Жамбыл облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы да жаңа құраммен жауапкершілігі мол міндетіне кірісті. Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровпен болған сұхбатымыз дәл фракция жұмысы төңірегінде өрбіді.
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, әңгімемізді облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының сандық-сапалық құрамының жасақталуынан бастасақ. – Жамбыл облыстық мәслихатындағы 36 депутаттық мандаттың 30-ына «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттар партиялық тізім арқылы иелік етті. Сайлау қорытындысымен облыстық мәслихаттағы депутаттық корпус 76,7 пайызға жаңарды. Бұған дейінгі шақырылымдағы депутаттардың орта жасы 60 жас болса, қазір бұл көрсеткіш 48 жасқа дейін жасарды. Қазір «Nur Otan» партиясынан партиялық тізіммен депутаттық мандатқа ие болғандардың бесеуі 35 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ фракция мүшелерінің арасында әйелдердің үлесі 23,3 пайызға жетті. Мұнда Елбасы – партия Төрағасы Н.Назарбаевтың барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер мен жастардың үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасының басшылыққа алынғанын айта кету керек. – Жаңа тұрпатта, жаңа құраммен жасақталған фракция мүшелерінің алдында тұрған маңызы зор міндеттің бірі – партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға атсалысу. Фракция мүшелерімен осы бағытта қолға алынған жұмыстың қазіргі аяқалысы қалай? – Фракция құрамы жасақталған алғашқы күннен біз сайлаушыларға берген уәделеріміздің орындалу тетігі қарастырылған сайлауалды бағдарламаны іске асыру мәселесіне баса назар аудардық. Осылайша облыстық, Тараз қалалық және аудандық сайлауалды бағдарламаларын іске асыру бойынша Жол карталары түзілді. Аталған жол карталарында 102 іс-шара мен 986 индикаторлық көрсеткіш қамтылған. Бұл көрсеткіштерге 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен қол жеткізу жоспарланып отыр. Партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен фракцияның алғашқы отырысында біз аталған Жол картасын егжей-тегжейлі талқыладық. Кейіннен Жол картасын бекіту мәселесі партия облыстық филиалы жанындағы Саяси кеңесі бюросы отырысының күн тәртібіне қойылды. Бюро мүшелерінің келісімімен облыс бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жол картасы бекітілді. Биыл Жол картасындағы 210 индикаторлық көрсеткішті орындау жоспарда бар. Жақында ғана өткен фракцияның кезекті отырысында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жастар саясаты салаларындағы партияның сайлауалды бағдарламасындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы қаралды. Бұл мәселе бойынша салалық басқарма басшыларының орынбасарлары және облыстық жастар орталығы директорының баяндамасын тыңдадық. Фракция мүшелері тарапынан мектепке дейінгі білім беру, мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, мектеп медицинасын жоғары деңгейде ұйымдастыру, спорт, мәдениет нысандарының қолжетімділігі сынды мәселелер көтерілді. Жауапты мекемелер бұл мәселелерді назарға алып, ол бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуге уәде берді. Сондай-ақ фракция отырысында әлеуметтік салаға жауапты бірқатар фракция мүшелерінің де тоқсан ішінде атқарған жұмысының есебі тыңдалды. – Жақында партия жанынан бірнеше қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңестердің жұмысындағы фракция мүшелерінің рөлі қандай? – Партия облыстық филиалы жанынан құрылған 10 қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – сайлауалды бағдарламаның орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу. Мұндағы 6 қоғамдық кеңеске біздің фракция мүшелері жетекшілік етеді. Сонымен қатар 2 қоғамдық кеңес төрағасына орынбасарлық жасау міндеті де облыстық мәслихаттағы нұротандық депутаттарға жүктелді. Жалпы, қоғамдық кеңестердің жұмысына «Nur Otan» партиясынан партиялық тізіммен сайланған облыстық мәслихаттың барлық депутаты толықтай тартылды. Маған да өңірлік дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесіне төрағалық ету міндеті жүктелді. Бұл кеңес партияның сайлауалды бағдарламасындағы өңірлерді дамыту бойынша іс-шаралардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Сондай-ақ дәл осы мәселеге жауапты жергілікті атқарушы және өкілді органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірлейді. Өңірлерді дамыту саясатын жүйелі ұйымдастыруда Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясына ұсыныстар беріп отыратын боламыз. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАН