Коронавирусқа қарсы вакцинаның адам генетикасына әсер ететіні және бедеулікке жеткізетіні рас па?
Коронавирусқа қарсы вакцинаның адам генетикасына әсер ететіні және бедеулікке жеткізетіні рас па?
347
оқылды

Коронавирусқа қарсы вакцинаның адам ағзасының генетикалық құрылымын өзгертіп, бедеулікке жеткізетіні рас па? Aikyn.kz желіде таралып кеткен ақпараттарды биология ғылымдарының докторы Әсел Мұсабекова мен Medsupportkz дәрігерлерінің көмегімен тексерді. 

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ресейлік ғалым, профессор Павел Воробьевтің "Спутник V" вакцинасының тиімділігін сынаған видеосы тарап кетті.  Оның айтуынша, бұл вакцина ауруға қарсы тұра алмайды, ал "Спутник V" вакцинасы — генетикалық түрлендірілген вирус, ол жасушаға еніп, көбейе бастайды, ковидті бөлшектер бөледі, содан кейін антиденелер пайда болады. Сонымен бірге профессор вакцинаның бірқатар ауруды асқындырып, тіпті дененің генетикалық құрылымын өзгерте алады, деп мәлімдеген.  «Спутник V» вакцинасы векторлық технология көмегімен жасалған, SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын (тікенді ақуыз) адам жасушаларына жеткізу үшін аденовирустар тұқымдасынан шыққан басқа вирустың қабығы қолданылады. Әсел Мұсабекова «Спутник V» вакцинасының адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіндірді. "Жасушалар ақуыз шығарады, нәтижесінде иммун реакциясы пайда болады және организм вируспен күресуді үйренеді. Негізі, аденовирус векторы организмде көбеймейді, өйткені ол - репликатив ақауы бар вектор. Бұл – организмде көбеюге мүмкіндік беретін гені жойылған вирус. Ол реакторда тек осы ген экспрессияланған арнайы жасушаларда көбейе алады. Ал біздің организмде көбеюі мүмкін емес. Сонымен қатар, қалыпты ауру немесе вакцинация кезінде антиденелердің пайда болуы дәл геномды қайта құру арқылы жүреді және онда тұрған ештеңе жоқ. Айырмашылығы сол, вирус бөтен антиген жұқтырған кезде, онымен қандайда бір жолмен байланыса алатын антиденелер шығаратын жасушалар көбейе бастайды. Көптеген мутация пайда болады және антигенмен жақсырақ әрекеттесетін антиденелер жасайтын жасушалар іріктеледі. Иммун реакциясы кезінде организм жақсы антидене шығаруға үйретілгенге дейін геном үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан вакциналар көбіне бірнеше дозада егіледі: әуелі ағзада антидене пайда болады, кейін ол ағзада белсенді әрекет ете бастайды. Айта кету керек, вакцинаның вирусқа қарағанда беретін жүктемесі аз, ал векторлық және м-РНҚ-вакциналар жағдайында олар ең тиімді антиденелер шығаруға бейімделген. Вакцина егілгеннен кейінгі антиденелер тірі вируспен байланысқаннан кейінгі антиденеге қарағанда тиімдірек, деген тұжырымдар дәл осыған негізделген", - дейді ол. Джордж Вашингтон университетінің доценті Константин Чумаков ресейлік профессордың мәлімдемесін талдап, бірқатар қате тапқан. 
"Негізі, вирус адам жасушасында көбейе алмайды, өйткені ол вакцинада қолдану үшін арнайы өңделген. Бұл технология қазірдің өзінде өте жақсы зерттелген және ол басқа да вакцинада қолданылады. Оның денедегі инфекцияланған жасушалармен араласуына байланысты антиденелердің пайда болуы – толықтай табиғи процесс. Сонымен қатар, вакцинаны жасау үшін мРНҚ немесе ДНҚ платформалары қолданылмаған", - дейді ғалым. 
Биология ғылымдары докторының айтуынша, адам жасушасының ДНҚ-сына енетін вирустардың бар екені рас. Бірақ оның коронавирусқа қатысы жоқ.
"Адам жасушасының ДНҚ-сына енетін вирустар: папиллома немесе герпес вирустары. Бұл – олардың қалыпты өмір циклі. Бірақ коронавирус та, аденовирустар та жасуша ДНҚ-сына енбейді, өйткені ДНҚ жасуша ядросында орналасқан, ал аденовирус цитоплазмада көбейеді. Корнелл университетінің ғылыми қызметкері Марк Линас ДНҚ вакцинасы ағзаны генетикалық тұрғыда өзгерте алады деген пікірді жоққа шығарды. Вакциналар иммун жүйесін организмге жұқтыруға тырысқанда қоздырғышты тануға үйретеді. Бұл антиденелер шығару арқылы иммун реакцияны ынталандыратын вирустық антигендерді немесе әлсіреген тірі вирустарды енгізу арқылы жүзеге асады. Генетикалық түрлендіру адам жасушасының ядросына бөтен ДНҚ-ны әдейі енгізу арқылы жасалады, ал вакцинаның мұндай механизмі жоқ. Сонымен бірге ДНҚ вакциналары туралы айтатын болсақ, бөтен ДНҚ жасуша ядросына енбейді, сондықтан бұл генетикалық түрлену емес. Жасушалар бөлінсе, олар тек адамның табиғи жасуша құрылымын қамтиды", - деді ғалым. 
Сонымен бірге мессенджерлерде коронавирусқа қарсы вакцинаның бедеулікке жеткізетіні туралы ақпарат тарап жүр. Бұл мәліметті Medsupportkz мамандары жоққа шығарды. 
"Бұл - ескі аңыз. COVID-19-ға қарсы вакцинаның бедеулікке еш әсері жоқ. Вакцина репродуктивті ағзаға ешқандай жолмен ене алмайды. Вакциналар жергілікті деңгейде белгілі бір иммундық жасушаларға ғана әсер етеді және антиденелер өндірісін қалыптастырады", - деп жазды Medsupportkz.