Коронавирус пандемиясы әлем экономикасымен қатар, ішкі еңбек нарығына да ауыр соққы болып тиді. Еліміздегі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, биылғы сәуір айында жұмыс таппағандардың саны миллионнан асып кеткен. Бір қызығы, бұл індет пайда болғанға дейін «тасы өрге домалап тұрған» мамандықтар бірден құлдырап, керісінше елеусіз мамандардың қадірі артып шыға келді.
Қажетсіз мамандықтар
«Атажұрт» қоғамдық қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, мамандық таңдаудан Қазақстандағы мектеп түлектерінің 70 пайызы қателеседі екен. Ал елде тіркелген жұмыссыздардың 74 пайызы кезінде мамандықты ата-анасының немесе басқа да таныстарының нұсқауымен таңдай салғанын айтқан. Соның салдарынан университет түлектерінің жартысынан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Мысалы, қазір алған білімі мен істеп жүрген жұмысы екі бөлектердің көшін заңгерлер мен экономистер бастап тұр. «Мамандығым – заңгер. Группаластарымның ішінде 2 бала ғана өз мамандығымен жұмыс істейді. Пандемия кезінде мораторий жарияланғаннан кейін қиын болды. Мамандық бойынша жұмыс істемей жүргендер көп. Өзімнің таныстарым құрылысшы, даяшы болып істейді», – дейді жарық қоюшы Айдос Қыздарбек. Осылайша, мамандығынан өзге салада жан бағып жүргендердің 8 мыңнан астамы мемлекеттік грантпен оқығандар екен. Бюджет шығынын тек 500-ге жуық түлек қайтарған. Ал аграрлық сала түлектерінің небәрі 5-10 пайызы ғана жұмыс тапқан. Алайда басты мәселе білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың нашарлығында болуы тиіс. Бұл ретте Elite кадрлық холдингінің бас директоры Олег Парахиннің айтуынша, қазір мұнай-газ саласындағылардың өзіне сұраныс жоқ. «Өйткені мұнай бағасының төмендеуіне байланысты ондағы қызметкерлер жұмыстан қол үзіп қалған. Мамандық бойынша ең жоғары жалақы алатындар бұрынғыдай мұнай-газ емес, білім беру саласында көп», – дейді ол. Бірақ мемлекет білім беру ісін қолдауды арттырғанмен, бүгінде ол салаға да 11 350 маман қажет болып тұр. «Қажетті мамандықтар атласы жасалды. Бүгінде елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де өзгерістер болып жатыр. Себебі еңбек нарығы – өте құбылмалы. Жаһандану бар. Болашақта қандай мамандықтар жойылады, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайды, қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, осының бәріне сараптама жүргізілді», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов. Оның айтуынша, қазір цифрлық технология бойынша жаңа мамандықтар шығып жатыр. Ал есепшілер, еңбекақы санайтындар жойылып бара жатқан мамандыққа жатады. Өйткені жұмыс орындары қысқарып, бәрі автоматтандырылмақ. Сонымен қатар Қазақстанда білім саласын жаулаған ірі платформа – Daryn. Online жобасы авторларының бірі Асқар Мақсат болашақта мұғалім мамандығының да жойылуы мүмкін екенін ескертті. Себебі қазір оффлайнмен бірге онлайн білім беру қатар дамып жатқан дәуір. Оған мына жаңа жобаға 3 миллион оқушы мен 300 мың мұғалімнің тіркелгені дәлел. «Оффлайн білім беру ақырындап ығысады. Онлайн білім берудің түрлі амалдары пайда болады. Ұрпақ бірте-бірте жаңа білім беру жүйесіне бейімделеді. Бір мықты мұғалім бүкіл елге сабақ беретіндей технологиялар жасалуы мүмкін», – дейді Асқар Мақсат. Сонымен, елде сұранысы жоқ мамандық иелері жаппай шетел аса бастады. Мысалы, пандемия басталғалы мемлекеттер арасындағы шекара шектеулері бола тұра, 15 мың 600 маман көшіп кеткен. Бұл – Қазақстанға келген мамандар санынан 3,5 есе көп. Жалпы 2020 жылы елден кеткендердің 4 471-і техникалық мамандық иелері, одан кейінгі 2 332-сі – экономист және 1 454-і педагог болып отыр. Ал қалған 541-і – заңгер, 230-ы – ауыл шаруашылығы маманы. Негізгі себептері өмір сүру сапасының төмендеуі, болашаққа деген сенімсіздік көрінеді. Сондай-ақ қазір құрылымы өзгеріп жатқан еңбек нарығында 239 жаңа мамандық пайда болған. Онлайн режимде жұмыс істейтін қызметкерлердің айы оңынан туып тұр. Өйткені «заманауи мамандықтарды оқытатын қысқа курстар көбейгендіктен, дене еңбегін қажет ететін жұмыс түрлері біртіндеп нарықтан шыға бастайды» дейді мамандар. Әсіресе кинезотерапия, эрготерапия, ядролық медицина, гериатрия сынды мамандықтар медициналық кадрларды даярлауға түзетулер енгізді. Оған дейін елімізде коронавирус індеті тараған тұста 4 мың дәрігер, 800 эпидемиолог жетіспейтіні белгілі болған еді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі қысқа уақытта медициналық оқу орындарындағы 300 студентті эпидемиолог мамандығына қайта оқытып, 9 мың дәрігердің біліктілігін арттыратынын мәлімдеді. Бірақ медицина ғылымдарының докторы Сәкен Әміреев басқа мамандықта оқыған медицина қызметкерінен тез арада эпидемиолог шығару мүмкін емес деп санайды. «Жай сөзбен маман даярланбайды. Маман даярлап шығару үшін ұстаздар, профессорлар болуы керек. Дұрысы, елдегі 6 медицина университетінде эпидемиология факультетін қайта ашып, бұл мамандықты оқыту үшін жан-жаққа тарап кеткен мамандардың басын қосып, жинау қажет», - дейді профессор.Сауатсыз кадр сапасыз ЖОО-дан шығады
Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің 91 пайызы қазіргі оқу орнын бітірген жас кадрлардың талапқа сай келмейтінін алға тартуда. Сондықтан БҒМ студенттерге көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ министрлік 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша лицензияларға 60 қосымшасын қайтарып алды. Осы орайда айта кетер бір жайт, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, егер эпидемиологиялық жағдай осы күйінде сақталатын болса, Қазақстандағы жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде қалады. Ал шектеу шаралары күшейтілсе, біліктілігі төмен тағы 162,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Демек, Қазақстанда әлгіндей сапасыз орта және жоғары оқу орындары сауатсыз кадрлардың қатарын көбейтіп жіберген. Түйін.Шын мәнінде, осылардың бәрі былтырдан бастап пайда болған проблема емес. Өнеркәсіптің өспей қалуы, еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасындағы байланыстың нашарлығы, мектеп түлектерін кәсіби бағдарлау жүйесінің болмауы жылдар бойы қордаланып келіп, енді соның салдары пандемия кезінде қатты байқалып отырса керек.
Еркеғали БЕЙСЕН