Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де заңмен тыйым салынатын күн жақын. Тиісті заң жобасы енді Сенат депутаттарының да қолдауына ие болды. Олар өз отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, құптады. Бірақ сенаторлар оны Мәжіліске кері қайтаруға шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы өзінің заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Парламенттің қарауына енгізген. Парламенттің қос палатасы да бұл құжат бойынша ауқымды жұмыс атқарып, оны жан-жақты пысықтады. Заң жобасын талқылауға сарапшылар, ғалымдар белсенді қатысты. Сенат аталған заң жобасын қарап, құжаттың негізгі тұжырымын мақұлдады. Алайда талқылау барысында оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты сенаторлар өз түзетулеріне Мәжілістегі әріптестерінің келісімін алу үшін заң жобасын төменгі палатаға қайтару туралы шешім қабылдады. «Жер – халқымыздың ең басты қазынасы, қастерлі тәуелсіздігіміздің белгісі. Сондықтан жер мәселесі қашанда стратегиялық маңызға ие. Осы заң жобасына сәйкес, бұдан былай шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, қандастарға ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелері сатылмайды әрі жалға берілмейді. Жобада Қазақстанның заңды тұлғасының мүшесі немесе акционері болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі қарастырылған. Жалпы, бұл заң жобасы, ең алдымен, халқымыздың және мемлекетіміздің мүдделерін қорғайды», – деді Сенат төрағасының орынбасары Н. Әбдіров. Осы заң қабылданғаннан кейін елімізде жер мәселелерін заңнамалық реттеуді жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Бүгінде Үкімет жерді пайдалануға қатысты заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Нәтижесінде, алдағы уақытта тиісті заң жобасы Парламентке келіп түседі. Сондай-ақ бүгін сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанда банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бұл құжат микроқаржылық және коллекторлық қызметті іске асырудың құқықтық базасын жетілдіруді көздейді. Енді осы заңға сай коллекторларға басқа адамдардың телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады және олар борышкерлермен арадағы кез келген іс-әрекет кезінде видео және аудиофиксация жүргізуге міндетті болады.Е. СЕНБАЙ