Байден армян қырғынын геноцид деп таныды
Байден армян қырғынын геноцид деп таныды
244
оқылды

Ал оған дейін АҚШ-тың бірде-бір президенті мұндай мәлімдеме жасамаған еді және тіпті Түркиямен арадағы жағдайды ушықтырып алмас үшін армян та­қырыбын айналып өтетін.

Әңгіме 1915-1923 жылдар аралығында Осман империясына бағынышты аймақтарда өмір сүрген армяндардың жаппай қырылуы мен жер дауы туралы болып отыр. Түрлі дерек бойынша, бұл кезде 1,5 млн армян өлген дейді. Түркияның мәліметінше, бұл сан 300 мыңнан аспайды. Қазір армян геноцидін әлемнің 23 мемлекеті, сондай-ақ Еуро­­­парламент мойындаған, дегенмен көпші­лік – 164 мемлекет бұл оқиғаны геноцид деп таныған жоқ.

Байден екі жеп, биге шықпақшы

Армян геноциді Д.Байденнің сайлауалды бағдарламасына енгізілген болатын. Ал бірақ АҚШ президенті тағынан үміткер екеудің жан алып-жан беріскен саяси тартысында Байденге «армян мәселесі» қаншалықты көмектескенін тап басып көрсету қиын. Бір айта кетерлігі, Аме­­рика тарихында президентке үміткерлерге дәл мұнша сайлаушы дауыс беріп көрмепті. Сон­­­дықтан, біріншіден мұны Байденнің сайлауда берген уәделерін біртіндеп жүзеге асыра баста­­ғаны деп те қабылдауға болады. Екіншіден, Ақ үйдің бұл шешімінде саяси астар жатыр: Қарабақтағы соғыста әзербайжаннан оңбай жеңілген армяндардың «үлкен ағасы» – Ресейден көңілі қатты қалып қойды, міне АҚШ осы қолайлы сәтті оңтайлы пайдаланып, Арме­­нияда өзінің позициясын нығайтып алғысы келетіндей. Сондай-ақ АҚШ-тағы көп санды әрі бизнес пен саясатта айтарлықтай беделі бар армян диаспорасының қолдауына сүйенбекші. Ар­­мян­дардың үлес салмағы, әсіресе Калифор­­нияда ба­­сым. Олардың дауысы мерзімі жақындап қалған сенат пен өкілдер палатасы сайлауы ке­зінде демократтарға көп көмек болады деп са­найды. Тек кейбір сарапшы бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын ескертеді. Өйткені Демо­кратиялық партияның көшбасшыларының қа­тарында Американың мұсылман қауымдары­ның арасынан шыққан тұлғалардың позициясы әжептәуір нығайып келе жатыр. Сондықтан Джо Байден бұл әрекетімен армяндардың дауысын жинаймын деп жүргенде мұсылмандардың дауысынан айырылып қалуы кәдік. Оның үстіне, ғасыр бұрынғы тарих қой­науын­да қалып қойған «армян қырғыны» мәсе­лесін қалай шешу керектігі ең бірінші Армения мен Түркияның өзіне керек және айып тағылып отырған Осман империясы бүгінде жер бетінде жоқ. Ал енді қазіргі заманның геосаяси кон­тексінде қарастырсақ, Әзербайжанның аумағын отыз жыл отарында ұстаған Арменияның өзі кешегі күнге дейін басқыншы мемлекет сана­тында болды. Ол отарлаған жылдары қанша әзер­байжанды өл­тіріп, азаптағанына, атаме­кені­­нен қуғанына әлі халықаралық-құқықтық баға берілген жоқ. Сондықтан АҚШ-тың түріктерге тағып отыр­­ған айыбы  жақын болашақта армян­дардың өздеріне тағылуы мүмкін. Егер армян геноциді танылса, халықаралық саясат қалай өзгеруі мүмкін? Ол үшін Түркияға АҚШ та, басқа да санкция салайын деп немесе халықаралық сотқа тартайын деп жатқан жоқ. Оны былай қойғанда, Қарабақтағы соғыстан кейін Пашинян Түр­­­­киямен арадағы шекараны ашуға мүдделі екенін және мұндай жағдайда геноцид өзіне моральдық тұрғыдан бөгет бола алмайтынын мәлімдеген. Реджеп Тайип Ердоған да тек Әзербайжанмен ғана емес, Армениямен де экономикалық қаты­­настарды орнатуға ниетті екенін білдірген. Де­­мек, екі ел басшылары өзара экономикалық байланыстардың орнығуын қалап отырғанда Түркия – Армения арасындағы қарым-қатынастың түбегейлі өзгере қалуы екіталай.

Түркияның ұстанымы қандай?

Түркия Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясы аумағында өмір сүрген көптеген армяндардың қаза тапқанын мойын­­дайды. Бірақ ресми Анкара құрбандар санының тым асыра  көрсетілгенімен келіспейді және мемлекет армяндарды өлтіруді жүйелі түрде және қасақана ұйымдастырды дегенге қарсы. 25 сәуір күні Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Калын Reuters журналистеріне берген сұхбатында АҚШ-тың Осман империя­сында армяндарға геноцид жасалды деп мәлім­деуі екі ел арасындағы дипломатиялық және саяси жайсыз салдарға ұрындыратынын айтты. Ол Түркияның Джо Байденнің мәлімдемесіне қарсы алдағы бірнеше айдың ішінде түрлі фор­мада және дәрежеде жауап қайтаратындарын мәлімдеді. Түрік парламентінің спикері Мұстафа Шентоп АҚШ президентінің сөзі «Анкара мен Уашингтонның арасына сызат түсіреді» десе, елдің СІМ Мевлют Чавушоглу Байдендің мә­лімдемесін «көбіксөз» деп атады. Түркияның Vatan партиясының өкілдері осыған байланысты Анкараның Инджирлик әуежайынан АҚШ әскерилерін қуып шығып, әуежайды мемлекет өз бақылауына алуы қажет деп талап ете бастады. Бұл база Батыс коали­циясының Сирия аумағындағы операциялар жасау үшін әскери жабдықтарды түсіріп,тиейтін база және авиашабуылдар жасайтын плацдарм ретінде пайдаланылып келген. Украина болашақ институтының халықа­ралық сарапшысы Илия Куса АҚШ президентінің армян геноцидін мойындау екі ел арасындағы саяси қарым-қатынасқа теріс әсер етеді, бірақ оны түбегейлі өзгертіп жібермейді деп санайды. Ол: «АҚШ пен Түркияның аймақтық пробле­маларға, ғалымдық қауіпсіздікке, күрттердің жайына, мемлекетті басқару моделі ретінде адам құқықтары мен либеральды-демократиялық да­му мәселе­леріне қатысты көзқарастары әртүрлі. Сондай-ақ Сирия, Ливия, Ирак, Кипр, Греция және РФ қатысты екі елдің ұстанып отырған саясаттары бір-біріне қарама-қайшы» дей келіп, сөйте тұра осынау көп қайшылықтарына қара­мастан, екі елдің геосаяси жағдайды аса шие­леністірмей, тәк-тәкпен ұстап отыруының өзі көп жағдайды аңғартса керек. Яғни, үлкен саясатта АҚШ пен Түркияны біріктіретін, мүдделестіретін мақсаттар одан да күшті деп түйіндейді. P.S.

Байденнің армян геноцидіне қатысты мә­лімдемесінен кейін АҚШ та оны жақтау­шылардың да, қарсылардың да акциялары өтті. Құрама Штат­­тардың Анкарадағы елшісі Дэвид Саттерфилд Түркия СІМ-не шақыртылып, оған наразылық нотасы тапсырылды. Госдеп «сақтық үшін» 26-27 сәуір күндері америкалық консулдық­­тың жұмысын уақытша тоқтатты. 

 

Дәулет АСАУ