2016 жылы Қазақстанда барлық лотерея ұйымының қызметіне тыйым салынып, бірыңғай оператор бекітілді. 70-ке жуық үміткердің ішінен суырылып шыққаны «Сәтті жұлдыз» компаниясы болды. Ел бойынша ұтыс ойындарын өткізуге ресми рұқсаты бар жалғыз монополиске қатысты көптің көңілінде сауал толып жатыр. Неліктен ұлттық оператор атауына ие ұйым мемлекеттік емес, жекеменшікке тиесілі? Басшысы кім? Лотерея өткізуде тәжірибесі жоқ «Сәтті жұлдыз» қалайша басқаларды басып озды? Спорт пен туризм дамуына түскен табысының 15 пайызын аударуға міндеттелген компания жайлы не білеміз?
Осылайша, мемлекет монополия орнатудан өзге амал жоқ деп шешкен еді. Жеке құрылымның қолына берілетіні туралы белгілі болған соң нарықтағы сол кездегі ең ірі ойыншылар бәйгеге атын қосты. Бірақ алпауыттар артта қалып, нәтижесінде сол жылы 3 сәуір күні ашылған «Сәтті жұлдыз» АҚ-ның айы оңынан туып, өзгелерден оза шапты. Яғни, бірыңғай оператор ретінде таңдалып, сол қызметті 15 жыл жүргізуге құқық алды. Заңның күшіне енгені 9 сәуір болса, одан бірнеше күн бұрын ғана ашылған компанияның таңдалуы да таңғажайып іспеттес. Қош, сонымен 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап лотерея өткізетін барлық ұйым жабылып, лицензиялары тартып алынды. Жаңадан бекітілген бірыңғай операторға қатысты жауапсыз сауал да аз қойылған жоқ. Мәселен, әу баста оператор таңдауға байланысты өткізілген байқаудың қатысушыларына қойылған талапқа қатысты. Яғни, байқау шарттарының ішінде «лотерея ұйымдастырушысының жолданатын және сақталатын ақпаратты қамтамасыз етуге арналған криптографиялық қорғаныс лицензиясы болуы керек» деген тармақ болған. Ал енді 2014 жылғы 16 мамырда күшіне енген «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңда ақпаратты криптографиялық қорғау және сақтау үшін лицензия керек деп көрсетілмеген. Жалпақ тілмен айтқанда, мұндай лицензия жоқ. Соған қарамастан, «Сәтті жұлдыздың» жолы болған. Әрі аталған оператор ол кезде ешқандай халықаралық қауымдастық мүшелігінде болмаған. 2018 жылдың күзінде ғана «Сәтті жұлдыз» Еуропалық қауымдастықтың тұрақты мүшесі статусын алды. Сондай-ақ шарттарында жазылғандай бақылау-касса машиналары да болмаған. Тіпті, ондай сипаттамасы бар бақылау-касса машиналары реестрде тіркелмеген екен.Басшылық жайлы не білеміз?
Айтып-айтпай не керек, оператор таңдалды. Заңды түрде бақылаудың ортақ бір тұсы болғаны да жөн. Әйтпесе, ұтқан ақшасын ала алмай жүргендер көп болатын. Енді «Сәтті жұлдыздың» кімге тиесілі екеніне келсек. 2019 жылғы дерекке сәйкес, компанияның толық акциясына иелік ететін — Сергей Швалов. Одан бір жыл бұрын 1 пайыз акциясы ұлыбританиялық Fastrak Retail UK Limited компаниясының еншісінде болыпты. Акционерлік қоғам ретінде тіркелген «Сәтті жұлдыздың» еншілес компаниялары жоқ. Өзге кәсіпорындарға инвестиция салмайды. Негізі, Алматы қаласында тіркелген. 2018 жылдың желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласынан филиалы ашылған. Швалов деген кім? Сонау тоқсаныншы жылдары бизнесін бастап, бүгінде алпауыт компьютерлік құрылғылар шығаратын «Логикомның» президенті. 2013 жылы сәуірде Қазақстандық қор биржасында (KASE) «Логикомның» 100 пайыз акциясы 44 млн долларға сатылып кеткен. Дегенмен «Сәтті жұлдызды» қазір Александр Тен басқарады. Ал енді Александр Теннің қандай компанияларда акциясы бар десеңіз, айтайық: CS DEVELOPMENT LLP ЖШС, CASPIAN GROUP АҚ және қазір «Ұлутас» АҚ. Соңғысы Жария мүдделі ұйымдар статусынан айырылған, яғни бүгінде жұмысы тоқтаған.Кім қанша салық төлейді?
«Сәтті жұлдызға» оралайық. Компания коммерциялық қызметін 2017 жылы «Алтын» және «Бақытты 7» мезеттік лотереяларын шығарудан бастаған. Кейіннен «3 Алмаза», «Жомарт», «777» мезеттік ойындарын, Keno, «777 Тиражная игра», «Лото 6/49», «ТелеБинго» тираждық ойындарын іске қосты. Одан бөлек, «Лотоклаб» тираждық клубтық лотереясы шықты. Компания заманауи жасалған қадам деп Lotomatic терминалдарын іске қосқанын мақтана айтады. Бүгінде қазақстандық дүкендерден жиі көретін терминалдардың ел бойынша саны шамамен 3,5 мыңнан астам деседі. Lotomatic ЖШС-нің ашылғанына да көп бола қойған жоқ. 2019 жылдың 15 қаңтарында тұсауы кесілген. Нарыққа қосылғанына 2 жыл 3 айдай уақыт болса да, 2019 жылы — 79 022 674 теңге, 2020 жылы 697 514 937 теңге салық төлеген. Ал биылғы 18 сәуірдегі жағдай бойынша төленген салық көлемі 151 074000 теңге екенін анықтадық. Әрі салық пен кедендік төлемдер бойынша да қарызы жоқ екен. Lotomatic-тің екі иесі бар: QazLottery және ZZZService. Алғашқысы нарықта 2004 жылдан бері белгілі. Ұйым коммерциялық қызмет мәселелері мен басқару бойынша кеңес берумен айналысады. Ашылған жылы 323 484 теңге салық төлеген компания 2016 жылы 87 829 914 теңге қаражатты салық ретінде бюджетке құйған. Есіңізде болса, бұл уақыт әлі лотереялар еркін самғаған кез. Бұдан кейінгі жылдары табысы азайған. Өйткені 2019 жылы 71 832 теңге салық төлегені туралы ақпарат бар. Ал 2020 жылы — 131 715 теңге. Ал ZZZService-тің нарыққа келгеніне 2 жыл 1 айдай ғана уақыт болған. Ұйымның төлеген салығының көлемі жайлы ақпарат жоқ. Бар болғаны Жасұлан Есмұрзиннің басқаратыны, бас қалада тіркелгені және «аталған топтарға қосылмаған өзге де жеке қызметтер көрсететіні» белгілі. Мемлекеттік тапсырыс алумен айналыспайды, бес қызметкері бар. «Лотоматиктерден» бөлек «Сәтті жұлдыздың» аясында лотоклубтар жұмыс істейді. Бұл жерлерде билет сатып алып, тираждық ойындар ойнауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бәс тіркеп, ұтысқа ие болуға болады. Бұл компанияның он шақты қызметкері бар. Демалыс және ойын-сауық ұйымдастырумен айналысады. Нарықта 2 жыл 5 айдан бері бар. 2020 жылы — 61 244 832 теңге, осы жылдың 23 наурызындағы жағдай бойынша 16 039 249 теңге салық төлеген. Жалпы алғанда, ұйымдардың төлеген салығына қарап, лотереяда бақ сынаушылардың қарасы көп екенін байқау қиын емес. Осы ретте «Сәтті жұлдыздың» салығы да қызықтырары сөзсіз. Олай болса, 5 жылдан бергі салық мөлшерін назарыңызға ұсынайық. 2016 жылы — 1 695 754 теңге, 2017 жылы — 151 672 257 теңге, 2018 жылы — 299 957 878 теңге, 2019 жылы 532 120 967 теңге көлемінде салық төлеген. Ал былтыр пандемия жылында тіпті шарықтау шегі байқалған. 2020 жылғы салық — 1 622 755 899 теңге. Биыл әзірге 202 732 457 теңге төлепті. Компанияның негізгі табысы «Лотоматик», «Лотоклаб», мезеттік және тираждық лотерея ойындарының билеттерін сату арқылы келеді делінген. Қолда бары — компанияның 2019 жылдың қорытындысы бойынша жасалған аудиторлық есебі. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылдың нәтижесінде «Сәтті жұлдыздың» таза шығыны — 2 987 572 мың теңге. Компанияның міндеттемелері қазіргі активінен 4 300 974 мың теңгеге асып түскен. Өйткені инвестициялық қызмет мақсатында алынған қарыздары бар. Десе де, есеп әзірлеу барысында басшылық компанияның әрмен қарай үздіксіз жұмыс атқара беретінін сеніммен айтқан. 2019-2023 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға сәйкес, 2021 жылы түсімді 39,2 млрд теңгеге жеткізу бар екен.Спорт пен туризмге пайдасы тиіп жатыр ма?
Жалпы алғанда, жүлденің 10 пайызы мемлекет пайдасына ұсталады. Сонымен қатар әу баста айтқан әлеуметтік қамқорлық мақсатында төленетін міндеттеме бар. Заң түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемі 10 пайызын жіберуге міндеттегенімен, «Сәтті Жұлдыз» ерікті түрде 15 пайыздық міндеттемені мойнына алған. Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде жалпы алғанда дене шынықтыру мен спортты дамытуға лотерея операторы 1 738 364 000 теңге аударған. Оның ішінде 2017 жылы – 12 342 000 теңге, 2018 жылы – 104 849 000 теңге, 2019 жылы – 510 385 000 теңге, 2020 жылы — 1 110 788 000 теңге. «2017 жылғы қазаннан бастап 2018 жылғы маусымға дейін төлемдерді «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» Корпоративтік қорына, 2018 жылғы шілдеден бастап 2020 жылғы қазанға дейін Ұлттық олимпиада комитетіне, 2020 жылғы қарашадан бастап қайтадан «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» Корпоративтік қорына аударды. Лотерея операторынан алынған төлемдер жарғылық қызмет пен олимпиадалық спорт түрлері, оның ішінде жүзу, жеңіл атлетика, су добы, қазіргі бессайыс, бокс, күрес түрлері, байдарка мен каноэде есу, семсерлесу, садақ ату бойынша ұлттық құрама командаларын әкімшілендіру қызметтеріне жұмсалады», – делінген сала министрлігінің ақпаратында. Лотереяға қатысты екіұдай пікір үнемі жүреді. Бірі елдегі байлардың саны бірге болсын артқанда тұрған ештеңе жоқ десе, енді бірі ұту ықтималы өте төмен, тіпті мүмкін емес құмар ойыны деп есептейді. Дамыған елдердегідей лотереядан түскен табыстың толағай нәтижеге қол жеткізіп жатқанын да көріп отырған жоқпыз. Әлбетте, спорттың кей түрлерінде жыртық жамағаны да жаман емес. Десе де, қыруар қаражат түсіріп жатқан саланың жекеменшікке тиесілі болуы да, одан мемлекеттің бар болғаны 15 пайыз пайда көріп отырғаны түсініксіз. Неліктен мұндай қызметті мемлекет өзі-ақ атқаруға қауқарсыз?Жадыра АҚҚАЙЫР