Қордай оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Жамбыл облыстық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 1 жыл төрт ай қаралған сот процесінің қорытындысында күдіктілердің алды 20 жылға сотталса, кінәсі дәлелденбей ақталып шыққаны да бар.
Мамандандырылған сотта сот үкімін судья Айдарбек Замбаев оқыған болса, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңындағы брифингте облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов бар жағдайды жан-жақты баян етті. Оның айтуынша 2020 жылдың 7-8 ақпан аралығында Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында орын алған жаппай тәртіпсіздікте 10 адам қаза тауып, тағы бір тұрғын өртенген ғимараттың қирандыларының астынан табылған. Сондай-ақ 158 азамат пен 20 полиция қызметкері жарақат алған. 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік құралы бүлініп, меншік иелеріне келтірілген залал 829 миллион 848 мың теңгені құраған. Бұдан бөлек, облыстық Полиция департаментінің 10 автокөлігі зақымдалып, мемлекетке 3 миллион 291 мың теңге залал келтірілген. – Бұған дейін сот өкімі бойынша бұзақылық әрекеттермен денсаулыққа зиян келтіріп, билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін 6 адам сотталған болатын. Бүгінгі қылмыстық іс бойынша сот процесі 2020 жылдың 8 желтоқсанынан 2021 жылдың 19 сәуіріне дейін өтті. Оған екі прокурор, 366 жәбірленуші және 16 жәбірленуші өкілі, 10 қорғаушы, сондай-ақ 4 аудармашы қатысты. Қылмыстық іс бойынша 51 адам айыпталушы ретінде сотқа беріліп, оның ішінде 33-і қамауда, 18 адам жеке кепілдік және ешқайда кетпеу қолхаты бойынша ұсталды. Сотталушыларға ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды. Сот заң мен сот алдындағы теңдік принципін басшылыққа алып, жиналған дәлелдеме мен қылмыстық заңнамада көрсетілген жаза аясында келесі шешімдерді шығарды. 50 адам кінәлі деп танылып, бір адамның кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты ол ақталды. Сотталушылардың кінәлары молекулярлық, сот-тергеу қорытындылары мен жасырын бейнебақылау камераларындағы видеолар арқылы қаралды, - деді облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Сайлауұлы.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы