Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым.
Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ.
Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән.
Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын.
Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін.
Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын.