«Айқын» газетiнiң бас «дәрiгерi»
Бұйырмады ақ халат, Бұйырғаны – ақ парақ. Қандауыры – қаламсап, Қан-тамыры – ақпарат! (Журналистiк фольклордан) Бүгiнде журналистиканың жампозына айналған Нұртөре Жүсiптiң ақ халат киiп, қолына қандауыр ұстап, екi көзi күлiмдеп, пациенттерге әзiлдеп қойып, операция жасауға әзiрленiп жатқан сәтiн көзге елестете аласыз ба? Әй, қайдам... Бiрақ солай болуы да әбден мүмкiн едi.Жастықтың жалауы – «Алау» Сұлу сөзден саз ұқты, Содан алды азықты. БАҚ-ты бала кезiнен, Маңдайына жазыпты... (Журналистiк фольклордан)
Қаламға тым ерте қол созды. Өзi туып-өскен «Еңбекшi» ауылында сөзге шешен кiсiлер жетiп артылады. «Бiз келдiк «Еңбекшi» деген елден, Бiзге де берсеңдершi пельмен», – деп жол азығы мен бөрi азығын тартып жейтiн айтқыштардың ауылы бұл. Сiрә, солардың сөзiнен санасына сәуле түскен болуы керек. Қазақ тiлi пәнiнен сабақ беретiн мектеп директоры Кенбай ағай еркiн тақырыпқа арнаған шығармасын үнемi мақтайтын. Бұл соған қанаттана түседi. Бұрқыратып өлең жазады. Жетiншi класқа көшкен жылы Нұрахан Әлiпбаев деген жiгiт Шымкенттiң пединститутын бiтiрiп келдi. Өз ауылының тумасы. Кiтапқа құмарлықты сол оятты. Ол оқушыларға мынадай тапсырма бередi. Кiм қандай кiтап оқиды, авторы, қысқаша сюжетi, қай жылы шыққаны, баспалық деректерi, алған ерекше әсерiң т.б. мәлiметтер туралы арнайы дәптерге жазып жүруiң керек. Содан бүкiл мектеп оқушылары жарыса оқыды. Бала бiткен ауылдың, клубтың, мектептiң кiтапханасындағы кiтаптарды түгел кемiрiп шықты. Ол аздай аудандық кiтапханаға ауыз салғандары да бар. Оныншы класс бiтiрген жылы Нұртөренiң дәптерiнде жүздеген кiтаптың тiзiмi болды. Сол мұғалiм балаларды жаппай оқуға үйреттi. Ең қызығы, жетiншi кластан бастап Нұраханның жетекшiлiгiмен мектептiң «Алау» деп аталатын қолжазба журналы шыға бастады. Баяғы «Садақ» сияқты. Қолдан түптеледi. Жiппен тiгiледi. Сырты пүлiш тәрiздi қатырма қағазбен қапталған. Мұқабасына «Алау» деген сөз көркемдеп, бедерлеп жазылған. Айына бiр рет шығады. Таралымы – бiр дана. «Алауда» әңгiмелер, өлеңдер, мақалалар жарияланады. Бүгiнгi тiлмен айтқанда, басылымның құрылтайшысы Нұрахан Әлiпбаев осы «Алау» қолжазба журналының редакторы етiп Нұртөренi бекiттi. Сөйтiп, Нұртөре Жүсiптiң бас редакторлық тәжiрибесi сонау жетiншi кластан басталды. Нұрахан ағайға жеткiншектердiң бәрi қызығады. Ұзын бойлы, келбеттi, шашы қою... Ол балаларды әдебиетке баулыды. Жазу-сызуға бейiмi бар балалардың бәрiн журналдың жұмысына жектi. Мектептегi өлең жазатын оқушылар «Алауды» төңiректейдi. «Алаудың» редакциясында үш-ақ адам тұрақты қызмет iстейдi. Редактор Нұртөре материалдарды жинақтайды, iрiктеп, өңдейдi. Жауапты хатшы нөмiрге ұсынылған дүниелердi маржандай әрiптермен жазып шығады. Журнал болған соң суретсiз шығушы ма едi. Суретшi Оразхан Назарсейiтов бар өнерiн салып отырып, әрлейдi. Сол Оразхан кейiн Торғайдың пединститутын бiтiрдi. Қазiр өзi оқыған мектепте сурет пәнiнен сабақ бередi. «Алаудың» жауапты хатшысы да ауылда тұрады. Елде қалып түтiн түтеткен берекелi келiншектердiң бiрi. «Алау» қолжазба журналы саясаттан тыс еркiн ойлы әдеби басылым болды. Сондықтан құрылтайшылары оның шекесiне сол тұста кез-келген жерге тықпаланатын «Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер!» деген ұранды жазуды қажет деп тапқан жоқ. Ол кезде барлық елдер пролетарларының «Алаусыз»-ақ бiрiге алатындай қауқары бар едi. Мектеп оқушылары Нұраханның жетекшiлiгiмен қабырға газетiн де шығарып тұрды. Сонда да ауданның ешқандай мектебiнде баламасы жоқ «Алаудың» жөнi бөлек едi. Нұртөре мектеп бiтiрiп кеткеннен кейiн, қолжазба журналға жаңа редактор бекiтiлдi. «Алаудың» екiншi басшысы да жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар болып шықты. Нұртөреден қабылдап алған қолжазба басылымды өрге сүйреген оқушы қыз Нұрайша Бекеева – қазiр филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ менеджмент, экономика және болжам институтының оқытушысы. Екеуiнiң де биiкке ұмтылуына сол журналдың ықпалы болды. Журналдың сандары Нұрахан ағайда сақталатын. Кейiн ол өмiрден өткен соң мектептiң музейiне тапсырылған сияқты. «Жас алаштың» сексен жылдығы қарсаңында екi нөмiрi Нұртөренiң қолына тидi. «Алауға» Нұртөре үш жыл, Нұрайша екi жыл басшылық еттi. Нұрайша мектеп бiтiрiп кеткен соң «Алаудың» жалыны бәсеңсiп, қоламтаға айнала бастаған тәрiздi. Оның үстiне «Алаудың» шоғын көсеген Нұрахан ағай Шиелiге қызметке ауысып кеттi. Сөйтiп, жастықтың жалауы болған «Алау» жұмысын тоқтатты. Бәрiбiр бiр мектептiң тарихында қолжазба журнал шығып тұрған бес жыл мерзiм аз уақыт емес едi. Оқушылардың құлшынысы артты. Жазатын бала көбейдi. Нұртөренiң қолында сақталған журналға қызықты материалдар жинақталған. Сол «Алау» талай баланың жүрегiне от тұтатып едi.Газет, нарық және қаламсап
Жазғаныңды жөндейдi, Өңiн ашып, өңдейдi. Кiнә өзiңнен болса да, Сенi дауға бермейдi! (Журналистiк фольклордан) Төртiншi курсты бiтiрген жылы Павлодардың облыстық газетiнде өндiрiстiк тәжiрибеден өткен-дi. Шығармашылық ұжым оған қатты ұнады. Оқу бiтiрген соң жолдамамен осы қалаға келдi. «Қызыл ту» газетiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң тiлшiсi болып қызметке алынды. Көп ұзамай өндiрiс және транспорт бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды. Балтабай Сейсенбеков (газет редакторы), Айтжан Бәделханов, Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Смағұлов, Мұхамеджан Дәуренбеков сынды майталман журналистерден көп нәрсе үйрендi. Керекуде қызмет iстеген алты жылдың iшiнде осы өңiрдiң түкпiр-түкпiрiн түгел шарлап шықты. Өзi туып-өскен Қызылордаға қарағанда, Павлодар аймағының елдi мекендерiн жақсырақ бiледi. Баспасөзде өткiр мақалаларымен жиi көрiнiп жүрген Нұртөренi 1990 жылы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» шақырды. Сол тұста газеттiң ақпарат бөлiмiнiң редакторы Қайнар Олжай бiр шаруамен бас редактордың кабинетiне бас сұғады. Шерағаңның алдында Нұртөренiң жұмысқа қабылдану туралы өтiнiшi жатыр екен. «Бұл – тәуiр жазатын жiгiт. Егер одан жақсы журналист шықпаса, мен қызметтен кетемiн», – дейдi Қайнар қарап тұрмай. «Онда осы айтқаныңды жаз-ей мына жерге!» – дейдi айбатты Шерағаң бұйырып. Газеттiң қарапайым ғана бөлiм меңгерушiсi өтiнiш жазылған парақтың етек жағына жаңағы айтқан сөзiн қайталап жазып, қол қояды. Шерағаңның батасы мен Қайнардың қаңғалақтап келiп қойған бұрыштамасы Нұртөреге жол ашты. Қаламын құлшына сiлтедi.Жұмысы бар, жынысы жоқ
Дәрiгердiң жаны iзгi, Әрбiр iсi маңызды. Бiр хирург бәрiбiр, Жетпей тұрған тәрiздi... (Журналистiк фольклордан) Бес жыл бойы кабинеттен көп шыға қоймады. Күнде материал оқиды, түзетедi, қияды, жобалайды, қысқартады... «Хирургтiгiне» басып, едәуiр жерiн сылып алып тастайды. Талай әрiптестерi ренжiдi. Талай жазушы ағалары «Бiр сөзiм қысқармасын» деп келедi. «Егер қысқарса, басылмасын», – дейдi. «Онда алып кете берiңiз», – деп бұл қитығады. Ақсақал ақындар арнау өлеңдерiн көп ұсынады. «Күнде бiр тағамды жей берген адам одан жалығады. Газет те тағам секiлдi. Рухани қорек емес пе ол? Соның өзiн түрлендiрiп, маңызын байытып, ұдайы бiр ұстынды ұстап отырсаң, сол кезде ғана оның оқырманы жоғалмайды. Оқырман газеттi күнде iздеуi керек. Мәселен, шылымқор темекiнi үнемi iздейдi ғой. Сол секiлдi жұрт газетсiз күн көре алмайтындай болуы керек», – дейдi Нұртөре. Осы ойға бекiнген ол оқырманды дәнiктiру тәсiлiн қолданды. Сол арқылы құлшындыра түскiсi келдi. Қазақ о бастан өзi ақпаратқа құлақ түргiш халық. Сөзге үйiр жұрт емеспiз бе?! Күнде желдей есiп тұратын ұзынқұлақ хабарлар естiген дерегiне сәйкес келсе, «О, дұрыс екен, жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды», – дейдi. Сондықтан ақпарат бөлiмiне көп жүк артылды. Оқырман газеттегi «Гу-Гу» деген айдарға алдымен зер салатын болды. «Гу-Гу»-дi оқыған кез келген шенеунiктiң зәресi ұшады. Ал тегiнде әншейiн ғана жалпылама нәрселер ұсынылатын. Жобамен астарлап айтылады. Бiрақ содан-ақ әркiм өзiн тауып алады. «Мына жерде мен туралы айтылған ғой», – деп талай адам хабарласады. «Сотқа берем», – деп қорқытады. «Кешiрiңiз, мұнда сiздiң атыңыз не фамилияңыз бар ма?» – дейдi бұлар. Ол «Жоқ», – дейдi. «Онда сотқа қалай бересiз?». Ол кезде екiнiң бiрi баспасөздi сотқа сүйреп жататын. Соған қарсы қолданылған тәсiл едi бұл. Бiртiндеп басылымның түтiнi түзу ұша бастады. Жұрт газеттi iздеп жүрiп оқитын болды. Билiк буындары басылыммен санасатындай жағдайға жеттi. Бұл қоғамның өзi еркiндiкке ұмтылған тұс едi. Ел болудың белгiлерi қалыптасып жатты. «Жас Алаштың» бағыты мен саясаты соған сәйкестендiрiлдi. Бас редакторлық – бiр жағынан, жүйкеңдi жұқартатын жұмыс. Иненiң ұшында отырғандай, қылыштың жүзiнде жүргендей күй кешесiң. Жаның қиналады. Iшкi түйсiгiң таразыға түседi. Сәл қателессең, газетке нұқсан келедi. Өзiң мүжiлесiң. Аса дәлдiкпен, сезiмталдықпен жұмыс жүргiзу қажет болды. Осы тұрғыдан алғанда Нұртөре «Жас Алашты» басқарған алты жылда көп қателестiм деп ойламайды. Бiрақ жекелеген адамдардың көңiлiне тиетiндей жайттар болды. Кей тұста жастық желiкпен артықтау кеттi. Кейiн қызмет iстеген басылымдарында соларға өз ойларын айтуға молынан мүмкiндiк бердi. Сол арқылы ол олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Ағаларының бәрiмен дерлiк тiл табысты. Бiрiмен елде, бiрiмен жерде, бiрiмен аспанда... Аспанда демекшi, Қызылордадан қайтып келе жатып, Тұңғышбай Жаманқұловпен ұшақта қатар отырып қалды. Кемедегiнiң жаны бiр. Тұқаң басылымда бiраз сыналған едi. Әрине, ренiштi екенi белгiлi. Жерде шарпысқан екеу көкте табысты. Ұшаққа қату болып мiнген екеу тату болып түстi. «Жас Алаштың» тағы бiр артықшылығы болды. «Бұлар жастықпен айтады ғой», – дейтiн жұрт. Мiне, осыны бас редактор тиiмдi әрi дұрыс пайдаланды. Өз тұсында Заманбек Нұрқадiлов те сыналды. Соған қарамастан «Ол – жақсы редактор. Оның өзiне ешқандай өкпем жоқ. Басқалай бiр себептерi бар шығар», – дептi кеңпейiл Зәкең. Кейiн ол кiсiмен жақсы араласып кеттi. Кейiпкерiмiздiң пiкiрiнше, баспасөздiң тезiне түскен, сынынан өткен, онымен бiте қайнасқан мемлекеттiк қызметкер түбi ұтылмайды. Сынды көтере алмау, сынға төзiмсiз болу дұрыс емес. Мемлекеттiк қызметкер – халықтың қызметшiсi. «Баспасөз – халықтың үнi» дейтiн болсақ, ол елдiң сүзгiсiнен өтiп отыр. Оң ба, терiс пе? Бағыты қандай, дұрыс па, бұрыс па? Сүзгiден өткен соң әр қадамын ойланып басады. Әлемдiк тәжiрибеге жүгiнсек, саясатты ашық жүргiзетiн тұлғаның барлығы да сынның тезiнде, обьективтiң көзiнде тұратын адамдар. Олардың айтқан сөзi, басқан қадамы, iстеген iсi ешқандай қалтарыссыз, бүкпесiз жарияланып отырады. Сол үшiн де олар ел назарындағы саясаткер деп аталады. Мемлекет қызметiне жегiлген жанның бәрi халықтың алдында есептi болуы керек. Айтқан сөзi, iстеген iсi үшiн жауап бергенi жөн. Газеттiң беделiн көтеретiн де, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының қажеттiлiгiн сездiретiн де ең үлкен фактор осы. Газет – билiк пен халықтың ортасындағы дәнекер. Бұрын газет аптасына бес рет шыққан едi. Ендi үш рет шығаруға ұйғарым жасалды. Газет шықпайтын күндерi келесi нөмiрлердi сапалы әзiрлеуге мүмкiндiк туды. Бiр кезде үш жүз мың данамен тараған газетке 1996 жылы алты мың адам ғана жазылыпты. 1997 жылы он төрт мың оқырман жазылды. Алты жыл iшiнде «Жас Алаштың» таралымы жетпiс жетi мыңға жеттi. Сол тұста «қазақ газеттерi оқылмайды, бәсекеге қабiлетсiз» деген пiкiр бар-тын. Нұртөре Жүсiп «Жас Алашты» шығара отырып, халықтық газет жасады. Қазақтың өзiн де, сөзiн де сыйлатты. Оқырманды көбiрек тартуға ден қойылды. Хат дегенiң ағылып, қоңырау дегенiң үздiксiз шалынып жататын. Басылым бетiнде ойындар ұйымдастырылады. Жұмбақтар жасырылады. Бiр ғана «свежий» деген сөздiң қазақша нұсқасын табу үшiн мыңдаған адамның басы қатты. Есiмi елге танымал тұлғаның бала кезiндегi суретiн жариялап, «Мынау кiмнiң суретi?» деп бiр ай бойы жұрттың ойын сан-саққа жүгiрттi. Оқырман газет туралы не ойлайды? Оның пiкiрi қандай? Ненi көргiсi келедi? Оқырманды қалай үйiрiп әкетемiз? Шығармашылық жиындардың бәрi осындай сауалдардың жауабын iздеуге арналатын. Нұртөре жұмыс барысында осы басылымды өрге сүйреген аса талантты бас редактор Сейдахмет Бердiқұловтың тәсiлдерiн көбiрек пайдаланды. Өзi Шерағаңның шекпенiнен шыққан едi. Шерағаң үнемi жастарға сенiм артатын. Бұл да өңкей қабiлеттi студенттердi газетке шақырды. Тiптi олардың кейбiреуiн бөлiм редакторлығына тағайындады. Өзiне қандай сенiм артылса, бұл да сөйттi. Сейдағаң журналистердiң жұмыс iстеп жүрген бөлiмдерiн ара-тұра ауыстырып отыратын. Сөйтiп, кiмнiң қай салаға қыры бар екенiн байқайтын. Осы тәсiлдi Нұртөре де бiрнеше рет қолданды. Журналистер әдепкiде қиналды, сосын кәдiмгiдей игерiп кеттi. Оның есесiне ешкiм де лездемеде: «Өй, экономика тақырыбы кiмге керек, кiм оқиды оны?» – демейтiн болды. Өйткенi, бұл бөлiмде жұмыс iстеудiң оңай еместiгiне көздерi жеттi. Автор тартудың, экономикалық терминдердi қазақшалаудың қиындығын көрдi. Жалпы, нарық жүйесiнiң күрделiлiгiн сезiндi. Соның бәрi өз басына түскеннен кейiн бұл мәселеге басқаша қарайтын болды. Осының арқасында экономика тақырыбына жазатын қаншама журналист тәрбиеленiп шықты. Бұрын журналистер өз еркiмен саясат бөлiмiне бармайтын. Бiрқатар жiгiттерге бұл тақырыптың маңыздылығын түсiндiрдi, сол бөлiмге зорлағандай етiп жетелеп апарды. Бәрi де жазып кеттi. Шетiнен саяси шолу, портрет, болжам әзiрлеуге маманданды. Көп ұзамай елге кең таныла бастады. Бас редактор сарбаздарына былай дейтiн: «Жас Алаштың» алты бетi сенi асырайды. Бұл – бiр. Сосын сенiң атыңды шығарады, есiмiңдi елге танытады. Бұл – екi. Журналистикада есiмiң танымал болған соң ар жағы өзiңе байланысты». Нұртөренiң тұсында қалам сiлтесi өзгеше жас журналистердiң бiр шоғыры қалыптасты. Берiк Бейсенұлы, Срайыл Смайыл, Талғат Ешенұлы, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Қуат, Дидар Амантай, Абылай Сабдалин, Есей Жеңiсұлы, Жанарбек Әшiмжан, Қасым Аманжол... Шетiнен жер тарпып тұрды. Жазған және дайындаған дүниелерiнде кәсiби селкеулiк ұшыраса қоймады. Бас редактор: «Мен журналистиканы жынысқа бөлуге қарсымын. Журналистиканың жынысы жоқ, жұмысы бар», – деп, қыз-қырқын мен келiн-кепшiктiң де қарымды қаламгер болып елге танылуына көп үлес қосты.Бас редакторлық болмыс
Сылтау айтсаң, сенбейдi, Сәл қитықса, көнбейдi, Сырқыраса сай-сүйек, Сөз-дәрiмен емдейдi! (Журналистiк фольклордан) Нұртөренi оқуға түскен сәттен бастап бiледi екенмiн. Танысқанымыз да қызық. Әдетте, бiрiншi курста оқитын бозбалалар мен бойжеткендерге жоғарғы курстың студенттерiнен асқан ғұлама жоқ. Оқу орнының босағасына жаңа ғана табан iлiктiрген бiз де сондай күй кештiк. Алдыңғы курста оқитындардың бәрi де шетiнен оқу өтiп кеткендей көрiнедi. Бiз оқуға түскен жылы жатақханадағы өңкей бiрiншi курстың балалары тұратын бөлмеге үшiншi курстың бiр жiгiтi келiп қоныстанды. «Үшiншi курстың студентi келедi» дегенде әдепкiде тiксiнiп қалдық. Ойпырм-ай, бұжыр бет, шойдым бiреу шығар. Шетiмiзден араққа жұмсап ит қылмаса болар едi. Жоқ, ұзынтұра, ап-арық жiгiт екен. Қабырғасынан күн көрiнедi. Мынауың араққа жұмсап, әуреге түсiретiн адамға ұқсамайды. Өзi арақ түгiлi, сырадан да татып алмайды. Сабақтан келсе болды, терiс қарап кiтап оқиды да жатады. Сосын терезеге қарап, телмiрiп отырып, күнделiк жазады. Зерiксе, бесiншi қабаттың балконына шығып, өзiмiзбен iргелес сол жақ беттегi жатақта тұратын тарих факультетiнiң қыздарын келемеждейдi. Ол қыздар оны бiрiншi курстың баласы деп ойлайтын болуы керек, кешке дейiн бiздi қарғап-сiлеп жатады. Үшiншi курстың студентi кәдiмгi әтештiң дауысын да айнытпай салады. Тарихшы қыздар қапелiмде журфактың жатақханасына қораз қайдан кiрiп кеттi деп безек қағады. Сөйтсек, бөлмемiзге жаңа келген жiгiт төменгi курста оқып жүрген кезiнде студенттiк театрда өнер көрсеткен сабаз екен. Оны да кейiн бiлдiк. Бүгiнгi белгiлi журналист Нұртөре Жүсiптiң студент кездегi болмыс-бiтiмi осындай болатын. Нұртөре бiздiң бөлмеде тұрған соң, онымен бiрге оқитын жiгiттер жиi келедi. Жас шамасы өзiмiз құралпы болса да, шетiнен салмақты. Кiлең маңғаз. Әңгiмелерi студенттiң сөзiне келiңкiремейдi. Кесек турайды. Сабақтан кейiн үдере көшiп, редакцияларда жүредi. Баппен сөйлейдi, бипаздап түсiндiредi. Кiтаптарын оқуға сұрап алып кетiп, ұзақ уақыт бойы қайтармай жүргендерге жасаған ескертпелерi де қызық: «Әй, Бекен, балалық жасама, ана алған кiтабыңды әкелiп бер», – дейдi. Кiжiнгендерiне дейiн кiсiлiктiң лебi есiп тұрады. Бейне бiр Абайдың Кәкiтайға қайрылғанындай сондай бiр өнегелi һәм өрелi дауыспен тiл қатады. Бұл курстан елiмiздiң бір емес екі Ақпарат министрi шықты. Сайдың тасындай жiгiттер қазақтың белдi басылымдарына бас редактор болды. Бәрi де шетiнен шаруаны дөңгелентiп әкеттi. Солардың бiрi Нұртөре Жүсiп едi. Ол ел қадiрлеген халықтық редакторға айналды. Бiздiң буыннан шыққан жiгiттердiң iшiнен талассыз мойындалған баспасөз менеджерi ретiнде танылды. Оның тұсында газет үтiр-нүктесiне дейiн оқылды.