Алматы қаласы мәслихатының 2021 жылы 30 сәуірде өткен IV сессиясында депутаттар Жеңістің 76 жылдығы құрметіне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір реттік әлеуметтік көмек төлеу туралы ұсынысты қолдап, дауыс берді. Бұл ұсынысты қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева ұсынған.
«Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Жеңіс күніне орай біржолғы төлем мөлшерін 500 мыңнан бір миллион теңгеге дейін арттыруды ұсынамыз. Сонымен қатар тыл ардагерлеріне, сондай-ақ бейбіт уақытта қаза тапқан ҰОС ардагерлері жұбайына 50 мың теңге көлемінде көмек көрсетуді ұсынамыз», – деген еді Назира Тоғызбаева. Осылайша, ардагерлерге 1 миллион теңгеден және еңбек майданына қатысушыларға әрі бейбіт уақытта қаза тапқан ардагерлер жұбайына 50 мың теңгеден біржолғы төлем беріледі. 4 мыңға жуық адамның әрқайсысы 100 мың теңгеден, ал 12 мыңнан астам адамның әрқайсысы 50 мың теңге алатын болады.Ж.НҰРЛАН