Мемлекеттік қызметкерлер штатын қысқарту мәселесі былтырдан бері қолға алынып жатқаны белгілі. Десек те, бұл ретте қысқартудың жеті рет өлшеп, бір рет кесілуі керегін есте ұстаған жөн. Олай болмаған жағдайда оңтайландырудың соңы опық жегізуі әбден мүмкін. Мәселен, облыстардағы Ветеринария басқармасы мен Ауыл шаруашылығы басқармасын біріктіру туралы ұсынысты көзіміз шалды. Егер қабылданып, екі басқарма қосылатын болса, оның салдары қандай болуы мүмкін? Қазірдің өзінда тұралап қалған ветеринария саласының тамырына балта шабылып кетпей ме?
Басқармаларды қосу туралы пікір бар
Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің штат саны лимитін 2020 жылы – 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға қысқартуға бағытталды. Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындаудың бір тетігі ретінде соңғы кездері түрлі басқарманы қосу туралы идеялар айтылып жүр. Ауыл шаруашылығы мен Ветеринария басқармаларынан бөлек Денешынықтыру және спорт басқармасы мен Ішкі саясат, Кәсіпкерлік және Өнеркәсіп басқармасы мен туризм, Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасын біріктіру туралы ұсыныс бар. Сондай-ақ Еңбек инспекциясы басқармасын әкім аппараты бөлімдеріне қосу арқылы оңтайландырмақ.Мал дәрігерлері онсыз да аз
Ал енді негізгі тақырыпқа ойыссақ. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен ветеринарияны біріктіруге қатысты мәселені бөліп жарғандай бөлек айтып отырғанымыз бекер емес. Себебі бұл салалардағы күрмеуі көп мәселенің шаш етектен екенін жиі жазамыз. Әсіресе, ветеринарияның мүшкіл жағдайы жайлы. Есіңізде болса, бұған дейін жас мамандардың ветеринар болуға құлшынбауының себебіне үңілген едік. Тереңірек қарастыра келе бұл салаға көңілдің аз бөлінетініне тоқталдық. Расында, қайта құру, түрлі реформа, оңтайландыру деп жүріп ветеринария саласындағы ахуалды әбден тұралатып алдық. Бұған дәлел ретінде елдегі сан түрлі жағдайды келтіре аламыз. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, біздегі ең табысы төмен мамандық қатарында болды. Бұл дегеніміз мал дәрігері болуға еш мотивация болмайтынын көрсетеді. Көз алдыңызға келтіріп көріңіз: жалақысы мардымсыз, ауырған малды емдеймін деп үсті-басы шаң-шаң болып жүруге мәжбүр, ол аз болса, еккен не құлағын тесіп нөмірлеген малдың есебін жасау үшін шырттай киініп, әкімдік ғимаратына да барып үлгеруің керек. Өйткені бөлек ғимарат қарастырылмаған. Ауылдағы интернет жағдайын ескерсек, кейде түнімен компьютерге үңіліп жұмыс істеуден өзге амал болмайды. Зиянды еңбек жағдайында істегені үшін үстемеақы берілмейді. Ал ветеринарлық ұйымдар мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының ескіргенін айта-айта жақ талған. Сенатор Ақылбек Күрішбаев «Мал дәрігері мамандығының жастар арасында беделі жоқ және тартымсыз. Сол себепті ауылдық жерлерде көбіне зейнет алдындағы және зейнеткерлік жастағы ветеринар-мамандар жұмыс істейді. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монополияның басым болуы және жергілікті жерлерде кадрлардың тапшылығы ветеринария саласына жеке капиталдың келуін іс жүзінде тоқтатып тастады. Осылайша, біздің ветеринария жүйеміз «мүшкіл жағдайда» деп шындығын айтуымыз керек» деп дөп басқан еді. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің жартысына жуығы мал шаруашылығына тиесілі. Демек, бұл ретте ветеринария – өте маңызды сала. Мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс әрі тиімді атқаруға, экспорт көлемін арттыруға септігін тигізеді. Егер ветеринария қарқынды дамыса, демек экономиканы да гүлдендіруге болады. Қалай десеңіз, мал басын көбейту, сұрыптау, дайын өнімдер шығару – бәріне ветеринария тікелей қатысты. Малдардың аурудан аман болуынан бастап олардан алынатын өнімдердің ветеринарлық-санитарлық талапқа сай болуын қадағалайды.Қос басқарманы қосқанда кім ұтады?
«Ауыл шаруашылығы басқармасына қосқанда тұрған не бар?» деген заңды сауал туындайды. Екеуінің де илегені бір терінің пұшпағы көрінеді, былай қарасаңыз. Сырт көзге солай көрінгенімен, мамандар мұнымен келіспей отыр. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсатиров егер екі басқарманы біріктіретін болса, оның нәтижесі қандай болуы мүмкін екеніне қатысты болжам жасады. Оның айтуынша, облыстық, аудандық және ауылдық ветеринария қызметін ұйымдастыруда жемісті жұмыс атқарып отырған басқармалар қысқарса, ветеринар мамандардан – бірден-бір орындаушылардан айырылып қаламыз. «Меніңше, егер оңтайландырылса, ауыл шаруашылығының облыстық жаңа құрылымында мал шаруашылығы және ветеринария бөлімі ұйымдастырылады. Оның ішінде әрі кетсе 3-5 ветеринар болады. Олар түгел аймақтағы ахуалды физикалық тұрғыдан ұйымдастыра да, бақылай да алмайды. Одан бөлек, қазір онсыз да бар кадр тапшылығы одан әрмен туындайды. Сондықтан Ветеринария басқармасы қалуы керек деп есептеймін. Түптеп келгенде, ветеринарлық қызмет халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарияны өгейсітпей, «әкелік қамқорлық» көрсетуі керек. Өйткені ұсыныс тастап отырған өзге министрліктер ветеринарлық қызмет жайлы мүлдем бей-хабар», – дейді маман. Әріптесінің басқармаларды біріктіруге болмайды деген пікіріне «ШҚО ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бакимбаев та келісіп отыр. Керісінше, республикалық деңгейде агенттік ретінде құру қажет деген пікірде. «Ветеринария туралы» заңға сәйкес, облыс көлемінде Ветеринарлық басқарма жеке болуы керек. Яғни, басқарманы біріктірмес бұрын бұл ретте заңға өзгеріс енгізу қажет болады. Екіншіден, облыс деңгейінде Ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармасын қосқаннан еш жағымды әсер болмайды. Керісінше, онсыз да көлеңкеде қалған ветеринарияның жағдайы қиындай түседі. Егер қосылса, Ауыл шаруашылығы басқармасының көп бөлімінің бірі болып қана қалады. Негізі, ветеринарияның ауқымын ауыл шаруашылығымен ғана шектеген дұрыс емес. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген бар. Өз басым басқармаларды қосудың орнына ветеринарияны республика көлемінде бөлек агенттік болып құрылғанын қалаймын. Мұндай ұсынысты депутаттар жасап жүр. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау болмай отыр. Айтарым, жаңа нәрсе ойлап таппастан, кеңес кезіндегі жүйені қалпына келтірсе жеткілікті» деп ой бөлісті Есенгелді Ескенұлы. Тоқетері сол, күні ертең Ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармаларын біріктіру мәселесі қолға алынар болса, оның салдары да болатынын ескеру қажет. Маман таппай отырғанда штат болмай қалса, қызықтың көкесі сонда болуы мүмкін. Күллі дүниежүзін жаулаған коронавирус секілді мал ауруы таралса, күніміз не болады? Күндердің күнінде «ветеринарлар білігін арттыру керек, бұл мамандықты ел арасында беделді ету керек» деп жүргеніміз бекер боп қалмасын.Жадыра АҚҚАЙЫР