Жаңа заң жобасы елде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін құқықтық негіз жасайды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары әлеуметке бағдарланған кәсіпкерлікті дамытатын заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі заң деңгейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды.
Құжатқа сәйкес, субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайтын болады. Депутаттар оның құрамына кімдер кіретініне және оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қалай жоспарланып отырғанына мән берді. «Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сондықтан бұл комиссияға қоғам өкілдерінің кіргені дұрыс» деген Нұрлан Зайроллаұлы, сонда ғана бақылау ашық болатынын және бұл өте қажетті норма екенін жеткізді. Оның айтуынша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анықтап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды. Н. Нығматулиннің пікірінше, осының бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мәжіліс Төрағасы тізілімге енгізу үшін өңірлік комиссия әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінімдерін жинайтынын айтты. Бұл мәртебені алған кәсіпорындар салықтық жеңілдікке ие болады: осы тізілімде тұрған кәсіпкерлерге қосымша салықтың екі түрі бойынша жеңілдік болады, яғни мүлік салығы төмендетіледі, салық салынатын кірісі азайтылады. Отырыс барысында депутаттар Салық кодексіне толықтырулар енгізетін заң жобасын да І оқылымда мақұлдады. Бұл құжат әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шараларын заңнамалық тұрғыдан бекіту мақсатында әзірленді және салық салынатын кірісті азайтуды және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін салық базасына 0,5% мөлшерлемесі бойынша мүлік салығын есептеуді көздейді. Жиында Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады. Оның қатарында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қатысты келісім және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.Елдос СЕНБАЙ