Адвокатураға реформа керек пе?
Адвокатураға реформа керек пе?
304
оқылды

Бүгінде елімізде 5 480 адвокат бар. Сот төрелігі жүйесінде адвокатура институты мемлекеттік емес жалғыз қатысушы. Осы мәртебесі оған қандай да бір дәрежеде тәуелсіздік беретін. Енді соңғы уақыттары сөз болып жүрген адвокатураны реформалау мәселесі бұл салада үлкен пікірталас тудырып отыр. Әділет министрлігі мемлекеттің реттеуші функциясын алға тартып, құқықтық саланы дамыту үшін бәсекелес ортаны да реттеп отыру қажеттігін уәж етсе, адвокаттар өздерінің ішкі істеріне араласқанына наразы. Олар Парламентте жатқан заң жобасында фундаменталды ешқандай да өзгеріс жоқ екенін айтады.

Құқық дамуға бір қадам

Парламент депутаттары бас­та­машылық жасаған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­л­ық актілеріне адвокаттық қыз­мет және заң көмегі мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы ад­вокатура және заң консуль­тант­тары институттарын барынша же­­тілдіруге, олардың қызметін ав­­томаттандыру мен оңтайлан­дыруға бағытталған екен. Әділет министрлігінің хабарлауынша, жалпы заң жобасы 3 кодекске және 7 заңға өзгерістер  мен то­лық­тырулар енгізуді көздеп отыр. Онда Республикалық адвокаттар ал­қасының рөлін күшейту, тө­рал­қаның өкілеттіктерін кеңейту, ав­томаттандырылған ақпараттық жүйе­ні жетілдіру, адвокаттардың бі­лік­тілігін арттыру, кейбір ұйым­да­стыру мәселелерін үйлестіру жә­не тағы да басқа жайт қарас­ты­рыл­ған. Сондай-ақ  қылмыстық со­т ісін жүргізудің жарыспалылығы мен ашықтығын күшейтуге, ад­вокаттардың процессуалдық мүм­кіндіктерін нығайта түсуге ба­ғытталған бірқатар тұжырым­да­ма­лық түзетулер қабылдануда. «Әділет министрлігі мемлекеттің құқық­тық саясатын жүргізетін орган ретінде оның сапалы жүзеге асуына мүдделі. Сондықтан да қылмыстық, әкімшілік процестердегі ад­вокаттар болсын, азаматтық істердегі заң кеңесшілері болсын өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқаруы тиіс.  Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыстық іс, миллионға жуық азаматтық іс тіркеледі екен. Осылардың әрқайсысында азаматтар білікті заң көмегіне жүгіне алуы керек. Жекелеген жағ­дайда мемлекет көмектесіп келеді. Бірақ, көп ретте жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да заң­герлерді өздері табады. Сондайда қор­ғау­шылар мен кеңесшілердің біліктілігіне көңілі тол­май, бізге шағым жасайтындар аз емес. Біз­дің позициямыз –адвокатура жұ­мысын жо­ғары стандарт пен сапалық жаңа деңгейге кө­теру»,– дейді Әділет министр­лігінің Тіркеу қыз­меті және заң қызметін ұйымдастыру де­партаментінің директоры Алан Тленчиев. Әділет министрлігі өкілдерінің пікірінше, ад­вокаттар өздерін қоғамнан, азаматтардан, сот төрелігі жүйесінен бөлек қарастырмауы ке­рек. Олар бұл жүйенің бір мүшесі. Сон­дық­тан заманауи өзгерістер оларды айналып өтеді деуге болмайды. Өйткені олардың қызметі адам құқығымен тікелей бай­ланысты. адвокатура

Адвокатура тәуелсіз болуы тиіс

Бұл өзгерістерге заң кеңесшілерінен бұ­рын, адвокаттар көбірек қарсы. Соның ішінде ал­матылық қорғаушылардың үні қаттырақ шығады. Бұл Алматы қаласының қылмыстық практиканың құқықтық қазаны бұрқ-сарқ қай­наған ортасы екенімен байланысты болса ке­рек. Мұнда тіпті адвокаттар митингіге шы­ғуға дейін дайын отыр. Олар мемлекет әр нәр­сені желеу етіп күннен-күнге «гайканы қа­тайтып жатыр» деп есептейді. «Адвокатура институтының институт ре­тінде пайда болған сонау орта ғасырдан бергі бір­ден-бір принципі – мемлекеттік орган­дар­дан тәуелсіздігі. Мемлекеттік органдарға тәуел­ді адвокат – ол өзінің қорғауындағы аза­маттарға қызмет көрсете алмайды. Біз бұл мә­селені қатты қабылдап жатқан себебіміз – осы. Ал әділет органдары дәл осы мәселені қоз­ғап, біздің ішкі мәселемізге араласуын қояр емес. Тіпті, әділет органдары төраға сай­лау процесіне де араласып кетті. Рес­пуб­ликалық адвокаттар алқасының төрағасы, мә­селен тікелей әділет органдарының ара­ласуы­мен, күштеп отырғызылған өз адамы. Біз осыған да наразымыз. Яғни, біз өзіміздің төрағамызды өзіміз сайлау мүмкіндігінен айырылып отырмыз. Енді бүгінде заңдарды қа­т­айта түсу арқылы, бізді өздеріне тәуелді ете түспекші», – дейді адвокат Абзал Құспан. Заңгердің айтуынша, қылмыстық про­цес­те айыпталушыға қарсы прокурор бас­та­ған, басқа да құқық қорғау органдары қоштаған үлкен билік институттары қарсы тұрады. Ал ол адамның құқығын тек жалғыз  адвокат қор­ғайды. Адвокатта соншалықты бір өкі­лет­тік жоқ. Ол тек қолданыстағы Қылмыстық ко­декстің баптарын басшы­лыққа алып қана көмектесе алады. Ал енді осы жағдайда ад­вокат­тың сот төрелігі жүйе­сіне тәуелділігі, құ­­қық қорғау органдары алдында қауқар­сыз­дығы танылатын болса, онда азаматтың құ­қығы бұзылады. Алма­тылық қорғаушылардың көп­шілігі осындай пікірде. «Әділет министрлігінің ұсынып отырған реформалық өзгерістерінен жаңа ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Мемлекет реттеушілік күшін пайдаланып, адвокаттарды уысында ұстап отыруға әрекеттеніп жатқанын түсінуге бо­лады. Ал жаңа заң жобасына адвокаттарға қо­сымша процессуалды құқықтар беретін нор­малар қосылған дегенге келер болсақ, мұн­да да жаңа ештеңе жоқ. Мәселен, ад­вокатқа процессуалды әрекеттер өндірісін­де қорғауындағы адамға қысқаша консуль­тациялар беруге, күдіктіге оны күдікті деп тану туралы қаулыны хабарлау кезінде қа­тысуға, осы қаулының көшірмесін алуға, оған сауал қоюға мүмкіндік беріледі. Ал шын­дығына келгенде бұлар қазір қолданыста бар нормалар. Сонда оны қайталап ұсыну немесе нақ­ты сипат беру қорғаушының проц­ес­суал­дық мүмкіндігін күшейту әлде кеңейту болып есеп­теле ме?», – дейді заң ғылымдарының кан­дидаты, профессор, Алматы қалалық адво­каттар коллегиясының адвокаты Гүлнар Сүлейменова Әрине, бәсекелес ортада өзгерістердің бол­ғаны дұрыс болар. Өйткені олар мемлекет дамуының қозғаушы күшіне айнала алмаса, оларға серпін беру қажет-ақ. Әйтсе де, ад­во­кат­тардың  сөзінің жаны бар. Сондықтан да заң жобасында бүгінде өзгемен қатар өз құ­қықтарын да қорғауға шыққан тараптың пі­кірі ескерілгені абзал.

Нұрлан ҚОСАЙ