздің Оңтүстік Кореяда тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарының саны жеті есеге, яғни 3 мыңнан 22 мыңға дейін артты. Көптеген отандастарымыз Оңтүстік Кореяның үздік диагностикалық орталықтарында және басқа да медициналық мекемелерінде аса күрделі ауруларды емдеуге қол жеткізді. ТМД-ның барлық елдерінен Оңтүстік Кореямен осындай келісімдерге тек Қазақстан мен Ресей Федерациясымен қол қойғанын атап өту қажет. Бұл екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігі ресми түрде сапардың туристік мақсатын мәлімдей отырып, Корея Республикасында одан әрі заңсыз жұмысқа орналасуды көздеп барады. Атап айтқанда, болу мерзімі аяқталғаннан кейін жергілікті көші-қон заңнамасын бұза отырып, олар елде заңсыз қалып отыр. Қазіргі уақытта корей тарапы коронавирус пандемиясын ескере отырып, аталған Келісімнің қолданысын біржақты тәртіппен тоқтатты. Жоғарыда айтылғандай, Келісім екі ел арасындағы гуманитарлық, мәдени және іскерлік алмасуларды одан әрі ынталандыруға арналған. Өкінішке орай, қазақстандық азаматтардың бір бөлігі оны одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында Оңтүстік Кореяға кіру үшін тетік ретінде қарастырады. Корея Республикасының көші-қон қызметінің деректері бойынша 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша елде Қазақстанның 8902 азаматы заңсыз табылуда. Бұл санның ең жоғары көрсеткіштері пандемия басталуының алдында тіркеліп, шамамен 12 мың адамды құрады. Негізінен, еңбек мигранттары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секторларында, сондай-ақ қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Заңсыз жұмысқа орналастыруға негізінен ТМД елдерінен шыққан арнайы делдал агенттер («брокерлер») жәрдемдеседі. Осыған байланысты айтарлықтай қаражат табатын осы делдалдардың әрекеттері іс жүзінде ашық түрде жүзеге асырылады, бұл тиісті қызметтердің назарында болуы керек. Заңсыз жұмыс істейтін азаматтардың көп шоғырлануы әкімшілік құқық бұзушылықтардың ғана емес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың да өсуіне әкеледі. Корея Республикасындағы еңбек мигранттарының заңсыз жағдайы олардың жерлестік, діни және ұлттық бірегейлік белгілері бойынша қалыптасатын әртүрлі топтарға шоғырлануына ықпал етеді. Мұндай қауымдастықтар бұзақылық, жаппай төбелес, бопсалау және басқа да қылмыстарға, соның ішінде аса ауыр қылмыстарға қатысуға бейім. Мұндай жағдайлар көбінесе жергілікті БАҚ-та жағымсыз резонанс тудырады, бұл Қазақстанның беделіне нұқсан келтіреді. Қазіргі уақытта 23 күдікті тергеуде, 19 адам бас бостандығынан айыру орындарында. Көбінесе ұсталған кезде азаматтардың аталған санаты «Жеке деректерді қорғау туралы» жергілікті Заңды сілтеме жасап, орын алған жағдай туралы Қазақстан Елшілігін хабардар етуден бас тартады. Көп жағдайда заңсыз мигранттардың өздері де қылмыстық әрекеттерден зардап шегеді. Корея Республикасындағы отандастарымыздың қайтыс болу санына байланысты статистика да ерекше назар аударуға тұрарлық. Жалпы, барлық өлім жағдайларының шамамен үштен бір бөлігі еңбек мигранттарының үлесіне тиесілі (өндірістік жарақаттар, жол-көлік оқиғалары, өзін өзі өлтіру, созылмалы аурулардың өршуі, кісі өлтіру және т.б.). 2019 жылы 43 адам қайтыс болды, олардың 15-і заңсыз мигранттар. 2020 жылы 36 адам, 17-сі заңсыз мигранттар. 2021 жылдың бірінші тоқсанында Оңтүстік Кореядан Қазақстанға 5 мәйіт жіберілді, оның ішінде 2 адам мұнда заңсыз тұрған. Осы тұрғыда бір мәйітті қайтарудың құны 8-9 мың АҚШ долларын құрайтынын атап өткен жөн. Бұл мәселені Қазақстанның Елшілігі мен Сыртқы істер министрлігі шешуге мәжбүр, өйткені туыстары шығындарды төлеуден бас тартады. Өкінішке орай, біздің азаматтарымызға оларда туындайтын проблемаларды шешуде жан-жақты көмек көрсетілгеніне қарамастан, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы қазақстандық қоғамда мемлекеттің консулдық қызметтері тарапынан «әрекетсіздік» деген айыптармен жасанды түрде теріс резонанс туындауда. Айта кету керек, бүгінгі таңда еңбек көші-қоны, оның ішінде заңсыз көші-қон проблемасы Корея Республикасында ұшығып тұр және әлеуметтік шиеленістің маңызды факторы болып табылады. 2020 жылы жағдай бойынша ел аумағында 320 мыңнан астам шетелдік заңсыз болған, оның ішінде Таиланд азаматтары – 138 мыңнан астам (жалпы санның 29%), Қытай азаматтары – 71 мың (20%), Вьетнам азаматтары – 42 мың (шамамен 12%), Моңғолия – шамамен 16 мың (4,4%), Филиппин – 13 мыңнан астам (3,6%), Ресей – шамамен 11 мың (3%), Қазақстан – шамамен 9 мың (2,8%), Индонезия – 8 мыңнан астам, Өзбекстан мен Камбоджа – әрқайсысынан шамамен 6 мыңнан. Оңтүстік Корея үкіметі заңсыз мигранттардың санын азайту бойынша шаралар қабылдауда, оның ішінде шекарадан өту рәсімдерін қатайту, тәртіп бұзушыларды анықтау бойынша рейдтер. Атап айтқанда, 2019 жылы халықаралық әуежайларда жол берілмеген және Қазақстанға кері жөнелтілген еліміздің азаматтарының саны 5 мыңға жуық адамды құрады. Кореяның иммиграциялық қызметінің мәліметінше, 2020 жылы елде жүру ережелерін бұзғаны үшін 1500-ге жуық адам Қазақстанға қайтарылды. Үкімет заңсыз мигранттар үшін кей уақытта амнистия жасап, соның барысында оларға елден өз еркімен айыппұл төлемей кету мүмкіндігі беріледі. Әрине, ресми келісім-шартсыз жұмыс істеу заңды бұзу болып табылады және қара жұмыспен, мемлекеттік медициналық сақтандырудың болмауымен байланысты. Тиісті құжаттарсыз жоғары біліктілікті талап етпейтін ауыр қара жұмыстан ғана үміттенуге болатындығын нақты түсіну керек. Оңтүстік Кореяда шетелдіктерді заңды түрде жұмысқа орналастыру үшін 2004 жылы табысы төмен дамушы елдер үшін іске қосылған «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» (ЕРБЖ) немесе Employment Permit System (EPS) жұмыс істейді. Бұл жүйе бойынша Оңтүстік Кореямен тиісті екіжақты келісімге қол қойған елдерге визалар беріледі. Осындай келісімдер 16 елмен жасалған: Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос. Келісімдерге негізінен 2004–2008 жылдар кезеңінде қол қойылды. Оңтүстік Корея үкіметінің пікірінше, ЕРБЖ жүйесі ескіріп үлгерген және заңсыз еңбек көші-қоны мәселесін шешпейді, қазіргі уақытта жаңа келісімдерге қол қойылмайды. Осы келісімдер шеңберінде берілген квоталар сұранысқа сәйкес келмейді және көптеген жағдайларда ресми келісімшарт аяқталғаннан кейін жұмысшылар елде заңсыз қалып қоюға тырысады. Жыл сайын қол қойылған 16 келісім аясында Оңтүстік Кореяға 55-58 мың жұмысшы келеді, бұл орташа есеппен әр елге 3,5 мың адамды құрайды. Қазіргі уақытта Корея Республикасының үкіметі мәселені шешудің балама амалдарын іздеуде. Дегенмен, соңғы жылдары Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға ұмтылған қазақстандықтар санының өсуіне байланысты еңбек көші-қонын ретке келтіру мәселесі екіжақты келіссөздер, сапарлар, саяси және консулдық консультациялар барысында талқыланатын тұрақты мәселе болып табылады. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ЕРБЖ бойынша келісім жасасу туралы ұсынысты қазақ тарапы бірнеше рет көтерген болатын және қазіргі уақытта оны кореялық әріптестер зерделеуде. Бұл жерде еңбек және көші-қон мәселелеріне жауап беретін екі елдің бейінді министрліктерінің бірлескен жұмысы талап етіледі. Сонымен қатар, «ауыл шаруашылығы және балық аулау саласындағы маусымдық жұмысқа шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі бағдарламаға» қатысу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл бағдарлама 2015 жылдан бастап тек жергілікті басқару органдары деңгейінде жұмыс істейді, онда өңірлердің, қалалар мен аудандардың әкімшіліктері шақырушы тарап ретінде әрекет етеді. Жіберілген ресми сұраныстардың нәтижелері бойынша бүгінгі таңда Оңтүстік Кореяның бірде-бір өңірі Қазақстаннан маусымдық жұмысшыларды шақыруға қызығушылық танытпады. Жүргізілген талдау бұл бағдарламаның қазақстандықтар үшін лайықты еместігін және оның көмегімен жұмыс күші ағынын реттеу әрекеттері бірқатар объективті себептер бойынша табысқа жете алмайтынын көрсетті. Біріншіден, бағдарлама балық аулау және күріш өсіру саласындағы жұмысшыларды қажет етеді, сондықтан өңірлер тиісті дағдылары бар Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің азаматтарын шақыруға мүдделі. Біздің азаматтарымыз көп жағдайда құрылыс, жөндеу-монтаждау, өндірістік және өнеркәсіптік объектілерге, сондай-ақ қызмет көрсету саласына орналасуға тырысуда. Екіншіден, бұл шектеулі уақыт, елде жылына бір рет 90 күн болуға рұқсат етіледі. Қазақстан азаматтары, әдетте, елге жақын туыстарымен кіре отырып, өздерін жыл бойы жалақымен қамтамасыз етуге ұмтылады. Үшіншіден, бұл жас шектеуі. Бағдарламаға қатысу үшін 30-дан 50 жасқа дейінгі тұлғалар іріктеледі, ал Қазақстаннан жұмысқа келгендердің басым бөлігін 20-дан 30 жасқа дейінгі тұлғалар құрайды. Төртіншіден, бағдарлама аясында әр елден жылына ең көп дегенде бірнеше жүз адам тартылады. Сонымен қатар, өз қызметкерлерін Оңтүстік Кореяға жіберетін өңірлік әкімшіліктер оларды кепілдендірілген қайтару тетігін қамтамасыз етуі керек. Егер көші-қон заңнамасын бұзушылықтар саны нақты елге келген азаматтардың жалпы санының 10%-тен асқан жағдайда, бағдарлама тоқтатылады. Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі үшін еліміздің азаматтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау басты мақсат болып табылады. Елшіліктің консулдық бөлімі демалыссыз тәулік бойы жұмыс істейді, ел аумағында заңсыз жүрген отандастармен үнемі байланыста болады. Елшілік қызметкерлері әуежайға, полиция учаскелеріне, түрмелерге, ауруханаларға және т. б. шығып, түсіп жатқан өтініштерді назардан тыс қалдырмауға тырысады. Қазіргі уақытта Корея аумағында, елде заңсыз жүргендерді қоса алғанда, Қазақстанның 30 мыңнан астам азаматы тұрақты тұрып жатқанын ескеру қажет. Бұл адам ресурстары шектеулі болып табылатын консулдық бөлімнен үлкен көлемді іс-қимылдарды талап етеді. Жалпы, заңсыз көші-қон мәселесі Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тиісті органдарының бірлескен шешімін талап етеді. Заңсыз көші-қон екі ел азаматтарының өзара сапарлары үшін визасыз режимнің қолданысына әсер ететін факторға айналмағаны жөн.