Көкшетауда ер адам өзінің пәтерін өртеп жібермек болды. Күнде көршілерінің мазасын алып, жанжал шығаратын ер адамның бұл әрекеті полиция қызметкерлерін шақырғанда анықталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ер адамның психикалық ауытқушылығы бар екендігі анықталған. Көршілері телефон шалған соң дереу жеткен полиция қызметкерлері оның үйді өртеп жібермек болғанын түсінеді. Бірден оқиға орнына құтқарушылар шақыртылып, олар механикаландырылған құралдардың көмегімен пәтерін бұзып кірген. «Есікті ашқан кезде ер адам пәтердің ортасында еденнің үстінде от жағып жатқан жерінен ұсталды. Ол бірден жедел жәрдем және полиция қызметкерлеріне табыс етілді. Көршілердің дер уақытында полицияны шақыруы және құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің алдын алып, адам өліміне жол берілмеді», – деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. Жалпы өткен жылдың өзінде ғана Ақмола облысында тұрғын үй секторларын қасақана өртеу фактілері тіркелген. Құтқарушылар көп жағдайда адамдардың өз кінәсінен пәтерлер мен тұрғын үйлерде өрт шығатынын еске салып, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы