«Айқын» газетiнiң бас «дәрiгерi»
Бұйырмады ақ халат,
Бұйырғаны – ақ парақ.
Қандауыры – қаламсап,
Қан-тамыры – ақпарат!
(Журналистiк фольклордан)
Бүгiнде журналистиканың жампозына айналған Нұртөре Жүсiптiң ақ халат киiп, қолына қандауыр ұстап, екi көзi күлiмдеп, пациенттерге әзiлдеп қойып, операция жасауға әзiрленiп жатқан сәтiн көзге елестете аласыз ба? Әй, қайдам... Бiрақ солай болуы да әбден мүмкiн едi.
Мектепте әркiм мамандық таңдап жатқан тұста ол алдымен дәрiгер болғысы келдi. Оған жетелеген себеп бар едi. Жетiншi класта оқып жүрген кезiнде ауруханаға түстi. Ол кезде оқушылар күрiш алқабына отаққа баратын. Сонда қолының буындарына суық тидi. Ауруханада сарылып жатқанда өзiн емдеген дәрiгерлерге қатты қызықты. Елде Жәкен деген хирург ағай бар-ды. Қолының шипасы мол, нағыз дәрiгер. Өзi адамның да, маманның да төресi. Дәрiгердiң оқуын Ереваннан бiтiрген. Сол ағасының түр-тұлғасына, жүрiс-тұрысына, iс-әрекетiне аңсары ауды. Қысқасы, отаққа барып, оташы болуға бекiнiп қайтты.
Сегiзiншi класты бiтiргеннен кейiн Қызылорданың медицина училищесiне оқуға түсуге әзiрлендi. Сол жылдарда сегiзiншi кластан кейiн училищеге ер балаларды емтихансыз қабылдайтын тәртiп бар едi. Бiр кластың төрт баласы соған барамыз деп жиналды.
Бұлар оқитын сегiз жылдық мектеп сол жылы ғана орта мектепке айналған. Класта небәрi жиырма оқушы бар. Оның төртеуi дәрiгер боламыз деп желiгiп, құжат жинастырып жүргенде, бұл сыбыс мектеп директоры Есен Баймұратовтың құлағына жетедi. Ол жатып кеп ашуланады. Қайтсiн ендi? Кластағы айналдырған сегiз ер баланың төртеуi оқуға кетiп бара жатыр. Қалғанының бәрi қыз. Бұлар кетсе, әупiрiмдеп әзер ашқан мектептiң жабылып қалуы кәдiк. Есен ағасы Нұртөренiң көкесiне келiп, бар жағдайды мәлiмдейдi. Бұл шаңырақта көкенiң кесiмi кодекспен бiрдей. «Болды, – дейдi ол, – балалар оқу бiтiрiп, бiр-ақ кетедi. Содан соң бара берсiн». Дәрiгерлiкке талпыныс осымен аяқталды. Сөйтiп, қазақ медицинасы сарбаздарының қатарына бiр дарынды дәрiгер қосылмай қалды. Жалғыз бұл емес, сол төрт баланың ешқайсысы да дәрiгер бола алмады. Бiреуi құрылыс институтын бiтiрдi. Қалған екеуi ауылдың төңiрегiнде жүр.
https://youtu.be/s33oGeJOKW8
Видео: "Жетісу" телеарнасынан алынды
Дәрiгерлiкке ұмтылғаны тегiннен-тегiн емес едi. Адам емдеу өнерi арғы аталарының қанында бар. Iлгерiде бұл әулетте Тәшiм тәуiп, Досым тәуiп деген емшi кiсiлер болыпты. Олардың елдi емдеу қасиеттерi зор болған деседi. Тұрақты кәсiп қылмағанымен, бiздiң кейiпкерiмiздiң де ептеп тамыр ұстайтыны бар. Күлiмсiреп қойып, кейде алақанының қызуымен, кейде сөзiнiң жылуымен қуат берiп, шекесi құрыстап отырған жандардың жанын жадыратып жiбередi.
Нұртөре өсiп-өнген әулеттен шыққан. Наржан би деген бабасы өз заманында сөз ұстаған, қалың елге билiк айтқан, тура жүрген, таза адам болған екен. Ал нағашы жұртында Қалдыбай деген би өткен. Тұсында Досбол датқа сияқты шешендер онымен сөз сынасқан деседi. Нұртөренiң қандауыр мен қаламға жастайынан үйiр болуының себебi осында жатыр.
https://youtu.be/AdvT_Yek8Dw
Видео: Qazaqstan ұлттық телеарнасынан алынды
Нұртөре екеумiз осы дүниеге дерек жинау мақсатымен әңгiмелесiп отырғанымызда әйгiлi дәрiгер, академик Камал Ормантаевтың өзiмдi бiр әрiптесiне: «Мынау менiң Бауыржан деген iнiм, «Айқын» газетiнiң бас дәрiгерi», – деп таныстырғаны есiме түстi. Сол газеттi басқарып жүрген кезiм едi. Камал ағам қателесiп айтса да, бiр кезде шынымен дәрiгер болып кете жаздағаным рас-ты. Мен оқу бiтiретiн жылы бiздiң үйде қып-қызыл айтыс болды. Әкей дәрiгер болғанымды қалады. Өз басым журналист болам деп отырып алдым. «Ей, бала, сен не айтып тұрсың? – дедi әкей, – Бұйырса, ендi бiр алты жылдан кейiн оқу бiтiрiп келiп, мына Қаратереңнiң ауылдық ауруханасына бас дәрiгер боласың. Бас дәрiгер деген ауылдағы он бастықтың бiреуi. Солармен бiрге жүресiң, бiрге тұрасың. Үйге де пайдаң көбiрек тиедi. Көлiгi бар, шөп әкелемiз, отын тасимыз, ауданға барамыз... Одан артық не керек? Ал сен журналист болам деп, қайдағы жоқты айтасың...». Сөйттi де ауылға келiп, арақ iшiп жүретiн аудандық газеттiң шашы жалбыраған тiлшiлерiнiң тiршiлiгiнен бiрнеше жағымсыз һәм дәлелдi мысалдар келтiрдi. Әкейдiң қазақ журналистикасы туралы пiкiрiн өзгертуге қауқарым жетпеген мен сол жылы мединститутқа бардым. Абырой болғанда, оңбай құлап, өзiм соған өлердей қуанып, қайтып келдiм. Содан екi жыл өткен соң ғана журфакқа табан iлiктiрдiм. Камал ағаға соны айтып бергенiмде, рахаттанып тұрып бiр күлген-дi.
Ендi мiне, «Айқынның» екi бас «дәрiгерi» әңгiмелесiп отырмыз.
Сөйтiп, Нұртөре өзi армандағандай дәрiгер бола алған жоқ. Бiрақ қоғамның жан жарасы мен кесел-кесепатын сөзбен емдейтiн қаламгер болып қалыптасты. Талай рет шiренген шенеунiктердi тәубеге түсiретiн дәрi ойлап тапты. Қоғамның дамуына кедергi келтiретiн без-безеулердi қалам-қандауырымен сылып тастап отырды. Ең бастысы, елге залал әкелетiн дерттiң диагнозын дұрыс қоя бiлдi.
Жастықтың жалауы – «Алау»
Сұлу сөзден саз ұқты,
Содан алды азықты.
БАҚ-ты бала кезiнен,
Маңдайына жазыпты...
(Журналистiк фольклордан)
Қаламға тым ерте қол созды. Өзi туып-өскен «Еңбекшi» ауылында сөзге шешен кiсiлер жетiп артылады. «Бiз келдiк «Еңбекшi» деген елден, Бiзге де берсеңдершi пельмен», – деп жол азығы мен бөрi азығын тартып жейтiн айтқыштардың ауылы бұл. Сiрә, солардың сөзiнен санасына сәуле түскен болуы керек. Қазақ тiлi пәнiнен сабақ беретiн мектеп директоры Кенбай ағай еркiн тақырыпқа арнаған шығармасын үнемi мақтайтын. Бұл соған қанаттана түседi. Бұрқыратып өлең жазады. Жетiншi класқа көшкен жылы Нұрахан Әлiпбаев деген жiгiт Шымкенттiң пединститутын бiтiрiп келдi. Өз ауылының тумасы. Кiтапқа құмарлықты сол оятты. Ол оқушыларға мынадай тапсырма бередi. Кiм қандай кiтап оқиды, авторы, қысқаша сюжетi, қай жылы шыққаны, баспалық деректерi, алған ерекше әсерiң т.б. мәлiметтер туралы арнайы дәптерге жазып жүруiң керек. Содан бүкiл мектеп оқушылары жарыса оқыды. Бала бiткен ауылдың, клубтың, мектептiң кiтапханасындағы кiтаптарды түгел кемiрiп шықты. Ол аздай аудандық кiтапханаға ауыз салғандары да бар. Оныншы класс бiтiрген жылы Нұртөренiң дәптерiнде жүздеген кiтаптың тiзiмi болды. Сол мұғалiм балаларды жаппай оқуға үйреттi. Ең қызығы, жетiншi кластан бастап Нұраханның жетекшiлiгiмен мектептiң «Алау» деп аталатын қолжазба журналы шыға бастады. Баяғы «Садақ» сияқты. Қолдан түптеледi. Жiппен тiгiледi. Сырты пүлiш тәрiздi қатырма қағазбен қапталған. Мұқабасына «Алау» деген сөз көркемдеп, бедерлеп жазылған. Айына бiр рет шығады. Таралымы – бiр дана. «Алауда» әңгiмелер, өлеңдер, мақалалар жарияланады. Бүгiнгi тiлмен айтқанда, басылымның құрылтайшысы Нұрахан Әлiпбаев осы «Алау» қолжазба журналының редакторы етiп Нұртөренi бекiттi. Сөйтiп, Нұртөре Жүсiптiң бас редакторлық тәжiрибесi сонау жетiншi кластан басталды. Нұрахан ағайға жеткiншектердiң бәрi қызығады. Ұзын бойлы, келбеттi, шашы қою... Ол балаларды әдебиетке баулыды. Жазу-сызуға бейiмi бар балалардың бәрiн журналдың жұмысына жектi. Мектептегi өлең жазатын оқушылар «Алауды» төңiректейдi.
«Алаудың» редакциясында үш-ақ адам тұрақты қызмет iстейдi. Редактор Нұртөре материалдарды жинақтайды, iрiктеп, өңдейдi. Жауапты хатшы нөмiрге ұсынылған дүниелердi маржандай әрiптермен жазып шығады. Журнал болған соң суретсiз шығушы ма едi. Суретшi Оразхан Назарсейiтов бар өнерiн салып отырып, әрлейдi. Сол Оразхан кейiн Торғайдың пединститутын бiтiрдi. Қазiр өзi оқыған мектепте сурет пәнiнен сабақ бередi. «Алаудың» жауапты хатшысы да ауылда тұрады. Елде қалып түтiн түтеткен берекелi келiншектердiң бiрi.
«Алау» қолжазба журналы саясаттан тыс еркiн ойлы әдеби басылым болды. Сондықтан құрылтайшылары оның шекесiне сол тұста кез-келген жерге тықпаланатын «Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер!» деген ұранды жазуды қажет деп тапқан жоқ. Ол кезде барлық елдер пролетарларының «Алаусыз»-ақ бiрiге алатындай қауқары бар едi. Мектеп оқушылары Нұраханның жетекшiлiгiмен қабырға газетiн де шығарып тұрды. Сонда да ауданның ешқандай мектебiнде баламасы жоқ «Алаудың» жөнi бөлек едi.
Нұртөре мектеп бiтiрiп кеткеннен кейiн, қолжазба журналға жаңа редактор бекiтiлдi. «Алаудың» екiншi басшысы да жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар болып шықты. Нұртөреден қабылдап алған қолжазба басылымды өрге сүйреген оқушы қыз Нұрайша Бекеева – қазiр филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ менеджмент, экономика және болжам институтының оқытушысы. Екеуiнiң де биiкке ұмтылуына сол журналдың ықпалы болды. Журналдың сандары Нұрахан ағайда сақталатын. Кейiн ол өмiрден өткен соң мектептiң музейiне тапсырылған сияқты. «Жас алаштың» сексен жылдығы қарсаңында екi нөмiрi Нұртөренiң қолына тидi. «Алауға» Нұртөре үш жыл, Нұрайша екi жыл басшылық еттi. Нұрайша мектеп бiтiрiп кеткен соң «Алаудың» жалыны бәсеңсiп, қоламтаға айнала бастаған тәрiздi. Оның үстiне «Алаудың» шоғын көсеген Нұрахан ағай Шиелiге қызметке ауысып кеттi. Сөйтiп, жастықтың жалауы болған «Алау» жұмысын тоқтатты. Бәрiбiр бiр мектептiң тарихында қолжазба журнал шығып тұрған бес жыл мерзiм аз уақыт емес едi. Оқушылардың құлшынысы артты. Жазатын бала көбейдi. Нұртөренiң қолында сақталған журналға қызықты материалдар жинақталған. Сол «Алау» талай баланың жүрегiне от тұтатып едi.
Нұрахан ағайының кiтапқа деген құмарлықты оятқанын айттық. Сол құмарлықтың оты маздай түсті. Нұртөре – шаңырақтағы он баланың бiрi. Әкесi ферма басқарды, кейiн ауылнай болды. Ол балаларын жастайынан еңбекке баулыды. Шаруаға жектi. Қамыс орғызады, шөп жинатады. Есiктiң алдында жиырма-отыз алма ағашы, он бестей шабдалы, өрiк ағашы бар едi. Соларды суғартады. Ауладағы өрiктiң ағашы қисайыңқырап өскен-дi. Бұл қолы қалт етсе, соған шығып алып отырады. Жапырағы қап-қалың. Ағаштың арасында өзiнiң орны бар. Жантайып өскен жуан бұтақтың үстi. Жатып алып кiтап оқуға сондай жайлы. Ауып кетуiң тiптi де мүмкiн емес. Жерден едәуiр биiк. Көрпе-төсегiн алып, ағашқа шығып кетедi. Мұнда жайғасқаныңды жан адам бiлмейдi. Оның есесiне бұл бәрiн көрiп отырады. Аула да, үй де, мал қора да, бәрi де көз алдыңда. Штаб-пәтерi бақтың тура ортасында. Жапырағы жайқалып тұрған ағаштың бұтағына орналасқан әлемдегi жалғыз офис осы Нұртөренiң күркесi шығар. Кешке дейiн кiтаптан көз алмайды. Құнығып оқиды. Көкесi кейде көзiңдi ауыртып аласың деп оқытпай қояды. Тамақ iшетiн кез болғанда «Мына бала қайда кеттi өзi?» – деп бәрi жабылып iздейдi. Өрiк ағашының арасындағы штаб-пәтер қасиеттi құтханасы едi бұның. Бiрақ сол ағаш қатарынан үш-төрт жыл өрiк салмай қойды. Сол кезде ауладағы бiраз ағашты шабуға тура келдi. Шабылған ағашпен бiрге Нұртөренiң ғажайып кеңсесi де кеттi.
Бала Нұртөре сол кеңсесiнде отырып, Қалмахан Әбдiқадыров аударған «Мың бiр түннiң» төрт томын бiтiрiп тастады. Оның алдында үлкендер балаларға көрсетпей өздерi оқитын. Бiр күнi қолға түстi. Көп нәрсенi түсiне қоймайды. Бiрақ ендi қызық. Тiлi керемет. Басқа да қолына түскен кiтаптарды талғамай оқыды. Тiптi соңындағы баспалық мәлiметтерiне, басылымның бағасына дейiн көз жүгiртiп шығатын.
Төртiншi кластан бастап, аудандық «Өскен өңiр» газетiне бұрқыратып жазып тұрды. Бiрiншi рет мақаласы газетке шыққанда түнiмен жүрегi дүрсiлдеп ұйықтай алмады. «Ойпыр-ай, менiң де жазғаным жарық көредi екен-ау». Көп ұзамай әжептеуiр танымал болып қалды. Анда-санда Алматыға да өлең жiбередi. Ақын Несiпбек Айтовтан хат келедi. Редакцияның арнайы конвертiмен жолданған мұндай хатты көргенде пошташының өзi селк ете қалады. Газеттiң бланкасына жазылған бiр-екi ауыз сөз. «Талабың таудай екен. Жазып тұр». Адамға қатты әсер етедi. Ауылда ондай хатты алатын Нұртөре ғана. Содан дамылсыз өлең құрады. Елден шыққан әйгiлi Социалистiк Еңбек Ерлерi Ыбырай Жақаев пен Ұлбала Алтайбаева туралы бiр-екi поэма жазып тастады. Тiптi саяси тақырыпқа да құлшына қалам тербеп, Октябрь төңкерiсi туралы поэмасын өмiрге әкелдi. Сол баяғы дәстүрлi мазмұн. Бiзге күн берген Октябрь, нұр берген Октябрь. Сөйтiп, «Еңбекшi» ауылында күн тәртiбiндегi маңызды тақырыптарды жетiк меңгерген елгезек, саяси көзқарасы берiк қалыптасқан бiр тәуiр ақын өсiп келе жатты. Өлеңдерi мен мақалаларын алып, «Өскен өңiрдiң» есiгiн күзетедi. Бүгiнде әдеби ортаға белгiлi болған қасқа мен жайсаңдардың бiразы ол кезде сол Шиелiнiң аудандық газетiнде қызмет iстейдi. Өлеңiн Сәрсенбек Бекмұратұлы оқиды. Мақаласын Мұрат Күлiмбетов қарайды. Прозалық дүние жазсаң, Серiк Байхоновтың алдына барасың. Сегiзiншi класта оқып жүргенде «Киiктiң киесi» деген әңгiме жазды. Соны оқыған Серiк ағасы бұны құшақтай алды. Бiрден газетке басып шығарды. Осы басылымды отыз екi жыл басқарған майталман редактор Зәкiм Жайлыбаев талпынысы ерекше жас ұланға мейiрлене қарап отырады.
Сөйтiп, ол «Алаудан» ұшқын алып, «Өскен өңiрден» үлкен өмiрге қарай қадам басты.
Газет, нарық және қаламсап
Жазғаныңды жөндейдi,
Өңiн ашып, өңдейдi.
Кiнә өзiңнен болса да,
Сенi дауға бермейдi!
(Журналистiк фольклордан)
Төртiншi курсты бiтiрген жылы Павлодардың облыстық газетiнде өндiрiстiк тәжiрибеден өткен-дi. Шығармашылық ұжым оған қатты ұнады. Оқу бiтiрген соң жолдамамен осы қалаға келдi. «Қызыл ту» газетiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң тiлшiсi болып қызметке алынды. Көп ұзамай өндiрiс және транспорт бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды. Балтабай Сейсенбеков (газет редакторы), Айтжан Бәделханов, Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Смағұлов, Мұхамеджан Дәуренбеков сынды майталман журналистерден көп нәрсе үйрендi. Керекуде қызмет iстеген алты жылдың iшiнде осы өңiрдiң түкпiр-түкпiрiн түгел шарлап шықты. Өзi туып-өскен Қызылордаға қарағанда, Павлодар аймағының елдi мекендерiн жақсырақ бiледi.
Баспасөзде өткiр мақалаларымен жиi көрiнiп жүрген Нұртөренi 1990 жылы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» шақырды. Сол тұста газеттiң ақпарат бөлiмiнiң редакторы Қайнар Олжай бiр шаруамен бас редактордың кабинетiне бас сұғады. Шерағаңның алдында Нұртөренiң жұмысқа қабылдану туралы өтiнiшi жатыр екен. «Бұл – тәуiр жазатын жiгiт. Егер одан жақсы журналист шықпаса, мен қызметтен кетемiн», – дейдi Қайнар қарап тұрмай. «Онда осы айтқаныңды жаз-ей мына жерге!» – дейдi айбатты Шерағаң бұйырып. Газеттiң қарапайым ғана бөлiм меңгерушiсi өтiнiш жазылған парақтың етек жағына жаңағы айтқан сөзiн қайталап жазып, қол қояды. Шерағаңның батасы мен Қайнардың қаңғалақтап келiп қойған бұрыштамасы Нұртөреге жол ашты. Қаламын құлшына сiлтедi.
Әдепкiде экономика бөлiмiнiң тiлшiсi болды. Көп уақыт өтпей сол бөлiмнiң редакторы болып тағайындалды. Ол кезде «Егеменде» бөлiм көп едi. Шерағаң соны iрiлендiрiп, алты бөлiм құрды. Бөлiм бастығы қызметiне бекiту үшiн сол кезеңнiң дәстүрiмен ашық сайлау өткiзiлдi. Демократиялық жаңару үрдiстерiнiң орнығып жатқан кезi. Ауыл шаруашылығы мен экономика бөлiмi бiрiктiрiлiп, экономика бөлiмi деп аталатын болды. Нұртөре көпшiлiк дауыспен бөлiм редакторы, редколлегия мүшесi болып сайланды. Экономика тақырыбын жiлiктеп тұрып талдайтын мақалалар жазды. Алты жыл «Егемен Қазақстанда» қызмет iстедi. Үш жыл бас редактордың орынбасары болды.
1996 жылы мамыр айында «Жас Алашқа» бас редактор болып тағайындалды. Бұл баршаға белгiлi басылымның нарықтың дауылына ұрынып, қиындық қыспағында қалған кезi едi. Бiр күнi лездемеде бiр тiлшiсi былай дедi: «Аға, мен шынымды айтсам, осы газетте iстеймiн деуге ұяламын. Журналиспiн деп баспасөз конференциясына баруға арланам, намысым келедi». «Айналайын, сен бұл жерде жұмыс iстедiм деп намыстанбауың керек, керiсiнше мақтануың қажет. Мысалы, сендер қандай қаламсаппен жазып отырсыңдар? Бәрiңнiң қолыңда да қытайдың арзан дүниесi. Сиясы қағаз бетiне бiрде жұғады, бiрде жұқпайды. Алтын сапты қаламсапты неге қолға ұстауға болмайды? Бiреу әкеп бере ме? Газет өзiн сыйлатпаса, бiздi кiм сыйлайды?». Бас редактордың бiрiншi әңгiмесi осы болды. Айтуын айтып алып, тағы ойланды. Ал ол үшiн не iстеу керек? Бүкiл газет «Нарық келдi, қиындыққа тап болдық» деп зар еңiреп жазып жатыр. Сiрә, ендi жылағанды қою керек шығар. Қалай күн көремiз? Қайткен күнде қазақ қиындықтан шыға алады? Осының жолын iздеген жөн болар. Мәселенi өзгертейiк түбiрiмен. Бас редактор осы ойға бекiндi. Газет бетiнен «Қала қазағы», «Дала қазағы» деген айдарлар ашты. Кәсiпкерлiкке бет бұрып, шаруасын жүргiзiп жатқандарды елге таныта бастады. «Соларды газетке тартайық, жарнамасын әкелсiн, сөйтiп өздерiңнiң де жағдайларыңды жақсартыңдар, – дедi тiлшiлерiне, – Көзқарасты өзгертейiк. Нарық пәле болды дегеннен гөрi, нарықтан қазаққа қандай пайда бар деп қарайық». «Егемен Қазақстан» газетiнде қызмет iстеп жүргенде «Нарық қазаққа одақтас» деген мақала жазған. Жүйе оңтайлы болса, нарықтың пайдасы мол екенiн дәлелдей бастады. Экономика бөлiмiнiң жұмысы жанданды. Оларға қаламсаптың мысалы қатты әсер еттi. Жiгiттер мен қыздар серпiле iске кiрiстi.
Тағы бiр тиiмдi тәсiл тапты. Бiреудiң аяғын баспасаң, сенiң бар-жоғыңды ешкiм бiлмейтiн көрiнедi. Мың сан газеттiң iшiнен сенi ешкiм елеп-ескермейдi. «Жас Алашта» қызмет iстеймiн дегенiңе пысқырмайтындар жеткiлiктi. Сондықтан қалайда басылымды танымал ету керек болды. Бiрақ кiмнiң аяғын басу керек? Базардағылардың аяғын емес, басын басып кетсең де былқ етпейдi. Сынның жебесi алдымен сөзi мен iсi, тiлi мен тiрлiгi қабыспай жататын әкiмдер мен министрлерге жұмсалды. Халықтың алдында аузына не келсе, соны айтып жүрген белгiлi кiсiлер нысанаға алынды. Ел алдында жүр ме, сөзiне де, iсiне де жауап берсiн. Сөйтiп, бiрнеше облыс әкiмдерiнiң iс-әрекетi бiрте-бiрте сынала бастады. Бiрде сол тұстағы Денсаулық сақтау министрi сын садағына iлiктi. Министрдiң есебi тастай. Оған сенсек, елде ауру-сырқау адам жоқтың қасы. Бiрақ бұл өкпе ауруы өршiп тұрған шақ едi. Бiр күнi Жолдасбек Дуанабай мақала дайындап әкелдi. Тақырыбы – «Құрт ауруы қазақты құртып барады». Бет қарап отырып мақалаға зер салды. Бәрi дұрыс, дерек жеткiлiктi, дәлел мол. Бiрақ бiрдеңе жетiспейдi. «Тақырыпты өзгертейiк», – дедi бiрден. Бiрнеше нұсқа ұсынылды. «Туберкулез түбiмiзге жетпесiн». Жоқ, болмайды. «Қазаққа қауiптi кесел». Бұл да келiңкiремейдi. Тақырып табу дегенiң қиынның қиыны. Қолыңдағы мен ойыңдағыны үйлестiре алмай дал боласың. Шашын салалап ойланып отырғанда құйыла кеттi. «Жiгiттер болды, табылды! «Қазақстан қан түкiрiп тұр!» деп қояйық», – дедi де газет атауының (шапка) төбесiне үлкен әрiппен жаздырды. Ол кезде мерекелiк нөмiрде болмаса, шапканың үстiне тақырып көп берiлмейдi. Ертесiне министрден бастап бәрi безек қақты. Күллi қоғам селт еттi. Бұл мәселе биiк мiнберден назарға алынып, аналар мен балаларды тегiн флюрографиялық тексеруден өткiзу туралы пәрмен шықты. Сол үрдiс әлi де жалғасып келе жатыр. Сөйтiп, бұл ұлтқа пайдалы жарияланым болды да шықты. Былай қарасаң, кезектi бiр мақала. Әдепкi күйiнде кете берсе, ешкiм оқымауы да мүмкiн. Тосын тақырып талайдың ұйқысын шайдай ашты.
Жұмысы бар, жынысы жоқ
Дәрiгердiң жаны iзгi,
Әрбiр iсi маңызды.
Бiр хирург бәрiбiр,
Жетпей тұрған тәрiздi...
(Журналистiк фольклордан)
Бес жыл бойы кабинеттен көп шыға қоймады. Күнде материал оқиды, түзетедi, қияды, жобалайды, қысқартады... «Хирургтiгiне» басып, едәуiр жерiн сылып алып тастайды. Талай әрiптестерi ренжiдi. Талай жазушы ағалары «Бiр сөзiм қысқармасын» деп келедi. «Егер қысқарса, басылмасын», – дейдi. «Онда алып кете берiңiз», – деп бұл қитығады. Ақсақал ақындар арнау өлеңдерiн көп ұсынады. «Күнде бiр тағамды жей берген адам одан жалығады. Газет те тағам секiлдi. Рухани қорек емес пе ол? Соның өзiн түрлендiрiп, маңызын байытып, ұдайы бiр ұстынды ұстап отырсаң, сол кезде ғана оның оқырманы жоғалмайды. Оқырман газеттi күнде iздеуi керек. Мәселен, шылымқор темекiнi үнемi iздейдi ғой. Сол секiлдi жұрт газетсiз күн көре алмайтындай болуы керек», – дейдi Нұртөре.
Осы ойға бекiнген ол оқырманды дәнiктiру тәсiлiн қолданды. Сол арқылы құлшындыра түскiсi келдi. Қазақ о бастан өзi ақпаратқа құлақ түргiш халық. Сөзге үйiр жұрт емеспiз бе?! Күнде желдей есiп тұратын ұзынқұлақ хабарлар естiген дерегiне сәйкес келсе, «О, дұрыс екен, жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды», – дейдi. Сондықтан ақпарат бөлiмiне көп жүк артылды. Оқырман газеттегi «Гу-Гу» деген айдарға алдымен зер салатын болды. «Гу-Гу»-дi оқыған кез келген шенеунiктiң зәресi ұшады. Ал тегiнде әншейiн ғана жалпылама нәрселер ұсынылатын. Жобамен астарлап айтылады. Бiрақ содан-ақ әркiм өзiн тауып алады. «Мына жерде мен туралы айтылған ғой», – деп талай адам хабарласады. «Сотқа берем», – деп қорқытады. «Кешiрiңiз, мұнда сiздiң атыңыз не фамилияңыз бар ма?» – дейдi бұлар. Ол «Жоқ», – дейдi. «Онда сотқа қалай бересiз?». Ол кезде екiнiң бiрi баспасөздi сотқа сүйреп жататын. Соған қарсы қолданылған тәсiл едi бұл.
Бiртiндеп басылымның түтiнi түзу ұша бастады. Жұрт газеттi iздеп жүрiп оқитын болды. Билiк буындары басылыммен санасатындай жағдайға жеттi. Бұл қоғамның өзi еркiндiкке ұмтылған тұс едi. Ел болудың белгiлерi қалыптасып жатты. «Жас Алаштың» бағыты мен саясаты соған сәйкестендiрiлдi. Бас редакторлық – бiр жағынан, жүйкеңдi жұқартатын жұмыс. Иненiң ұшында отырғандай, қылыштың жүзiнде жүргендей күй кешесiң. Жаның қиналады. Iшкi түйсiгiң таразыға түседi. Сәл қателессең, газетке нұқсан келедi. Өзiң мүжiлесiң. Аса дәлдiкпен, сезiмталдықпен жұмыс жүргiзу қажет болды. Осы тұрғыдан алғанда Нұртөре «Жас Алашты» басқарған алты жылда көп қателестiм деп ойламайды. Бiрақ жекелеген адамдардың көңiлiне тиетiндей жайттар болды. Кей тұста жастық желiкпен артықтау кеттi. Кейiн қызмет iстеген басылымдарында соларға өз ойларын айтуға молынан мүмкiндiк бердi. Сол арқылы ол олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Ағаларының бәрiмен дерлiк тiл табысты. Бiрiмен елде, бiрiмен жерде, бiрiмен аспанда... Аспанда демекшi, Қызылордадан қайтып келе жатып, Тұңғышбай Жаманқұловпен ұшақта қатар отырып қалды. Кемедегiнiң жаны бiр. Тұқаң басылымда бiраз сыналған едi. Әрине, ренiштi екенi белгiлi. Жерде шарпысқан екеу көкте табысты. Ұшаққа қату болып мiнген екеу тату болып түстi. «Жас Алаштың» тағы бiр артықшылығы болды. «Бұлар жастықпен айтады ғой», – дейтiн жұрт. Мiне, осыны бас редактор тиiмдi әрi дұрыс пайдаланды.
Өз тұсында Заманбек Нұрқадiлов те сыналды. Соған қарамастан «Ол – жақсы редактор. Оның өзiне ешқандай өкпем жоқ. Басқалай бiр себептерi бар шығар», – дептi кеңпейiл Зәкең. Кейiн ол кiсiмен жақсы араласып кеттi.
Кейiпкерiмiздiң пiкiрiнше, баспасөздiң тезiне түскен, сынынан өткен, онымен бiте қайнасқан мемлекеттiк қызметкер түбi ұтылмайды. Сынды көтере алмау, сынға төзiмсiз болу дұрыс емес. Мемлекеттiк қызметкер – халықтың қызметшiсi. «Баспасөз – халықтың үнi» дейтiн болсақ, ол елдiң сүзгiсiнен өтiп отыр. Оң ба, терiс пе? Бағыты қандай, дұрыс па, бұрыс па? Сүзгiден өткен соң әр қадамын ойланып басады. Әлемдiк тәжiрибеге жүгiнсек, саясатты ашық жүргiзетiн тұлғаның барлығы да сынның тезiнде, обьективтiң көзiнде тұратын адамдар. Олардың айтқан сөзi, басқан қадамы, iстеген iсi ешқандай қалтарыссыз, бүкпесiз жарияланып отырады. Сол үшiн де олар ел назарындағы саясаткер деп аталады. Мемлекет қызметiне жегiлген жанның бәрi халықтың алдында есептi болуы керек. Айтқан сөзi, iстеген iсi үшiн жауап бергенi жөн. Газеттiң беделiн көтеретiн де, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының қажеттiлiгiн сездiретiн де ең үлкен фактор осы. Газет – билiк пен халықтың ортасындағы дәнекер.
Бұрын газет аптасына бес рет шыққан едi. Ендi үш рет шығаруға ұйғарым жасалды. Газет шықпайтын күндерi келесi нөмiрлердi сапалы әзiрлеуге мүмкiндiк туды. Бiр кезде үш жүз мың данамен тараған газетке 1996 жылы алты мың адам ғана жазылыпты. 1997 жылы он төрт мың оқырман жазылды. Алты жыл iшiнде «Жас Алаштың» таралымы жетпiс жетi мыңға жеттi. Сол тұста «қазақ газеттерi оқылмайды, бәсекеге қабiлетсiз» деген пiкiр бар-тын. Нұртөре Жүсiп «Жас Алашты» шығара отырып, халықтық газет жасады. Қазақтың өзiн де, сөзiн де сыйлатты.
Оқырманды көбiрек тартуға ден қойылды. Хат дегенiң ағылып, қоңырау дегенiң үздiксiз шалынып жататын. Басылым бетiнде ойындар ұйымдастырылады. Жұмбақтар жасырылады. Бiр ғана «свежий» деген сөздiң қазақша нұсқасын табу үшiн мыңдаған адамның басы қатты. Есiмi елге танымал тұлғаның бала кезiндегi суретiн жариялап, «Мынау кiмнiң суретi?» деп бiр ай бойы жұрттың ойын сан-саққа жүгiрттi. Оқырман газет туралы не ойлайды? Оның пiкiрi қандай? Ненi көргiсi келедi? Оқырманды қалай үйiрiп әкетемiз? Шығармашылық жиындардың бәрi осындай сауалдардың жауабын iздеуге арналатын.
Нұртөре жұмыс барысында осы басылымды өрге сүйреген аса талантты бас редактор Сейдахмет Бердiқұловтың тәсiлдерiн көбiрек пайдаланды. Өзi Шерағаңның шекпенiнен шыққан едi. Шерағаң үнемi жастарға сенiм артатын. Бұл да өңкей қабiлеттi студенттердi газетке шақырды. Тiптi олардың кейбiреуiн бөлiм редакторлығына тағайындады. Өзiне қандай сенiм артылса, бұл да сөйттi. Сейдағаң журналистердiң жұмыс iстеп жүрген бөлiмдерiн ара-тұра ауыстырып отыратын. Сөйтiп, кiмнiң қай салаға қыры бар екенiн байқайтын. Осы тәсiлдi Нұртөре де бiрнеше рет қолданды. Журналистер әдепкiде қиналды, сосын кәдiмгiдей игерiп кеттi. Оның есесiне ешкiм де лездемеде: «Өй, экономика тақырыбы кiмге керек, кiм оқиды оны?» – демейтiн болды. Өйткенi, бұл бөлiмде жұмыс iстеудiң оңай еместiгiне көздерi жеттi. Автор тартудың, экономикалық терминдердi қазақшалаудың қиындығын көрдi. Жалпы, нарық жүйесiнiң күрделiлiгiн сезiндi. Соның бәрi өз басына түскеннен кейiн бұл мәселеге басқаша қарайтын болды. Осының арқасында экономика тақырыбына жазатын қаншама журналист тәрбиеленiп шықты. Бұрын журналистер өз еркiмен саясат бөлiмiне бармайтын. Бiрқатар жiгiттерге бұл тақырыптың маңыздылығын түсiндiрдi, сол бөлiмге зорлағандай етiп жетелеп апарды. Бәрi де жазып кеттi. Шетiнен саяси шолу, портрет, болжам әзiрлеуге маманданды. Көп ұзамай елге кең таныла бастады. Бас редактор сарбаздарына былай дейтiн: «Жас Алаштың» алты бетi сенi асырайды. Бұл – бiр. Сосын сенiң атыңды шығарады, есiмiңдi елге танытады. Бұл – екi. Журналистикада есiмiң танымал болған соң ар жағы өзiңе байланысты». Нұртөренiң тұсында қалам сiлтесi өзгеше жас журналистердiң бiр шоғыры қалыптасты. Берiк Бейсенұлы, Срайыл Смайыл, Талғат Ешенұлы, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Қуат, Дидар Амантай, Абылай Сабдалин, Есей Жеңiсұлы, Жанарбек Әшiмжан, Қасым Аманжол... Шетiнен жер тарпып тұрды. Жазған және дайындаған дүниелерiнде кәсiби селкеулiк ұшыраса қоймады. Бас редактор: «Мен журналистиканы жынысқа бөлуге қарсымын. Журналистиканың жынысы жоқ, жұмысы бар», – деп, қыз-қырқын мен келiн-кепшiктiң де қарымды қаламгер болып елге танылуына көп үлес қосты.
Бас редакторлық болмыс
Сылтау айтсаң, сенбейдi,
Сәл қитықса, көнбейдi,
Сырқыраса сай-сүйек,
Сөз-дәрiмен емдейдi!
(Журналистiк фольклордан)
Нұртөренi оқуға түскен сәттен бастап бiледi екенмiн. Танысқанымыз да қызық. Әдетте, бiрiншi курста оқитын бозбалалар мен бойжеткендерге жоғарғы курстың студенттерiнен асқан ғұлама жоқ. Оқу орнының босағасына жаңа ғана табан iлiктiрген бiз де сондай күй кештiк. Алдыңғы курста оқитындардың бәрi де шетiнен оқу өтiп кеткендей көрiнедi. Бiз оқуға түскен жылы жатақханадағы өңкей бiрiншi курстың балалары тұратын бөлмеге үшiншi курстың бiр жiгiтi келiп қоныстанды. «Үшiншi курстың студентi келедi» дегенде әдепкiде тiксiнiп қалдық. Ойпырм-ай, бұжыр бет, шойдым бiреу шығар. Шетiмiзден араққа жұмсап ит қылмаса болар едi. Жоқ, ұзынтұра, ап-арық жiгiт екен. Қабырғасынан күн көрiнедi. Мынауың араққа жұмсап, әуреге түсiретiн адамға ұқсамайды. Өзi арақ түгiлi, сырадан да татып алмайды. Сабақтан келсе болды, терiс қарап кiтап оқиды да жатады. Сосын терезеге қарап, телмiрiп отырып, күнделiк жазады. Зерiксе, бесiншi қабаттың балконына шығып, өзiмiзбен iргелес сол жақ беттегi жатақта тұратын тарих факультетiнiң қыздарын келемеждейдi. Ол қыздар оны бiрiншi курстың баласы деп ойлайтын болуы керек, кешке дейiн бiздi қарғап-сiлеп жатады. Үшiншi курстың студентi кәдiмгi әтештiң дауысын да айнытпай салады. Тарихшы қыздар қапелiмде журфактың жатақханасына қораз қайдан кiрiп кеттi деп безек қағады. Сөйтсек, бөлмемiзге жаңа келген жiгiт төменгi курста оқып жүрген кезiнде студенттiк театрда өнер көрсеткен сабаз екен. Оны да кейiн бiлдiк. Бүгiнгi белгiлi журналист Нұртөре Жүсiптiң студент кездегi болмыс-бiтiмi осындай болатын.
Нұртөре бiздiң бөлмеде тұрған соң, онымен бiрге оқитын жiгiттер жиi келедi. Жас шамасы өзiмiз құралпы болса да, шетiнен салмақты. Кiлең маңғаз. Әңгiмелерi студенттiң сөзiне келiңкiремейдi. Кесек турайды. Сабақтан кейiн үдере көшiп, редакцияларда жүредi. Баппен сөйлейдi, бипаздап түсiндiредi. Кiтаптарын оқуға сұрап алып кетiп, ұзақ уақыт бойы қайтармай жүргендерге жасаған ескертпелерi де қызық: «Әй, Бекен, балалық жасама, ана алған кiтабыңды әкелiп бер», – дейдi. Кiжiнгендерiне дейiн кiсiлiктiң лебi есiп тұрады. Бейне бiр Абайдың Кәкiтайға қайрылғанындай сондай бiр өнегелi һәм өрелi дауыспен тiл қатады.
Бұл курстан елiмiздiң бір емес екі Ақпарат министрi шықты. Сайдың тасындай жiгiттер қазақтың белдi басылымдарына бас редактор болды. Бәрi де шетiнен шаруаны дөңгелентiп әкеттi. Солардың бiрi Нұртөре Жүсiп едi. Ол ел қадiрлеген халықтық редакторға айналды. Бiздiң буыннан шыққан жiгiттердiң iшiнен талассыз мойындалған баспасөз менеджерi ретiнде танылды. Оның тұсында газет үтiр-нүктесiне дейiн оқылды.
Футболда «играющий тренер» деген ұғым бар. Нұртөре газеттi басқара отырып талай көсемсөз жазды. Қысқа да нұсқа жазудың шеберi ретiнде танылды. Ол қашан да елдiң сөзiн сөйледi.
Ел iшiнде Нұртөренiң жеке басы қатты құрметтелдi. Жұрт жүрегiн жаулаған басылым мен оның басшысының қадiрi артқаны соншалық, оқырман қауым балаларына Нұртөренiң есiмiн қоя бастады. Оңтүстiк Қазақстанның Төле би ауданында екi келiн қатар ұл туып, алдымен босанғаны баласының атын Нұртөре, кейiнгiсi Жүсiп деп қойған кезi болды. Сiрә, газет оқитын көзi ашық екi келiн өзара уәделесiп жүрсе керек. Депутаттыққа бақ сынайтын тұста Сырдария, Шиелi, Жаңақорған, Тереңөзек аудандарында өмiрге келген қаншама сәбиге оның есiмi бұйырды. Бiрқатар қаламгердiң отбасында бiр-бiр Нұртөре өсiп келедi. Бiр жағынан, бұл – оған деген ел ықыласының көрiнiсi. Екiншiден, оның есiмi – бұрын көп кездесе бермейтiн, перзенттi атауға сұранып тұратын әдемi есiм. Бүгiнде қазақ топырағындағы бүкiл Нұртөренiң ұзын-саны жиырмадай болып қалар. Ендi бiздiң кейiпкерiмiз солардың бәрiнiң басын қоссам ба деп жүр. Елдiң осы ықыласы мен құрметi «Құрмет» орденiне айналып, өңiрiне қадалды. БАҚ саласындағы Президент сыйлығын иелендi. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.
Ол қазақ журналистикасына көп нәрсе әкелдi. Ешкiмге ұқсамайтын бас редактор бола бiлдi. Етi тiрi журналистерден меншiктi тiлшiлер тобын жасақтады. Жұрт мiнезiнен тайсақтап, жұмысқа ала бермейтiн қисық-қыңыр журналистерге де сенiм артты. Солардың томағасын алып, топқа салды. Қалыпқа сыймайтын сол қаламгерлер жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар шықты. Ағысқа қарсы жүзiп, айды аспанға бiр-ақ шығарды. Кейбiр жергiлiктi әпербақан әкiмдердiң тiзесiн дiрiлдеттi. Газеттiң таралымын арттырып, беделiн аспандатты. Бұрын жазу өнерiн серiк етпегендерге қалам ұстатты. Мамандығы жағынан журналистикаға маңайламайтындарға да үмiт артты. Олардың сол маманданған саласына бейiмдеп, мақала жаздырды. Әсiресе, газет редакциясында бүкiл ғұмырын өткiзген қасиеттi қарт Бағдат Жандосойға кiтап жаздырғаны қызық болды. Бiр кезде «Мыңнан бiр мезет» қосымшасының шығарушысы Әдiлбек Қаба да редакцияда ретуш жасаушы болып iстейтiн осы ақсақалды жазуға тартып едi. Сол кезде оған: «Бұл көкемiз өзiңмен қандас, ойлы, Барған жерiң құрметтеп, мал да сойды. Ақ тiлегi солардың сеп болды ма, Жазушы ғып шығардың Жандосойды», – деп қалжың айтатынбыз. Бiрақ ол тұста Жандосойдың жазушылығы бес-алты мақаламен ғана шектелген-дi. Нұртөре Бағдат ақсақалға бастан өткенiн жаздыру мәселесiн шындап қолға алды. Екеуi жиi әңгiмелеседi. Ол кiсi Алматыда болған алапат аштықтың жайын баяндайды. «Көк базарда адамдарды арбаға қалап тиеп жататын», – дейдi. «Неге осыны қағазға түсiрмейсiз?» – дейдi бұл. «Өйтуге бола ма өзi?» – дейдi қарт секемшiл дауыспен. Бұл оны жiгерлендiредi. Содан қиқар шал жаза бастады. 1929 жылдан 1936 жылға дейiнгi оқиғаларды түгел тердi. Бiрақ берi қарай баспай қойды.