2021 жылы дүниеден озған тұлғалар
2021 жылы дүниеден озған тұлғалар
593
оқылды

Коронавирус елге оңай тимей тұр. Соңғы бір жылда Covid-19 індеті қаншама жақсы мен жайсаңды алып кетті. Елге белгілі тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Биылдың өзінде індет тыйылар емес. Жыл басынан бері коронавирус салдарынан кімдер өмірден озды?

 тұлға ©holanews.kz

Дастан Қадыржанов

24 сәуір күні қазақстандық белгілі саясаттанушы Дастан Қадыржанов 54 жасында өмірден өтті. Жақындары мен әріптестерінің айтуынша, ол өткен аптада Covid-19 диагнозымен ауруханаға түскен. Өкінішке қарай, осы дерттен айықпастан көз жұмды.

Дастан Қадыржанов түрлі саяси мәселелер туралы сараптамалар жазып жүрген мықты маман еді. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы – тарихшы-шығыстанушы. Ол Сыртқы істер министрлігінде, телевидениеде жұмыс істеген. «Отанның жүрегі» және «Мейірбан баланың оқиғасы» кітаптарының, «Үлкен жалғыздықтың кішкене хикаялары» атты өлеңдер жинағының авторы.

[caption id="attachment_132160" align="alignnone" width="1024"]тұлға ©exk.kz[/caption]

Ким Серікбаев

19 сәуірде 88 жасқа қараған шағында әскери ғылымдар докторы, полковник Ким Серікбаев дүниеден өтті. Қайраткердің коронавирустан қайтыс болғаны анықталды. Ол ауруханада 5 күн жатып, емделген екен.

Ким Серікбайұлы 1934 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін, Уфа әскери училищесін және Мәскеу әскери академиясын тәмамдаған. 1956-1966 жылдары Қиыр Шығыс, Мәскеу, Орта Азия әскери округтерінде взвод, рота, батальон командирі, штаб бастығы, полк командирі болып қызмет атқарған. Әр жылдары Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі, Президент аппараты жанынан құрылған Қорғаныс бөлімінің жетекшісі және өзге де жауапты қызметтерге тағайындалған. Ким Серікбайұлының артында 180-нен астам ғылыми еңбек қалды.

[caption id="attachment_132161" align="alignnone" width="1024"]тұлға ©novoetv.kz[/caption]

Ғазиза Әбдінабиева

18 сәуір күні Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінабиева 72 жасында дүниеден озды.

Ол Қазақ Ұлттық консерваториясының (бұрынғы Алматы консерваториясы) «Актерлік шеберлік» факультетін бітірген. Консерваторияның 4-курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1969 -1993 жылдары осы театрда еңбек етеді.

Сондай-ақ ол «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Біржан сал», «Кемпір», «Зауал» сияқты бас-аяғы 20-ға жуық фильмде ойнаған. [caption id="attachment_132162" align="alignnone" width="1000"]тұлға ©abai.kz[/caption]

Есенғали Раушанов

16 сәуір күні қазақтың дара ақындарының бірі Есенғали Раушанов өмірден өтті.

Ол 1957 жылы Қарақалпақстанның Хожелы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы, Мырза­шөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Кейіннен «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» журналының бас редакторы, 1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры болған.

Ақын ағамыз энциклопедиялық білімге ие, үш тілді қатар меңгерген полиглот, қайраткер еді. Өмірінің соңғы жылдары Жазушылар одағында басшылық қызмет атқарған екен. [caption id="attachment_132163" align="alignnone" width="746"]тұлға ©jebeu.kz[/caption]

 Қабдеш Жұмаділов

5 сәуір күні дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келген.

Қаламгер өзінің бір естелігінде «жазушылықтың азап екені рас. 20 томдай кітап жазыппын. Бұл – тілеп алған ауруың. Мен өмірімді қайта бастасам, тағы да жазушы болу жолын таңдар едім. Бұл кәсіптің рақаты – алған сыйлығың, атағың да емес. Әр кітапты бітіріп, соңғы нүктесін қойған кезіңде жүрегіңді бір қуаныш билейді. Ол сәттегі ләззатты ештеңеге айырбастай алмайсың. Қоғамнан мезі болғанда тарихи роман жазудың рақатына батамын. Сол кезеңде сен ежелгі адамдармен сөйлескендей боласың. Билермен, хандармен, батырлармен бір табақтан ас ішіп, дәмдес боласың. Осының бәрі рақат. Бұл рақатты тек қалам ұстаған жазушы  түсінеді» дегені бар.

Сол секілді жазушы бар ғажапты қалам мен қағаздан тапты. Соның арқасы болар, оның қаламынан 10 роман туды. 20-дан астам повесть жазды. Одан бөлек, 70-тен астам әңгімесі бар. [caption id="attachment_132164" align="alignnone" width="1024"]тұлға ©kaz.nur.kz[/caption]

Ілияс Тұрманов

4 сәуірде 55 жасында белгілі театр және кино актері Ілияс Тұрманов қайтыс болды. Алматыдағы Наталья Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының жетекші актері көптен бері науқас болыпты.  Әріптестері оның коронавирустың салдарынан қайтыс болғанын жеткізді.

Ілияс Тұрманов 1967 жылы дүниеге келген. Ол шығармашылық қызметін Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық орыс драма театрында бастап, ол жерде 10 жылдай қызмет еткен.

Актер 2003 жылдан бастап «Каждый взойдет на Голгофу», «Маленькие люди», «Остров возрождения», Ресейдің, Израильдің, Польшаның және Қазақстанның бірлескен туындысы болған «Подарок Сталину», «Небо моего детства» фильмдерінде, «Астана – менің махаббатым» қазақ-түрік телехикаясында түрлі рөлдерді сомдаған. [caption id="attachment_132165" align="alignnone" width="1024"]тұлға ©newtimes.kz[/caption]

Александр Пономарев

14 наурыз күні «Азия дауысы» фестивалінің режиссері Александр Пономарев қайтыс болды. Марқұм коронавируспен ауырған. Соның салдарынан жағдайы өте ауыр болып, жансақтау бөлімінде үш аптадай жатқан. Оның үстіне өзінің жүрегі ауыратын. Сондықтан оған бұл дерт ауыр тиді. Негізі «Азия дауысы» фестивалінің негізін қалаған Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев еді. Марқұм Мұрат Ерғалиев былтыр 63 жасында коронавирустан қайтыс болды.

«Азия дауысы» музыкалық фестивалі алғаш рет 1990 жылы Медеуде өтті.  Халықаралық деңгейдегі байқау болғандықтан оған жан-жақтан 15 елдің қатысушылары бірден жиналды. Кейінірек фестиваль 2005 жылға дейін жыл сайын өтіп тұрды. Сол жылдары «Азия дауысы» байқауы Канн фестивалінен әлемдік шоу-бизнестің арнайы сыйлығын иеленді.  Бұл байқауға Патрисия Каас, Пупо, Тото Кутуньо, «Бони М», Митхун Чакраборти, Алла Пугачева, Валерий Леонтьев сынды шетелдік жұлдыздардың талайы қатысты. Сөйтіп, бұл фестиваль Қазақстанның брендіне айналды.

[caption id="attachment_132166" align="alignnone" width="750"]тұлға ©bairaq.kz[/caption]

Әлімғазы Райымбеков

Белгілі қазақстандық актер Әлімғазы Райымбеков 19 қаңтарда 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Актер 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауылда жүргізуші болып бастаған. 1965 жылы алғашқы «Ән қанатында» фильмінің спорттық іс-шараларына шақырту алады. 1966 жылы «Қилы кезең» фильміне түседі. 1968 жылы қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған «Тақиялы періште» (режиссері Шәкен Айманов) кинофильміндегі Тайлақтың рөлін сомдайды.

Актер былтыр 20 желтоқсанында 85 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Оның 10 баласы, 22 немересі және 20 шөбересі бар. Актердің фильмографиясында «Қан мен тер», «Ән қанаттары», «Асуда», «Көк маршрут» сияқты 10-нан аса танымал картина бар.