30 сәуір күні Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театры ұзаққа созылған карантиндік үзілістен кейін сүйікті көрермендеріне А. Жұбанов пен Л. Хамидидың «Абай» операсының көрсетілімімен есігін айқара ашпақ. Опера Қазақ КСР-ның халық әртістері Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидың 115-жылдық мерейтойына арналады.
Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған «Абай» операсы – шындық пен жалғандықтың, әділеттілік пен опасыздықтың, мейірімділік пен қызғаныштың, адалдық пен сатқындықтың, сезім мен парыздың арпалысуы. Ол – Қазақстанның опера өнерінің ең үздік жетістіктерінің бірі.
Италяндық режиссер Андреа Чиньимен қайта жаңғыртылған «Абай» операсында бас партияларды Абай атындағы ҚазҰАОБТ жетекші солистері – Шахимардан Әбілов (Абай), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Бөкенов (Әзім), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева (Ажар), Дархан Жолдыбаев (Айдар), Таир Тажи (Сырттан), Дулат Тоқанов (Көкбай) және Оксана Давыденко (Қарлығаш) орындайды. Спектакльдің жаңартылған нұсқасы – қазақ опера өнерінің алтын қорының қалыптасу және даму тарихына деген ізгі құрмет.
Қонақтар үшін театрға кіру барлық санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында Ashyq мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.