Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында электр желісінен құлаған 23 жастағы азамат аман, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, 28 сәуір сағат 16:28-де жедел жәрдем қызметіне хабар түсіп, бригада оқиға орнына 4 минут ішінде жеткен.
«Зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ол кезде азамат ес-түссіз жатты. Одан кейін Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді», - делінген ведомство ақпаратында.
Зардап шеккен азамат 1998 жылғы Жаңаөзен қаласының тұрғыны. Ол телекоммуникация компанияларының бірінде байланыс қызметшісі болып істейді. Оған сол жақ іш сүйегінің жабық сынуы, бастағы жабық жарақат және мидың шайқалуы сияқты диагноз қойылды. Бірақ бұған дейін хабарланғандай, оны электр тоғы ұрмаған.
«Түнде хирургтар жедел түрде оған ота жасады, қазір зардап шеккен азамат облыстық хирургия орталығында жатыр. Ол есін жиды және өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген хабарламада.
Алайда 28 сәуірде куәгерлердің бірі электр тоғы ұрған азаматтың ес-түссіз жатқанын, жедел жәрдем қызметі оқиға орнына келмегенін, өзі жаяу жүгіріп барғанын айтады.
«Әлі жүрсіздер ме? 10 минут болды ғой шақырғаныма! Ана жақта адамды тоқ ұрды, өлейін деп жатыр. Жұмыстарың осы ма сендердің? Жүгіріп келдім», - дейді куәгер ентігіп.
Куәгер одан кейін жедел жәрдем көлігіне «отыруға бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Жедел жәрдем қызметкері көлікке мінуге болмайтынын айтқан соң оқиға орнына қайта жүгіріп кетеді. Сондай-ақ зардап шеккен азамат жатқан жерге жедел жәрдем көлігінен бұрын жетеді.
Облыстық шұғыл және жедел медициналық көмек қызметкерлері өздерін айыптаған видеоролик авторына қатысты қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.
«Аға дәрігерге қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі. Егер қызметкерлеріне дұрыс бақылау жүргізбеген болып шықса, оған тәртіптік жаза қолданылады. Жедел жәрдем қызметкерлері фельдшерлерге оғаш мінез-құлық көрсеткен адамның атына шағым түсіреді», - делінген хабарламада.