Әпкелерінің айтуынша, жәбір көрдім деген әйелмен бауырлары азаматтық некеде тұрған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Марқұмның әпкесі Гүлімжан Уытова: «Біздің үйге келін болды. Үлкен кісілер өз мәселесін өзі шешеді ғой. Әкеміз ауру адам. Обырмен ауырады. Ауруханаға барып қаралып жүр. Күнде кешке жұмыстан келіп шай беріп отырады, осылай. Міне, фото бар. Жалған ақпараттың керегі жоқ. Өлер адам өліп қалды», – дейді.
20 сәуірде күдікті қыздарының көзінше жесір келіншектің басынан балтамен ұрып, кейін өзі асылып қалған. Ол жәбірленушінің қыр соңынан қалмай, бірнеше ай бойы зәбір көрсеткен.
Күдіктіні дер кезінде құрықтамаған 7 полицей жұмыстан қуылды. Алайда марқұмның жеңгесі қайным ешкімді зорламады дейді. Тіпті әйелді бір ай бойы қинап келді деген жігіт өгей қыздарын бауырына басып, екеуі бірнеше ай бірге тұрған.
Марқұмның жеңгесі Шұғыла Шарипова: «Ондай болатын болса, бес жасар қызды тастап, жұмысқа кете ала ма? Зорлық-зомбылықпен бір ай бойы ұстады дейді ғой. Ал жақсы, полицияға хабарласты, еш шара қолданбады деп жатыр. Егер зорлық-зомбылық көретін болса, ол қалай жұмысқа барады? Ол жұмысқа барса, көке-ау, жұмыстағыларға жармасып айтпай ма? Ол жұмысқа кетеді. Кешке келіп шайын дайындайды. Атасының шайын береді», – дейді.