Ташкент төрінен жеті жүлде бұйырды
Ташкент төрінен жеті жүлде бұйырды
120
оқылды

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты  мәре­сіне  жетті. Сары құрлықтағы бас­ты додада Қазақстан құ­ра­­­масының атынан 17 зіл­те­­мірші сынға түсті.

Атап айтқанда, ерлерден 55 ке­ліде Абылай Әуелханов пен Арли Чонтей, 61 келіде Игорь Сон мен Алексей Дроздов, 67 келіде Сай­рамкез Ақмолда, 81 келіде Алек­сандр Уваров, 89 келіде Нұр­ғиса Әділетұлы, 102 келіде Артем Антропов пен Рахат Бекболат және 109 келіде Ибрагим Берсанов бақ­тарын сынады. Ал әйелдер ара­сында 55 келіде Зүлфия Чин­шанло, 64 келіде Гүлнұр Ыбырай, 71 келіде Екатерина Быкова мен Айша Омарова, 81 келіде Карина Құзғанбаева, 87 келіде Раушан Ме­шітханова және +87 келіде Ай­зада Мүптілда өнер көрсетті. Биыл Азия чемпионаты Токио Олимпиадасына жолдама беретін рей­тингтік турнир болған соң ұлт­тық құрама жаттықтырушысы Ба­қыт Ахметов ересектер ара­сын­да жолдамадан үмітті Арли Чон­тей, Игорь Сон және қыздардан Зүл­фия Чиншанло сияқты сақа спорт­шыларды апарды. Қалған сал­мақтарда Париж Олим­пиа­да­сы­на баруы мүмкін деген жас спорт­шылар жарыс жолына шық­ты. Дегенмен сары құрлықтың бас­ты додасында жас спорт­шы­лардан құралған Қазақстан ұлт­тық құрамасы жақсы нәтиже көр­сетті. Ерлер құрамасы ұпай кө­р­­сеткіші бойынша жалпыко­ман­далық есепте жарыс қо­жайын­дары Өзбекстан мен азулы деген Қытай спортшыларының өзін артқа тастады. Қазақстандық ауыр атлеттерге Ташкент төрінен 7 жүлде бұйырды. Турнир қоры­тын­дысы бойынша, Қазақстан ер­лер командасы бірінші, Қа­зақ­стан әйелдер командасы төртінші орын иеленді. Қазақстан коман­да­сы – 1 алтын, 3 күміс және 3 қо­ла ме­даль жеңіп алды. Арли Чон­тей Азия чемпионы атанса, Абы­лай Әуелханов, Карина Құз­ған­баева және Нұрғиса Әділетұлы кү­міс жүл­дені қанағат тұтты. Ал Ека­тери­на Быкова, Айзада Мүп­тіл­да жә­не Артем Антропов қолаға қол созды. Жарыс аяқталған соң Қа­зақ­стан құрамасының бас бапкері Ба­қыт Ахметов турнирді қоры­тын­дылап, зілтеміршілердің өне­ріне бағасын берді. – Спортшылар Азия чем­пио­на­тында алға қойған мақсатын то­лықтай орындады. Ерлер ко­ман­дасы жалпыкомандалық есеп­те көш бастаса, әйелдер ко­ман­дасы төртінші орын алды. Бір жыл­дық үзілістен соң команда мү­шелерінің жарысты әбден са­ғынғаны бай­қалды. Әр спортшы соңына дейін тайталасып бақты. Жа­рыста тәжірибелі спортшылар мық­ты екендерін тағы бір рет дә­лел­деді. Кейбір жастарымыз үшін бұл мансабындағы алғашқы ха­лық­аралық турнирі екенін де ұмыт­паған жөн. Әрине, алда қа­теліктермен жұмыс істейміз, – де­ді бас бапкер. Ендігі кезекте жарысқа қа­тыс­қан қазақстандық зілтемір­ші­лер­дің нәтижелеріне аз-кем тоқтала ке­тейік. Қазақстан құрамасынан Азия чемпионатын 55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Арли Чон­тей бастап берді. Жерлесіміз қос­сайыс қорытындысы бойынша 255 (115+140) келі зілтемірді еңсеріп, Азия чемпионы атанса да, бұл турнирде өзінің үздік нә­ти­ж­есін көрсете алмады. Алда Қа­­зақстан ерлер құрамасынан Олим­­пиада ойындарына кім бара­тынын бапкерлер құрамы анық­тайды. Егер бар мәселені дәл осы Азия чемпионаты шешетін болса, онда жүлде бойынша Токио­ға Арли Чонтей лайық. Ал нә­тиже бойынша Игорь Сонның көр­сеткіші үздік болып тұр. зіл темірші Қыздар құрамасында Токиоға баруға үміткерлерден Зүлфия Чиншанлоға (55 келі) тең келері болмай тұр. Дегенмен биыл Азия чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойын­да­рының күміс жүлдегері жан­күйер­лер үмітін ақтай алмай, жүл­десіз қалды. Чиншанло жұлқа кө­теру бағдарламасында 92 келі зіл­темірді еңсеріп, кіші қола ме­даль иеленді. Серпе көтерудегі бірі­нші мүмкіндігінде 118 келіні ба­ғындырғанымен, қалған екі мүм­кіндігінде 122 келіні еңсере ал­мады. Сөйтіп, 210 келі нәти­жемен құрлық бәсекесін бесінші орынмен ақтады. Ташкенттегі турнирде ерлер құра­масынан 10 спортшы бақ сы­наса, соның 8-і жастар құра­ма­сы­нан биыл ғана ересектер қатарына қосылған жастар болды. Олардың көпшілігі үлкендер арасындағы алғашқы ірі додаға қатысып тұрса да, жоғары нәтиже көрсетті. Мә­се­лен, 55 келіде Арли Чонтейден 11 келі кем көтерген Абылай Әуел­ханов 244 келі (108+136) нә­ти­жемен Азия чемпионатының кү­міс жүлдесін жеңіп алды. Әр жа­рыста жоғары нәтиже көрсетуге ты­рысатын жерлесіміз бұл жолы да бас жүлдеден үмітті еді. Жұлқа кө­теруде 108, серпе көтеруде 136 ке­ліні көтерген отандасымыз 244 ке­лімен екінші орынға табан тіре­ді. Осылайша, Абылай ересектер ара­сындағы алғашқы Азия чем­пио­натында күміс жүлдеге қол жет­кізді. Бұл жас спортшы үшін керемет нәтиже. 89 келі салмақ дәрежесінде ел на­­мысын қорғаған 20 жастағы Нұр­ғиса Әділетұлы Азия чем­пио­на­ты­ның күміс жүлдегері атанды. Ол сер­пе және жұлқа көтеруде 372 (169+203) келіні еңсерді. Серпе кө­теру бағдарламасында Нұрғиса кі­­ші алтын жүлдені иеленсе, жұл­қа кө­теруде 203 келімен қолаға қол жет­кізді. 102 келіге дейінгі салмақ дәре­же­сінде өнер көрсеткен Артем Антропов қоссайыс нәтижесі бойын­ша 390 (168+222) келіні ба­ғындырып, қола жүлдеге ие бол­ды. Ал жастар арасындағы Азия чемпионатында 16 жасында топ жарып, жұлқа көтеру жатты­ғуын­да әлем рекордын орнатқан Рахат Бекболат жарысты бесінші орын­мен түйіндеді. Ол құрлық бә­секесінде 386 (173+213) келі ең­серді. Сонымен қатар 55 келі сал­мақта бақ сынаған Алексей Дроз­дов (278 келі) пен 73 келідегі Сай­рамкез Ақмолда (334 келі) Азия чемпионатын алтыншы, 81 ке­лі салмақта ел намысын қорға­ған Александр Уваров (320 келі) – төр­тінші және 109 келі салмақтағы Ибра­гим Берсанов (370 келі) то­ғы­зыншы орынмен түйіндеді. Қазақстан әйелдер құрама­сы­ның зілтеміршілері де жаман нә­тиже көрсеткен жоқ. Кіл ел чем­пион­дарынан құралған қыздар құрамасы 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 81 келі салмақта Карина Құзғанбаева 232 ұпаймен күміс жүлдегер атан­са, Екатерина Быкова (71 келі) мен Айзада Мүптілдә (+87 келі) қо­лаға қол жеткізді. 269 келі көрсеткішпен өз сал­ма­ғында үшінші сатыға көтерілген Айзада жарыстан алған әсерімен бөлісті. – Менің салмағымда жарыс жо­лына шыққан қытайлық, оң­түс­тіккореялық қарсыластарым өте мықты болды. Азия чем­пио­на­тына жақсы дайындалып кел­ген. Үшінші орын үшін айқастың өзі тартысты болды. Техника жа­ғы­нан аздаған қателік жібердім. Бұйыртса, оны жөндейміз деген ниет бар, – деді спортшы. Қош, сонымен Ташкент төрі­нен 7 жүлде жеңіп алған жерлес­те­­рі­міз жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді. Бұл көр­сет­кішке бапкерлік штабт та, зіл­те­мір­шілер де дән риза. Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов жолдама мәселесі толық ше­шілмегенін айтты. Оның сөзін­ше, іріктеу турнирі әлі жалғасады. Алда Африка чемпионаты мен жа­сөспірімдер арасындағы әлем бірін­шілігі өтеді. Ұпайлар сол кез­де толығымен есептеледі. Соның қо­рытындысы бойынша Токиоға ба­ратын зілтеміршілеріміз анық­талады.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ