Тосыннан банктегі шотымыз бұғатталып, ақшамызды пайдалана алмай пұшайман болып қалсақ, «бұл Үкіметке не жаздым?» деп себебін іздеп кететініміз рас. Сондайда өзіміз білетін-білмейтін қарызымызды өндіріп алу үшін сот орындаушысының жасап отырған мәжбүрлі шарасы екенін анықтаймыз. Адамды ақшадан қағу – сот орындаушысының бірден-бір әсер ететін тетігі. Сондықтан да бұл сала қызметкерлері біз үшін мәжбүрлеуші, жазалаушы болып көрінеді. Бірақ сот төрелігі мен әділет саласында сот орындаушыларының атқарып отырған қызметі зор. Өйткені олар әділеттік қудалаудағы соңғы инстанция. Осы орайда Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Ернар Ибраевпен сұхбаттасқан едік.
– Ернар Еркенұлы, биыл Жеке сот орындаушылар институтының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Жылдан-жылға олардың саны артып келеді. Ендеше бұл бағытта ахуал қандай? – Бүгінде республика бойынша 2 090 жеке сот орындаушысы бар. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 290 адам. 2020 жылды қорытындылап айтар болсақ, былтыр жеке сот орындаушыларында 5 млн 180 мың атқарушылық құжат болды. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын Жеке сот орындаушылар институтын енгізгенге дейін жыл сайынғы атқарушылық құжаттың саны 1 млн-нан аспайтын. Бұл осы уақыт аралығында сот орындаушыларына түсетін жүктеме 5 есе өсіп отырғанын білдіреді. Қазір бір жеке сот орындаушысында бір уақытта орташа алғанда 1 400 атқарушылық құжат болады. Бұл – өте үлкен жүктеме. Өйткені олардың барлығын бір уақытта жүргізіп отыру қажет. Олардың әрқайсысының атқарушылық әрекет жасайтын процессуалдық мерзімі бар. Ал мұндай жұмыстардың жүруі қарыз адамға байланысты. Егер оның ақшасы, өндіріп алуға болатын мүлкі болса, жұмыс істеп, табыс тауып отырса, онда біздің қызмет те нәтиже береді. Ал егер ондай мүмкіндігі жоқ болса, онда жұмыс жүргізу қиын. Ондайда тиісті органдардың көмегімен ол кісіні не қылмыстық, әлде әкімшілік жауапкершілікке тартуға тырысамыз. Егер оның қарызын төлеуден жалтарып жүргені дәлелденсе, онда жауапкершілікке тартуға болады. – Енді бұл жағдайды түзеу үшін қандай шара атқару керек деп ойлайсыз? – Бұл жағдайды жақсарта түсу үшін қарызы бар осындай адамдарды мәжбүрлі түрде жұмысқа тартуды қарастыратын мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама қабылдануы қажет. Сонда олардың еңбекақысы қарыздарын өндіріп алуға жұмсалар еді. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтыру құқын беру керек. Бүгінде мұндай құқық заңи білімі жоқ егерьлерде де бар. Ал тәжірибелі заңгер ЖСО-ларда жоқ. – Жылдан-жылға сот орындаушылар қызметі жетіліп келеді. Осы тұрғыда бұл салада қандай өзгеріс бар? – Азаматтарға ыңғайлы болу үшін жеке сот орындаушыларының рейтингі енгізілді. Оларды Әділет министрлігінің сайтынан және атқару өндірісі органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен көруге болады. Енді адамдар бізге жүгінер кезде оларды жұмыс нәтижесі мен беделі бойынша таңдай алады. Заңнамалық тұрғыдан өзгерістерге келер болсақ, 2020 жылғы 9 шілдеде қабылданған соңғы өзгерістер бойынша ЖСО-лардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру адвокаттар мен нотариустарға ұқсас етіп қайта қарастырылды. Енді сақтандыру көлемі атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомаға байланысты емес, нақты көлемде бекітілді. Ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына 1 000 АЕК болса, қалған аймақтарға – 500 АЕК. Бұл ЖСО-лардың сақтандыруға кететін шығынын азайтып отыр. Сондай-ақ жеке сот орындаушысы лауазымына қойылатын біліктілік талабы өзгертілді. Мәселен, енді құқық қорғау органдарына тек 5 жылдық еңбек өтілі бар тергеушілер мен прокурорлар ғана стажировкадан өтіп, емтихан тапсырмай лицензия ала алады. Қалғандарына бұл жеңілдік берілмейді. Лицензия уақыты 3 жыл боп белгіленді. Енді лицензиясынан айырылған ЖСО-лар да осы уақыттан соң қайтадан лицензия алып, жұмысқа кірісе алады. Алиментке қарыз мүгедек адамдар еңбекақысынан немесе өзгедей кірістерінен қайтарады. Ал жұмыссыз болса, жәрдемақысынан өтейді. Бұрынғыдай олардың мүлкіне тиісуге болмайды. Адамдардың елден шығуына тыйым салу үшін бұрын өндіріп алушы тараптың арызы керек болатын. Қазір іс қозғалғаннан бастап-ақ осындай шешім қабылдауға болады. Қарыз адамға салынған барлық ауыртпалықтарды енді тек мүлікті соңғы рет өткізген сот орындаушысы алып тастай алады. Іздеу салу функциясы бұрынғыдай сот арқылы емес, прокурордың санкциясымен жүзеге асырылатын болды. Сондай-ақ сот орындаушылары, егер оның ісі басқа ЖСО-ға берілген болса, қызметін тоқтатқан ЖСО-ның қаулысының күшін жою құқығына ие болды. Айта берсе, мұндай өзгеріс көп. Бұл біздің жұмысымызды жетілдіре түсті деуге болады. Заңнамалық бағыттағы жұмыстар әлі де болса жалғасатын болады. – Кейде жеке сот орындаушылардың өздерінің үстінен шағым түсіп жатады. Ондай қызметкерлеріңізге қандай шара қолданасыздар? Жалпы, азаматтар мұндай жағдайда қайда хабарласа алады? – Мұндай кезде азаматтар тиісті аймақтық палаталарға немесе Республикалық палатаға, Әділет департаменттеріне шағым түсіре алады. Жеке сот орындаушыларының әрекетіне (шешімі) және әрекетсіздігіне шағымдар сот тәртібімен қаралады. Егер шағымды қарау кезінде заңсыздық анықталар болса, ол қызметкер өзінің әрекетінің жеңіл-ауырлығына қарай тәртіптік жауапкершілікке тартылады. «Атқарушылық өндіріс туралы…» заң бойынша ол лицензиясынан айырылуы мүмкін. Немесе лицензиясының күшін уақытша жоюы мүмкін. Жеке сот орындаушыларының үстінен түсетін шағым әртүрлі болып келеді. Солардың ішінен алиментке қатысты істерді бөліп айтуға болады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша түскен барлық шағымның 8,64%-ында ғана шағымның орынды екені нақтыланды. Мысалы, М. деген азамат несиесін төлеу керек болған. Бірақ тосыннан есепшоты бұғатталып қалғанын көреді де, сұрастыра келе оған жеке сот орындаушысы арест қойғанын біледі. Себеп – әкімшілік айыппұлды (ЖҚЕ бұзу) төлемеген. Шындығында, ол айыппұлды бір апта кешіктіріп болса да төлеген болатын. Бірақ сот орындаушы қандай да бір себеппен оның төлегенін көрмеген де, шотты жауып тастаған. Өзінің қателігін ол кейін мойындады. Бұл жерде тек сот орындаушысын ғана кінәлауға болмайды. Айыппұлды салған орган (Полиция департаменті) оның айыппұлды төлегенін білсе, құжатты сот орындаушыларына жібермеуі керек еді. Біз келіп түскен құжатпен жұмыс істейміз. Кейде адамдар айыппұлы барын білмей жүре береді. Ал оны айыппұлды салған орган хабарлауы керек. Оның үстіне біздің келіп тұрған құжатты қабылдамауға құқымыз жоқ. Мұның бәрі азаматтардың құқын бұзуға, біздің үстімізден шағымдануға алып келеді. Түптеп келгенде кінәлі органдар сырт қалып қояды да, жаманаттың бәрі сот орындаушыларына келеді. Сондықтан да мәжбүрлі атқаруға қарыз адам біле тұра, өз еркімен төлемей жүрген құжаттар қабылдану керек. Мұндай ұсынысты біз Республикалық палатаның атынан заңға өзгеріс ретінде бердік. Алдағы уақытта қаралатын болады. – Алимент мәселесі – сіздердің жұмыста да, жалпы қоғамдық маңызы жағынан да өзекті тақырып. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта кетсеңіз? – Алиментті өндіріп алу 10% сот орындаушыға, 90% борышкерге байланысты дүние деп айтуға болады. Өйткені бұл проблема көп ретте халықтың аз қамтылған, тұрмысы нашар, әлеуметтік хал-ауқаты нашар бөлігінде кездеседі. Егер қарыз адам жұмыс істегісі келмесе, біз оны мәжбүрлей алмаймыз. Себебі мәжбүрлі еңбек тек соғыс уақытында және қылмыстық жаза ретінде жүзеге асырылады. Мұндайда сот орындаушыға қолдан келетін шараларды қабылдау қалады. Мысалы, қарыз адамның елден шығуға тыйым салу шарасы. Бірақ онсыз да ақшасы жоқ адамдар шетелге бармайды да. Енді бір қолынан келетіні – әкімшілік жауапкершілікке тарту. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бізге әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілмеген. Ол үшін біз қарыз адамды хаттама толтыру үшін Әділет департаментіне, одан соң сотқа апаруымыз керек. Алайда қарыз адам қарсылық көрсетіп, орындаудан бас тартатын болса, бұл жағдайда біздің қызметкерлер мәжбүрлеп, күш қолдана алмайды. Ресей Федерациясында мұндай құзырет қарастырылған. Сондықтан да көп жағдайда қарыз адамға айыппұл салынады. Бұл жағдайды одан сайын қиындата түседі. Онсыз да алиментін төлей алмай жүрген адам айыппұлды мүлдем төлемейді. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларының нәтиже беріп жатқаны сирек. Сол себепті алимент өндіру мәселесі ол тек сот орындаушыларының міндеті болып қалмау керек. Өйткені бұл жұмыстар олардың құзыретінен де тыс проблеманы қамтиды. Тіпті, бұл әлеуметтік проблема деп айтуға болады. Менің ұсынысым, қарыз адамдарды мәжбүрлі еңбекке тарту қажет. Жоғарыда айтқанымдай, осындай мемлекеттік тиімді жүйені енгізу керек. Сонымен қоса мемлекеттік «Алимент қоры» құрылуы қажет. Осы қордан қарыз адамдардың орнына олардың балаларына мемлекет ақша беруі керек те, содан кейін барып ол ақшаны қарыз адамнан өндіріп алу қажет. Бұл мәселені біз бұған дейін де көтергенбіз. Бірақ Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппады. Тағы бір ұсынысым – сот орындаушыларына әкімшілік айыппұл салу құзыретін беру қажет. Сонда ғана бұл мәселені түбегейлі шешуге болады. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ