Ветеринарияның тамырына балта шабылып кетпесін
Ветеринарияның тамырына балта шабылып кетпесін
434
оқылды

Мемлекеттік қызметкерлер штатын қысқарту мәселесі былтырдан бері қолға алынып жатқаны белгілі. Десек те, бұл ретте қысқартудың жеті рет өлшеп, бір рет кесілуі керегін есте ұстаған жөн. Олай болмаған жағдайда оңтайландырудың соңы опық жегізуі әбден мүмкін. Мәселен, облыстардағы Ветеринария басқармасы мен Ауыл шаруашылығы басқармасын біріктіру туралы ұсынысты көзіміз шалды. Егер қабылданып, екі басқарма қосылатын болса, оның салдары қандай болуы мүмкін? Қазірдің өзінда тұралап қалған ветеринария саласының тамырына балта шабылып кетпей ме?

Басқармаларды қосу туралы  пікір бар

Президент Қ.Тоқаевтың  2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің штат саны лимитін 2020 жылы – 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға қысқартуға бағытталды. Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындаудың бір тетігі ретінде соңғы кездері түрлі басқарманы қосу  туралы идеялар айтылып жүр. Ауыл шаруа­шылы­ғы мен Ветеринария басқарма­ларынан бөлек Денешынықтыру және спорт басқармасы мен Ішкі саясат, Кәсіпкерлік және Өнеркәсіп басқармасы мен туризм, Жұмыспен қамтуды үйлес­тіру басқарма­сы мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасын біріктіру туралы ұсыныс бар. Сондай-ақ Еңбек инспекциясы басқармасын әкім аппараты бөлімдеріне қосу арқылы оңтайландырмақ.

Мал дәрігерлері онсыз да аз

Ал енді негізгі тақырыпқа ойыссақ. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен ветеринарияны біріктіруге қатысты мәселені бөліп жарғандай бөлек айтып отырғанымыз бекер емес. Себебі бұл салалардағы күрмеуі көп мәселенің шаш етектен екенін жиі жазамыз. Әсіресе, ветеринарияның мүшкіл жағдайы жайлы. Есіңізде болса, бұған дейін жас мамандардың ветеринар болуға құлшынбауының себебіне үңілген едік. Тереңірек қарастыра келе бұл салаға көңілдің аз бөлінетініне тоқталдық. Расында, қайта құру, түрлі реформа, оңтайландыру деп жүріп ветеринария саласындағы ахуалды әбден тұралатып алдық. Бұған дәлел ретінде елдегі сан түрлі жағдайды келтіре аламыз. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, біздегі ең табысы төмен мамандық қата­рында болды. Бұл дегеніміз мал дәрігері болуға еш мотивация болмайтынын көрсетеді. Көз алдыңызға келтіріп көріңіз: жалақысы мардымсыз, ауырған малды емдеймін деп үсті-басы шаң-шаң болып жүруге мәжбүр, ол аз болса, еккен не құлағын тесіп нөмірлеген малдың есебін жасау үшін шырттай киініп, әкімдік ғимаратына да барып үлгеруің керек. Өйткені бөлек ғимарат қарастырылмаған. Ауылдағы интернет жағдайын ескерсек, кейде түнімен компьютерге үңіліп жұмыс істеуден өзге амал болмайды. Зиянды еңбек жағдайында істегені үшін үсте­меақы берілмейді. Ал ветеринарлық ұйым­дар мен кәсіпорындардың мате­риалдық-техникалық базасының ескір­генін айта-айта жақ талған. Сенатор Ақыл­бек Күрішбаев «Мал дәрігері маман­дығының жастар арасында беделі жоқ және тартымсыз. Сол себепті ауыл­дық жерлерде көбіне зейнет алдындағы және зейнеткерлік жастағы ветеринар-мамандар жұмыс істейді. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монополияның басым болуы және жергілікті жерлерде кадрлардың тапшы­лығы ветеринария саласына жеке капи­тал­дың келуін іс жүзінде тоқтатып таста­ды. Осылайша, біздің ветеринария жү­йе­міз «мүшкіл жағдайда» деп шындығын айтуымыз керек» деп дөп басқан еді. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің жартысына жуығы мал шаруа­шылығына тиесілі. Демек, бұл ретте ве­те­ринария – өте маңызды сала. Мемле­кеттік бағдарламаларды дұрыс әрі тиімді атқаруға, экспорт көлемін арттыруға септігін тигізеді. Егер ветеринария қар­қын­ды дамыса, демек экономиканы да гүлдендіруге болады. Қалай десеңіз, мал басын көбейту, сұрыптау, дайын өнімдер шығару – бәріне ветеринария тікелей қатысты. Малдардың аурудан аман бо­луы­нан бастап олардан алынатын өнім­дердің ветеринарлық-санитарлық талапқа сай болуын қадағалайды.

Қос басқарманы қосқанда кім ұтады?

«Ауыл шаруашылығы басқармасына қосқанда тұрған не бар?» деген заңды сауал туындайды. Екеуінің де илегені бір терінің пұшпағы көрінеді, былай қара­саңыз. Сырт көзге солай көрінгенімен, мамандар мұнымен келіспей отыр. Вете­ринария ғылымдарының докторы, про­фессор Ғайса Әбсатиров егер екі басқар­маны біріктіретін болса, оның нәтижесі қандай болуы мүмкін екеніне қатысты болжам жасады. Оның айтуынша, об­лыстық, аудандық және ауылдық вете­ринария қызметін ұйымдастыруда же­місті жұмыс атқарып отырған басқар­малар қысқарса, ветеринар мамандардан – бірден-бір орындаушылардан айы­рылып қаламыз. «Меніңше, егер оңтай­ландырылса, ауыл шаруашылығының облыстық жаңа құрылымында мал шаруашылығы және ветеринария бөлімі ұйымдастырылады. Оның ішінде әрі кетсе 3-5 ветеринар болады. Олар түгел аймақтағы ахуалды физикалық тұрғыдан ұйымдастыра да, бақылай да алмайды. Одан бөлек, қазір онсыз да бар кадр тап­шылығы одан әрмен туындайды. Сон­дықтан Ветеринария басқармасы қалуы керек деп есептеймін. Түптеп келгенде, ветеринарлық қызмет халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі вете­ринария­ны өгейсітпей, «әкелік қамқорлық» көрсетуі керек. Өйткені ұсыныс тастап отырған өзге министрліктер вете­ринар­лық қызмет жайлы мүлдем бей-хабар», – дейді маман. Әріптесінің басқармаларды бірік­тіруге болмайды деген пікіріне «ШҚО  ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бакимбаев та келісіп отыр. Керісінше, республикалық деңгейде агенттік ретінде құру қажет деген пікірде. «Ветеринария туралы» заңға сәйкес, облыс көлемінде Ветеринарлық басқарма жеке болуы керек. Яғни, басқарманы біріктірмес бұрын бұл ретте заңға өзгеріс енгізу қажет болады. Екіншіден, облыс дең­гейінде Ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармасын қосқаннан еш жағымды әсер болмайды. Керісінше, онсыз да көлеңкеде қалған ветеринария­ның жағдайы қиындай түседі. Егер қо­сылса, Ауыл шаруашылығы басқарма­сының көп бөлімінің бірі болып қана қалады. Негізі, ветеринарияның ауқы­мын ауыл шаруашылығымен ғана шек­теген дұрыс емес. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген бар. Өз басым басқармаларды қо­су­дың орнына ветеринарияны респуб­лика көлемінде бөлек агенттік болып құрылғанын қалаймын. Мұндай ұсы­нысты депутаттар жасап жүр. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау болмай отыр. Айтарым, жаңа нәрсе ойлап таппастан, кеңес кезіндегі жүйені қалпына келтірсе жеткілікті» деп ой бөлісті Есенгелді Ескенұлы. Тоқетері сол, күні ертең Ауыл шаруа­шылығы және Ветеринария басқар­маларын біріктіру мәселесі қолға алынар болса, оның салдары да болатынын ескеру қажет. Маман таппай отырғанда штат болмай қалса, қызықтың көкесі сонда болуы мүмкін. Күллі дүниежүзін жаулаған коронавирус секілді мал ауруы таралса, күніміз не болады? Күндердің күнінде «ветеринарлар білігін арттыру керек, бұл мамандықты ел арасында беделді ету керек» деп жүргеніміз бекер боп қалмасын.

Жадыра АҚҚАЙЫР