178,5 миллион теңгеге – 20 дәретхана
178,5 миллион теңгеге – 20 дәретхана
109
оқылды

Алматыда қаланың маңызды нысандарының маңына 20 дәретхана орнату жоспарланып отыр. Арбатта, «Көктөбе» саябағында, «Орталық стадион» және басқа жерлерде. Осыған байланысты қаланың Туризм басқармасы мемлекеттік сатып алу сайтында өтінім жариялады. Жоба 178,5 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Техникалық құжаттамаға сәйкес, 20 дәретхана мына мекенжайларда орнатылады: «Көктөбе» саябағы, Төлебаев көшесі, Абай даңғылынан төмен (шығыс жағы), Орынбор көшесіндегі «Шухов» атындағы саябақ, Орталық стадион, Дулати даңғылы (Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағына қарама-қарсы аллея), Көктем-2 шағынауданы, Гагарин даңғылындағы аллея, Байсейітова көшесі, Абай даңғылы мен Байсейітов көшесінің қиылысы, Панфилов көшесі (Жібек Жолы даңғылының солтүстік-шығыс жағы), «Астана» алаңы», Жібек Жолы көшесі (Желтоқсан көшесінің солтүстік-шығыс жағы), Байтұрсынов гүлзары, «Абай атындағы МАОБТ», Амангелді көшесі, Желтоқсан көшесіндегі «Иманов» саябағы, «Сары-Арқа» саябағы, №8 шағынаудан, «Сайран» автовокзалы, Шалов көшесі мен Пятницкий көшесінің қиылысы (солтүстік-батыс жағы). Құжаттамаға сәйкес, дәретханаларда жылыту үшін қабырғаға орнатылатын электр конвекторы және су жылытуға арналған бойлер, сондай-ақ бұзуға төзімді дәретханалар, раковиналар мен қол кептіргіштер, сабын мөлшерлегіш және басқалары орнатылуы керек. Бұдан басқа, әрбір дәретхана есігінде қызыл түсті «бос емес» және жасыл түсті «бос» деген мағына беретін пиктограммасы бар ақпараттық көрсеткіш орналасуы тиіс. Бұған дейін әкімдік орташа есеппен бір дәретхана салуға 9 миллион теңге бөлетіні хабарланған болатын. Еске сала кетсек, 2020 жылы Алматы қаласының Медеу әкімдігі жалпы сомасы 96,5 миллион теңгеге 10 көше дәретханасын орнатуды жоспарлаған болатын.

Исмаил ҚУАНЫШ