Халықаралық ынтымақтастық дами түседі
Халықаралық ынтымақтастық дами түседі
274
оқылды

Ақордада бірқатар мем­ле­кеттің жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елші­лерінің Қазақстан Прези­дентіне сенім грамоталарын табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Уганда Республи­касының елшісі Джонсон Агара Олва, Замбия Республикасының елшісі Шедрек Чингембу Лувита, Мальдивтер Республикасының елшісі Омар Абдул Раззак, Корей Халық Демократиялық Республикасы­ның елшісі Хон Чхоль Син, Люксембург Ұлы Герцогтігінің елшісі Жорж Камиль Адольф Фабер, Исландия Республикасы­ның елшісі Аурни Тор Сигурдссон, Черногорияның елшісі Милорад Шчепанович сенім грамотасын табыстады. Қазақстан Президенті елші­лерді дипломатиялық миссияла­рының ресми түрде басталуымен құт­тықтап, екіжақты байланыс­тарды одан әрі ны­ғайтуға бағыт­талған жұмыстарына табыс тіледі. – Қазақстан халықаралық ын­тымақтастықты дамытуды қол­дайды. Біз халықаралық аренада «үлкен ойын» ойнауды емес, қайта сіздердің елдеріңізбен бірлесе отырып «үлкен нәтижеге» қол жеткізуді ойлаймыз. Бола­шақта әртүрлі салалар бойынша ық­пал­дастықты арттырамыз деп сенемін. Қазақстан сіздердің мем­лекет­теріңізбен екіжақты фор­матта да, халықаралық ұйымдар шеңберінде де тығыз қарым-қатынас орнатуға бейілді екенін жеткізерсіздер, – деді Мемлекет басшысы. Салтанатты рәсім соңында Қазақстан Президенті Уганда, Замбия, Мальдивтер, ҚХДР, Люксембург, Исландия және Чер­ногория көшбасшыларына өзінің сәлемін жолдап, тілектестігін білдірді.