Шымкентте 17 жастағы студентті өлтірген 6 жігіт сотталды
Шымкентте 17 жастағы студентті өлтірген 6 жігіт сотталды
131
оқылды

Шымкентте студентті шлакоблокпен ұрып өлтірген 6 жігіт сотталды.  

Сот отырысына "құрдасын шлакоблокпен ұрып өлтірді" деп айыпталған сотталушылардың жақындары түгел жиналды. Үкімді естігенде, көз жастарын тыя алмады. Ал сотталушылар отырған орындарынан тұрып кетті, деп хабарлады Otyrar.kz.

17 жастағы шымкенттік студентті топтасып өлтірді деген айыпталған 6 жігіт сотталды.

Бірақ сот үкімімен марқұм Абзал Өткіровтің ағасы келіспейді. Айтуынша, бауырын өлтіргендерге берілген жаза тым жеңіл.
"Апелляцияға береміз. Тым жеңіл жаза берді. 106-баппен кемі 8 жылдан беру керек еді. Әрқайсысына 8 жылдан беруі керек еді. Үсіпбаев Жанболатқа ғана 8 жыл берді. Бәрі бірдей қылмыс жасады. Толық үкім шығарғанын қалаймын", - деді жәбірленуші Алмаз Өткіров.
Ал сотталғандардың жақындары жаза мерзімін тым көп деп отыр. Олар бұл іске нағыз кінәлілер бостандықта жүргенін айтады. Олар соттан кейін шу шығарды.
"Біздің балалар кінәсіз. Ол бала таспен бір ұрғанда өлген. Дұрыс па? Экспертизада да солай көрсетілген. Неге ұрған бала 6 жыл алады да, біздің балалар 8 жыл алады? Бұл әділетсіз", - деп ашынды сотталушының әпкесі Сапаркүл Үсіпбаева.
Еске сала кетейік, шымкенттіктердің жағасын ұстатқан оқиға былтыр мамыр айында болды. Құрдастар Маятаста кездеседі. Олар бұған дейін де бірнеше рет жаға жыртысқан екен. Алайда соңғы кездесу қайғылы аяқталып, 17 жастағы студент Абзал Өткіров көз жұмды.